Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бұл қазіргі Алға ауданы Қарағаш ауылдық округінің Самбай ауылы. Ахмет Байтұрсыновтың Қарағашқа келуіне Ахметкерей Қосуақов себепші болған. Дұрысы, екеуі Орынбордан осы жаққа бірге келген. Орынбор генерал-губернаторының қызметінде болған Ахметкерей Қосуақов (1857-1924 жылдары) 1895 жылы туған жеріне оралып, болыстыққа сайланған бойы мектеп құрылысына кіріскен. Орынбор мұғалімдер семинариясын аяқтаған жас оқытушы Ахмет Байтұрсынов ауыл балаларын оқыта жүріп, шығармашылықпен айналысып, мектеп бағдарламасын реттеп, қоғамдық-саяси қызметпен де шұғылдануды бастаған. Өзі осы жылдардағы қызметіне байланысты «Әуелі ауылдық, сосын болыстық және екі кластық мектептерде сабақ бердім» деп жазады. Екі жылдан соң Қарқаралы уезіне оралады.
Иә, Ахмет Байтұрсыновтың туған жері Тосын болысынан қашықтау жүргені уезд бастығының басын жарып, Сібірге айдалған әке тағдырымен байланысты болған сияқты. Аққұмдағы ағайындары ел ішіндегі даукестердің кесірі тимесін деп жас ұстазды сақтандырған болар. Әйтсе де есесі кеткен елінің, қараңғыда қалып бара жатқан халқының мың түрлі шаруасын жөнге келтіруі үшін Орынборға қарай барыс-келіс үшін осы жақ ыңғайлы болғаны анық. Орынбор мен Ақтөбенің арасы 280 шақырым, поезд жүріп тұр.
1895-1915 жылдары Батпақты, Бестамақ болыстығын 19 жыл басқарған Ахметкерей Қосуақовты көз көргендер «Жазда жарлы-жақыбайларға сауынға сиыр, мінуге ат беріп, күзде төлдерін қалдырып, басын қайтарып алатын мырза-правитель» деп сипаттаған. Заңды білмей ұтылған қараңғы қазақтың шаруасын жөнге келтіретіні өз алдына, ауылішілік ұсақ-түйек жұмыстарды да аса байыппен шешетін, көп сөйлемейтін сабырлы адам болған екен. Заң-құқық жағынан өте сауатты болыс 1917 жылы Уақытша Үкімет орнағанда уездік Басқарманың орынбасары болып бекітілген. 1917 жылдың желтоқсанында Орынборда өткен Жалпы қазақ-қырғыз съезіне қатысқан Ахметкерей Алаш партиясының шаруасына аса ыждағаттылықпен араласқан. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында 1917 жылдың желтоқсанында Орынборда өткен жалпықазақтық съезге ресми шақырылғандардың арасында Ахметкерей Қосуақов болғаны айтылады. Болыс 1924 жылы Ақтөбеде қайтыс болған. Батпақтыға жерленеді. Әкесінен жас қалған ұлдары – Сәду, Сұлтан Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмайды. Жалғыз қызы Ақтөбеде беріректе қайтыс болған.
2018 жылдың 11 мамырында Самбай ауылына жолымыз түсті. Елек өзенінің арнасы мол саласы Батпақты – шаруаға жайлы, қайың-терегі мол ауыл екен. Ауылда А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп бар. Сол жолы Байтұрсынов мектебімен іргелес жатқан Нұрбұлақ ауылының мектеп ұжымдары бірлесе ұлт ұстазының 145 жылдығын атап өтті. Облыстық тарихи-өлкетану музейі де осы шараға ақпараттық-насихаттық қолдау көрсетті. Мектеп алдындағы А.Байтұрсыновтың мүсіні алдында оқушылар ұлт ұстазының барлық өлең-мысалдарын жатқа айтып, домбырамен «Аққұм» әнін шырқады. Ауылдың ескілеу мектебінің оқушылары өнерлі де намысты екен.
Ауылдың үлкен кісілерінен Ахмет Байтұрсынов ұстаздық еткен ескі мектептің орнын сұрастырып едік, ешкім білмейтін болып шықты. Бірақ «Ахметкерей балкасы», «Ахметкерейдің егінді сайы», «Ахметкерейдің шегенді құдығы» деген атаулар Самбайда сақталыпты.
Мектептен шыққан соң ауыл іргесіндегі ескі қорымдағы шақпақ қара таспен қоршалған Ахметкерей Қосуақовтың зиратына барып, дұға жасадық. Біз осы мақаламызды Батпақтыны сипаттаудан емес, Шолпан Ахметқызының хатынан бастауымыз керек болса да, бір бөлек болып бүйірде жатқан ауылдың Алаш қозғалысымен қалай байланыста болғандығына тоқталдық. Ендігі сөз Шолпан Ахметқызының 1989 жылдың 28 қарашасы күні Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Золотарев пен облыстық атқару кеңесінің төрағасы Сапар Сағынтаевқа жазған хаты туралы. Осы хаттың бір данасы ертеректе кездейсоқ қолымызға түскен еді. Екі парақ хатта Шолпан апай елінің болашағы үшін құрбан болған қайраткер әкесінің іздеушісі жоқтығына қатты ренішті екендігін айтып өтеді. Мұқият оқып қарасаңыз, хат емес, баланың зары сияқты. 1988 жылдың 4 қарашасында Қазақ КСР Жоғарғы Сотының шешімімен екі рет ақталғанына қарамастан ұлт ұстазының есімін қалпына келтіруге ел-жұрт асығар емес. Енжарлық Ақтөбеде де сезіледі дейді. Өйткені ел ішіндегі көнекөз қарттардан дерек жиналмай жатыр. Апай осы жұмысты жылдамдата қолға алу керек деген пікірде. Ақтөбе уезінің Мұғалжар, Октябрь ауданында әлі күнге дейін «Тіл құралды» сақтап, әкесінің мысал әңгімелері мен өлеңдерін жатқа айтатын ақсақалдар болғанымен, олар білгендерін жариялар емес. Оның бір дәлелі, кезінде Торғайда ұлт ұстазына арнап музей салуға «Спецбанкте» есепшот ашылған кезде, ақтөбелік бірнеше қарт қаржы аударып, бірақ өздері елеусіз қалған. Апай осы қарттардың ақша аударымдары туралы мәліметтерді Алматыдағы Орталық мұрағаттан табуға болатындығын айтып өтеді. «Мен әкемді қатты аяймын әрі оның тағдыры үшін күйінемін де. Сіздердің тым-тырыс отырғандарыңызға да таңым бар» дей отырып, 1895 жылы әкесінен оқыған ақтөбеліктер туралы барлық деректі жинауға кірісу керек деп ұсыныс етеді. Бұл кісілерді не олардың ұрпақтарын Ақтөбе облыстық газетіне хабарландыру беру арқылы табуға болады дейді. Мәліметтер сұрап, деректер тапқан адамдар болса, дереу Қандыағаш қаласында тұратын журналист Ақлепес Нәубетияровқа хабарласуын өтінеді. Хат 1989 жылдың 3 қарашасында жазылған.
Өкініштісі сол, Шолпан апайдың хатына сол кездегі басшылық та, мәдениет маңайында жүргендер де аса мән бермеген. Хат сол күйінде тартпаларда жата берді. Сол жылдары Алматыдан келіп дерек жинауға апайдың денсаулығы жарамаған. Рас, кейін ақтөбелік бірнеше азамат Алға ауданынан біраз мәліметті тапқандай болды. Олардың бірі сол кезеңде облыстық газетті басқарған Идош Асқар мен Қазақ радиосының меншікті тілшісі болған Сәбит Сүлейменов. Бірақ дерек қоры жеткіліксіз болатын. Алға ауданында тұратын 87 жастағы Сейітов деген ақсақал Ахмет Байтұрсыновты бала кезінде көргенін айтып берді. Басқалай көзге ілерлік деректер табылмады.
Біз де өткен жылы өз тарапымыздан Алға ауданындағы Қарағаш мектебінде оқыған кісілердің ұрпақтарын іздестіріп көрдік. Оның ішінде Алға аудандық Ізтай Мәмбетов атындағы балалар кітапханасының директоры Ақшолпан Ізтілеуованың берген мәліметі бар. Ол бізге қайын атасы Мәскеу Шүкірановтың жеке мұрағатынан табылған Шолпан Ахметқызының хатымен бөлісті. Мәскеу Шүкіранов 1980-1990 жылдары Қобда аудандық газетінің редакторы болған. Хатта былай деп жазылған: «Осы хатты жазып отырған Шолпан Ахметқызы Байтұрсынова. Менің әкем Ахмет Байтұрсынов Архангельскіде айдауда жүргенде сіздің әке-шешеңізбен таныс болыпты. Әкемнің айтқан сөздерін анаңыз есінде жақсы сақтаған деп естідім. Өзім баруға денсаулығым кеміс болып отыр. Дәм бұйырса барып, анаңыздың естелігін тыңдасам деймін. Соны білуге құштар болып отырмын. Ақаң Ақтөбе облысына өте құрметті ғой. Ең бірінші мұғалімдік қызметін Октябрь, Мұғалжар аудандарында бастады. Әкемнің Архангельскіде сіздің ата-анаңызбен дәмдес болғанын маған Ақлепес Нәубетияров жеткізді. Сіз анаңыздан сұрастырып, есінде қалған әңгімесін жеткізсеңіз, мен үшін өте жақсы болар еді. Мұның бәрі келешек ұрпаққа қажетті дүниелер ғой.
Сәлеммен, Шолпан Ахметовна Байсалова» деп аяқтаған. Хат 1993 жылы жазылған сияқты. Шолпан апай 1994 жылы дүниеден өтті. Ақшолпан хатты оқыған бойы қайын атасының 1993 жылы қайтыс болған анасы Ақтеңгеден еш дерек жазып алмағанына қатты өкінгенін есіне алды. Өмір бойы бірге тұрса да, ол өз анасынан Архангельскіге неге айдалғандары туралы сұрамаған екен. Мәскеудің өзі Мәскеуде дүниеге келген. Ауылдың қарапайым адамдары Шүкіран мен Ақтеңгеге не үшін айдау жазасы кесілді? Екінші жағынан Ақтеңге әже де айдау жөнінде өле өлгенше балаларына сыр шашпай кеткен сияқты. Оқиғалар байланысы бар.
Ахмет Байтұрсыновқа 1932 жылдың қарашасында Архангельскіге үш жылға жер аудару жазасы тағайындалды. Шүкіран мен Ақтеңге де сол жылдары қуғынға түскен. Ақшолпанның айтуынша, Мәскеуде жас босанған Ақтеңге әжесінің елге аман-есен қайтуына Ахмет Байтұрсыновтың ықпалы зор болған. Байтұрсынов та айдауда жүр.
Дер кезінде жазылып алмаған оқиғалар уақыт өте ұмытыла беретіні сияқты, Ақтөбе облысының Мұғалжар, Алға аудандарында тұратын әкесінің шәкірттерін тапқысы келген Шолпан Ахметқызы өмірден өткен соң ұлт ұстазы туралы білетіндерді іздеу де тоқтады.
ХІХ ғасырдың соңында тұрмыс-тіршілігін отырықшылыққа ауыстырып, жаңа кәсіптерді игеруге ұмтылған сауатты болыстың ауылына Орынборда тұтанған саяси шиеленістердің шеті тиіп жататын. Бұл талай Алаш қайраткерлерінің табаны тиген ауыл. Өткені ұмытылған, естеліктері жинақталмаған ауыл. Заманына сай өзгере білген дәулетті қазақ ауылдарының бірі болатын. Саяси сілкінісі күшті Орынборға жақын еді. Елде Алаш партиясына қаржылай қолдау көрсеткен Қосуақов сияқты дәулетті де, ықпалды жандар көп болатын. Олар өз істерін жалпақ жұртқа жарияламаса да, үндемей жүріп, үлкен істер тындырып жүретін. Өткен ғасырдың басында қазақ байлары ел үшін атқарған қызметін міндетсінбей, көбінесе тасада қалып отырды. Бұл кісілердің кейінгі тағдыры да, ұрпақтарының тағдыры да оңай болған емес.
Сол себепті де Кеңес өкіметі билеушілері ықпалды болыстардың иелігінде болған ауылдарға үнемі қырын қарап, тұрғылықты жұртының бір жерге шоғырлануына жол бермей, үнемі бөліп тастауға ұмтылып отырды. Елге қажетті игіліктерден құр қалғаны өз алдына. Ахметкерей болыс салған, Ахмет ұстаздық еткен мектептің қай жерде болғанын білмейтін адамдарына сол себепті де ренжи алмадық. Бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінсе де, ұлттың тарихи есін жоғалтуы осындайдан басталады. Кезінде қайың-терегі мол өскен, егін егіп, бау-бақша өсіріп, Батпақты өзенінің екі жағын бірдей қоныстанған ауылдың шағын тарихы осы.
Ақтөбе облысы