Қазіргі кезде жұртты алдап-арбаудың ең көп таралған түрлері – OLX жарнамасымен зат сатып алу мен сатуда алдау, онлайн несие рәсімдеу, микронесие ұйымдары арқылы тұрғындардың сыртынан қаржы алу. Соңғы уақытта жергілікті полиция қызметкерлері мектептерге, кәсіпорындарға алаяқтықтың құрбаны болудан сақтандыратын бейнероликтер, буклеттер таратуды бастады.
Салыстырмалы түрде қарағанда өткен жылы кісі өлімі, бұзақылық, өзгенің мүлкін ұрлау қылмыстары азайса, соның ішінде қоғамдық орындар мен көшеде мас күйінде жасалған қылмыстар өте аз тіркелген. Алайда көлік ұрлығы, соның ішінде аккумулятор ұрлау көбейіп кетті. Полиция аккумуляторларды қабылдайтын орындарды тексеру барысында, осы жерлерде жұмыс істейтін кейбір адамдардың көлік ұрыларымен байланысы барын анықтады. Соның арқасында өткен жылы аккумулятор ұрлығына әбден маманданған жеті қылмыстық топ ұсталып, іс қозғалды. Өткен аптада тағы да қылмыстың осы түрімен айналысқан екі жас жігіт ұсталып, олардың үстінен ҚК 188-бабы 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Көліктегі қалта ұрлығы биыл да азаймай тұр. Облыс орталығында қалта ұрылары белгілі бір маршруттарда және жолаушылар көп мінетін мезгілде жүреді. Өткен жылы қалта ұрлығына маманданған 12 топ ұсталды.
Үйдің ауласына қойып кеткен көліктер де жиі жоғалып жатады. Былтыр автокөліктерді ұрлайтын 16 қылмыстық топ құрықталды. Бұл жерде әдетте көпқабатты үйлердің ауласына қойған көліктер түнде қолды болып жатады. Егер иелері көліктерін күзетілетін тұрақтарға қойса, осы қылмыстың жолы кесілер еді. Көлік ұрлығының орын алуына қаладағы автокөлік тұрақтарының аздығы да себепші.
Қылмыстардың алдын алу мен ашуда бейнебақылау камераларының көмегі өте жоғары. Соның бір мысалы, өткен жылы бейнекамера көмегімен 210 қылмыс ашылса, жол ережесін бұзған 14 мың құқықбұзушылық тіркелді.
Сондай-ақ өткен жылы іздеуде жүрген 90 қылмыскер ұсталып, 74 із-түзсіз жоғалған азамат табылды. Жиі жоғалатындар, үйден себепсіз кетіп қалатындардың арасында жасөспірімдер көп. Үйлерінен жиі кетіп қалуды әдетке айналдырған балаларды жеделдете табуға волонтерлер мен қоғамдық көмекшілердің жәрдемі зор. Ол үшін полицияға шұғыл хабар беру керек. Көп жағдайда жасөспірімдердің кетіп қалуына үйдегі жанжал, ата-аналарымен арадағы келіспеушіліктер, тұрмыстық жағдайдың қиындығы, мектептегі әлімжеттік себеп болып жатады.
Өткен жылы есірткінің заңсыз айналымына қатысты 255 қылмыстың жолы кесілді. Дәлірек айтқанда, 50 есірткі сатқан ақтөбелік қолға түскен. Есірткі сатумен тұрақты айналысқан жеті топ ұсталып, олардан 208 кг түрлі есірткі алынып, бір есірткі дайындайтын орын анықталды. Синтетикалық есірткі жасөспірімдер арасында таралып жатыр. Өткен жылы тәркіленген есірткі заттарының ішінде 36 килограммы синтетикалық есірткілер болған.
Полиция бастығы орынбасарының хабарлауынша, Ақтөбе облысында 1 824 адамның еліміздің көші-қон заңын бұзғаны анықталып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ алимент төлеуден жалтарған не қарыздарын төлеуден қашып жүрген ақтөбелік 628 тұрғынның мекенжайы анықталды.
Өткен жылы көшеде, қоғамдық орындар мен ойын-сауық орындарында қылмыстың азаюына пандемияға байланысты шектеу шаралары әсер еткені анық.
Ақтөбе облысы