Енді міне, кәсіпорынның көмір департаменті Саран қаласында жасалатын Yutong маркалы автобустың 12 бірлігін сатып алды. Бұл көліктер кеншілерді шахталарға тасымалдауға арналады.
Аталған автобустарды сатып алу «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен Qaz Tehna ЖШС арасында 2021 жылы компанияның жұмысшылар алдындағы міндеттемелерін жүзеге асыру аясындағы келісімнің нәтижесінде мүмкін болды. Ал келісімшарттың жалпы сомасы 700 млн теңгені құраған.
Бір құптарлығы, автобус зауыты өз өнімінің сапасына жоғары мән береді. Сол себепті кәсіпорын қазіргі уақытта сатылымға шығарылған автобустардың жолаушылар мен жүргізушіге жайлылығын, жалпы өнімнің сапа деңгейін қатаң сынақтан өткізіп, жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр.
Зауыт өкілдерінің айтуынша, аталған автобустар біздегі ауа райының жағдайына бейімделген, салонның іші автономдық жылыту жүйесімен жабдықталған. Сонан кейін көліктердің «Еуро 5» стандартына сәйкес болуы да өнімге деген сұранысты арттыра түсері сөзсіз.
Жаңадан сатып алынған автобустар туралы компанияға қарасты автопарк қызметкерлері жылы лебіз білдіріп отыр. Мысалы, Шахтинск филиалы технологиялық көлік басқармасының бастығы Сергей Зинченко автобустардың өте жайлы, ыңғайлы және жүрдек екенін айтады.
– Біздің басты мақсатымыз – жігіттерді жұмысына және жұмыстан үйіне шаршатпай жеткізу. Кеншілердің жұмысы ауыр. Сол себепті, олар жол үстінде де жақсылап тынығуы керек. Жаңа техникаға деген көзқарасамыз ерекше болмақ. Ұқыптап ұстайтын боламыз, ұзақ қызмет еткені өзімізге де жақсы, – дейді ол.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы сатып алған жайлы автобустардың 52 жолаушы орындығы бар. Іші-сырты шетелдік көліктерден бірде-бір кем емес деп сеніммен айтуға болады.
Қазіргі уақытта аталған көліктердің бесеуі компанияға қарасты көмір департаментінің автопаркіне жеткізілген. Бұл жерде көліктер маршрутқа шығар алдындағы арнайы әзірліктен өтеді. Жаңа автобустарға жүргізуші етіп кім көрінгенді отырғыза салмайды. Бүгінде бұрындары жұмысында ешқандай ескерту болмаған, жол қозғалысы мен техника қауіпсіздігін бұзып көрмеген жүргізушілер арасында таңдау жүргізіліп жатқан көрінеді.
Қарағанды облысы