27 Наурыз, 2014

Оралдың көшелері шұрқ тесік

384 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Өткен жылдың жазында да Орал қаласы көшелерінің ойқыл-шойқылы көбейіп бара жатқаны анық байқалды. Сонымен, күз, оның артынан қылышын сүйретіп қыс келді. Ақпанда ақырған аяз соқты. Осы кезде жентектелген, әбден нығыздалған қар түйіршіктері көшелердегі қара жабынның тесік-шұңқырын уақытша болса да бітеп тастағандай көрінді. Енді, міне, көктем келіп қар еріп еді, Орал қаласының тұрғындары көшелердің бұған дейінгі күйіне зар болып қалды. Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты деген осы да. Бұрынғы, бұрынғы ма, көшелер шұрқ тесік болып әбден сиқы қашып кетіпті. Яғни қыс кездеріндегі ақ қар, көк мұздан көшелер уақытында дұрыс тазаланбағандықтан оның әбден желінгені мен мүжілгені, оның орны тесік-шұңқырларға айналғаны көзге ұрып тұр. Шекаралас өңірдегі облыс орталығының кейбір аумақтарын жеңіл көлікпен жүріп өтудің өзі еш мүмкін емес. Бұған адамның белі де, көліктің белтемірі де шыдас бере алмайды. Нағыз азап дерсіз. Дәл осындай көріністер қалалық перзентхана мен онкологиялық орталық орналасқан сол­түстік шығыс беттегі ауданда орын алып отыр. Егер аяқ астынан толғақ қысқан аналар, жас әйелдер мен келіншектер мұндай астан-кестеңі шыққан, жол сиқы жоқ шұң­қыр­ларды басып өтіп перзентханаға жеткенге дейін түсік тастайтын болса, бұған еш таңдануға болмайды. Тек оның бетін әрі қылсын деңіз. Жергілікті билік органдары әр жиын сайын көшелерге асфальт төселіп жатқаны жөнінде тұрғындарды хабарландырып тұрады. Алайда, соның нәтижесі көрінбей-ақ қойды. Өткен жылдың жазында Сыр бойына жолымыз түсті. Мұнда облыс орталығы көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары үш ауысымда жүргізіліп жатқанына куә болып оралдық. Мұндай үздіксіз ырғақ өндірмей қоя ма, аз уақыттың ішінде Қызылорда қаласының көшелеріне тақтайдай тегіс сапалы да сәнді қара жабын төселіп үлгеріпт­і. Әрине, бұл үшін бірінші кезекте қаржыландыру мәселесі шешімін табуы қажет. Бұл жөнінде тек бәрекелді деуге тура келді. Өйткені, республикалық транш арқылы Сыр бойының бас қаласы көшелерін асфальттауға 6,5 миллиард теңге бөлінген екен. Әрине, аз қаражат емес. Дәл осы кезеңде Орал өңіріне бөлінген қаражат 500 миллион теңгеге де жетпей қалғаны жасырын емес. Әрине, бұл арада Үкімет тарапынан қаржы көздерін қарастыруда ала-құлалық болмағаны анық. Яғни Сыр елін басқарып отырған азаматтар бірінші кезекте өздерінің тікелей функционалдық міндеттеріне адалдық көрсете білгені аңғарылады. Жол құрылысына қажетті құжаттар мен нормативтер де орталық органдарға ертерек әзірленіп жіберілген екен. Сөйтіп, мұнда жайбасарлық деген дерт атымен жойылғанға ұқсайды. Әрине, біз мұны айтқанда батысқазақстандық басшылар қол қусырып қарап отыр деген ойды меңзеуден аулақпыз. Керісінше, биыл Орал өңірінде автожол құрылысына ерекше қарқын туғызылмақ. Бұл үшін орталықтан, яғни республикалық қаражат көздерінен бөлінген бес миллиард теңгеден астам сомаға қосымша облыс бюджетінен де осы мөлшерге жетеғабыл қаражат қарастыру көзделген. Әрине, бұл әзірге меже мен алға қойған мақсат, берілген уәде ғана. Ал кез келген жоба мен жоспар бірінші кезекте оның орындалуымен құнды, бағалы екені хақ. Ендеше, балапанды күзде санайды дегендей Орал өңіріндегі жол құрылысы, соның ішінде ой-шұңқыры көбейіп кеткен Орал қаласы көшелерінің жай-күйі жөніндегі түйін әлі алда деп білеміз. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.