Әдебиет • 20 Ақпан, 2022

Абайтанудың эталоны

1503 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Бүгінгі әңгіме тоқсанның төріне шығып отырған қазақ руханиятының абызы, абайтанушы ғалым Мекемтас аға Мырзахметұлы хақында болмақ. Тоқсан – екінің біріне бұйыра бермейтін жас. Жеткен кісі жер таянып әзер жететін меже, қалай десек те бұл жастың жөні бөлек, қандай құрметке де лайық. Ал енді, Мекемтас аға туралы сөз басқа. Өмірін ғылымға арнаған ғұламаның жұрт жер таянып жететін сол тоқсаныңызға ой таянып жеткенін көрдік. Дейтұрғанмен ол кісі халқына жасаған жасымен емес, тындырған ісімен қадірлі.

Абайтанудың эталоны

Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «EQ»

Өмірден үйренгені, түйгені көп, ға­лым ретінде де, адам ретінде де көпке жақсы үлгі көрсетіп жүрген тұлға. Күні бүгінге дейін ойлаудан, жазудан тоқтаған емес, қашанда ғылымның алғы шебінде. Қылшылдаған жас жігіттердің жүрегі дауаламайтын күрделі тақырыптарға қалам тартып жүр. Бұл сөзімізге дәлел 90 жасында жарық көрген «Толық адам ілімі» атты күрделі зерттеу еңбегі. Бұл еңбегі арқылы абайтанудағы көп адамның тісі бата бермейтін, ең бір күрделі тақырыпты ашып беріп отыр.

Мен 1996 жылы Қ.А.Ясауи атын­дағы Халықаралық Қазақ-Түрік универси­те­тінің қазақ әдебиеті кафедрасына аспи­рантураға түстім. Мекемтас ағаның же­­тек­шілігімен 2005 жылы «Қазақ әде­бие­­тінің тарихын дәуірлеу мәселесі» та­­қы­рыбында кандидаттық диссерта­ция қорғадым. Ғылыми жетекшім бол­ған­­дықтан, ол кісімен жиі араластым, жа­қыннан таныдым. Әрине, біз білмейтін қыр­лары да болар, дегенмен ойлау жү­йе­сін, ғылымдағы ұстанған бағытын, ең­бектерін біршама жақсы білемін де­сем қателеспеймін. Мекемтас аға Мыр­захметұлы үнемі шығармашылық ой үстінде жүретін, Абай айтқандай өзі­нен-өзі күн сайын есеп алып отыратын ғалым. Сондай қатаң талап пен қа­жыр­лы еңбектің нәтижесінде қазаққа абай­танудан 10 томдық еңбек беріп отыр. Саны ғана емес, сапасы да бірегей құн­ды дүние. Болашақ ұрпаққа қалдырар ұлтымыздың баға жетпес байлығы десем артық айтқан болмаспын. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, осындай абыз ақсақалдары бар халықтың мерейі қашанда үстем.

Салыстырмалы түрде айтқанда абай­тану ғылымында екі бағыт бар. Бірі – Абай­­дың ақындық ортасын тану. Бұл – ақынның өміріне, шәкірттеріне, туыс-ту­ғандарына қатысты деректердің жи­­налуы мен зерттелуін қамтиды. Екін­­­шісі – Абайдың ақындық үлгісін тану. Ақын ойының тереңіне бойлап, поэ­­­тикалық күш-қуатын жан-жақты ба­­ғам­­дау, философиялық ойларын, дү­ние­­танымының қайнар көзін ашу. Осы атал­ған екі бағыттың да негізін салу­шы – М.Әуезов екені баршаға аян. Абай­­дың өмірбаяндық деректерін жи­нау М.Әуезовке қиынға түспегені бел­гілі. Өйткені өзі Абай ауылында туып өскен, ұлы ақынды көрген, ел аузын­да­ғы Абай туралы айтылатын әр алуан сөзге жаста­йынан қанық, көз көрген үлкендерден Абай жайында небір сырға толы әңгімелерді естіген кісі. Бізге жеткен деректер бойынша бала кезінде Абай өлеңдерін жатқа білген көрінеді. Қыс­қасы, Абайдың өмірі, өлеңдерінің табиғаты Мұхаңа жат болмаған ғой. Алайда деректерді жинау қиынға соқпаса да, кеңестік саясаттың қылышынан қан тамып тұрған заманда Абай тура­лы шындықты айту қиямет еді. Ал Абай­дың ақындық үлгісін тану­дың жолы тіп­ті күрделі болған. Ол кезде ұлттық дүние­таным, ұлттық болмыс хақында терең пі­кір білдіру мүмкін емес еді. Бұл ретте М.Әуезовке көркем әде­биеттің көмегі көп тигенін айта кеткен жөн. Ғылымда айта алмайтын ойла­рын көркем шығарма арқылы беріп отырғанын аңғару қиын емес. «Абай» пьесасы мен «Абай жолын» оқыған кісі бұған күмән келтірмеуге тиіс. Ұлы ақынды қазақ халқына ғана емес, әлемге танытқан іргелі еңбегі – «Абай жолы» роман-эпопеясы. Ол өмірбаяндық жазба емес, эпикалық көркем шығарма. Автор бұл роман арқылы ХІХ ғасырдағы қазақ өмірінің көркем шежіресін жасап, қазақ қоғамын жан-жақты суреттеп, қа­зақ халқының рухани әлемін ашып бер­ген. Романдағы басты концепция – «Абай жолы». Бұл – махаббаттың, ізгі­­ліктің жолы, өнер мен ғылымның жо­лы, әділеттің, шындықтың жолы, ең бас­­тысы күрес жолы еді. Мұның бәрі түп­­теп келгенде М.Әуезов армандаған қа­зақ­тың болашақта жүруге тиісті жолы болатын-ды. Абайтанудағы тағы бір түйт­­кілді тұс ақын шығармаларын өзінен соңғы буынның бағалауы субьективті фак­торларға тәуелді болғаны. Осындай жағдайларға байланысты Абай шығар­маларын түсіне алмаушылықтар мен бұр­малаушылықтар көп орын алған. Абайдың дүниетанымына байланысты туындаған жаңсақ ұғымдар да аз емес. Ғұлама Әуезовтің: «Абайдың барлық поэ­зиялық мұрасында Шығыстың орны орыс классик поэзиясынан әлдеқайда аз» [М.Әуезов, Абай Құнанбаев. Ал­маты, Санат 1995 ж] дейтіні бар. Алай-­
­да бұл пікірді білместіктен емес, шара­-
сыздықтан айтқаны анық, шындықтың жолы тарылған заманда көп нәрсені ас­тарлап жеткізуге мәжбүр болған ғой. Оны Абайдың орыс және шығыс мәдениетінен, екі арнадан бірдей нәр алғанын айта келіп, «Абайдың өз пішіні – қазақ тұлғасы жоқ демейміз, жаға – жаға да, арна – арна. Ұлы арнасы мен жол арнасының түп-түбімен шығып жатқан, қайнар көздер – ақын­ның негізгі қазақтық тұлғасын құрайды», дейтін тұжырымынан аңғарамыз. Бұл емеу­ріннің астарын түсіне алмау Абай дана­лығының төркінін орыс әдебие­ті­нен, еуропа мәдениетінен ғана іздеуге ұрын­дырған. М.Әуезов айтқан шығыс сөзі араб, парсы мәдениетіне ғана емес, орта ғасырлық түркі мәдениетіне де қатысты айтылып отырғаны белгілі.

Мекемтас аға абайтанудың табалды­рығын аттағанда-ақ, осындай күрделі проб­лемалармен бетпе-бет келеді. 60 жыл­­дар абайтану дағдарысқа ұшыраған ке­зең болған екен, ол туралы ғалымның өзі «1949 жылғы қаулыдан кейін Абай­дың шығысы туралы айтуға тыйым са­лын­ған» дейді. Абайдың шығысы мен ұлт­тық дүниетанымына қатысты көп сыр­дың кезінде ашылмай қалуында осын­­дай саяси астар жатқанын бүгінде кө­бі­міз біле бермейміз. М.Әуезовтен ке­­йінгі зерттеушілердің Абайдың айналасы – шәкірттері, балалары, солардың өмірі хақында көбірек қалам тербеуінің де сыры осында жатса керек. Ақын­ның философиялық ойларына терең бой­лап, М.Әуезов меңзеп кеткен Абай нәр алған қайнар көздерді зерттеуге ға­лым­­дардың көңілі дауалай бермеген. Абай­ды орыс классиктерімен үндестіру жа­ңа­лық саналған. Мұның салдары ұлы ақынды орыс ойшылдарының көшірмесі ретінде қарауға соқтырарын білгендер де, білмегендер де болған секілді. Егер қазақ әдебиетінің бағына Мекемтас аға Мырзахметұлы ғылымға келмегенде Абайдың шығысы сол беті жабулы қалар ма еді, қайтер еді?

Абай «38-қара сөзінде»: «Біз Алла тағаланы өзінің білінгені хадар ғана біле­міз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хаким ақыл ерістіре алмады. Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулі­мен өлшеусізді білуге болмайды дей­тіні бар. Адамды Алламен теңестірсек де­ген күпірліктен аулақпыз, дейтұрған­мен, мына мәселеге көңіл аудармай болмас. Ұлы ақын өзі айтқандай «Алла тағалаға ұқсауға» барынша тырысқан, шартты түрде айтқанда «ұқсаған» хаким. Оның ақыл-ойы мен сезімінің тереңдігі біздің ақылымызбен салыстыруға келмейтін, адами өлшеммен айтқанда шексіздікке жеткен. «Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды» дегенге келіссек, азбен көпті жете түсіну де мүмкін емес екенін мо­йындауымыз керек. Абайтану тарихына көз салсақ, Абайдың ұлылығы жайында қалам тартпаған зерттеуші аз. Алайда біздің тани алмай келе жатқанымыз да сол ұлылық. Ойшылдардың өзі Абай шығармаларының ішкі өзегіне бойлай алмаған, бұл заңды құбылыс. Ұлылықты қашанда парасат-пайымы жеткен кісі ғана тани алмақ. Ақынның:

Қабыл көрсе сөзімді,

Кім таныса, сол алсын, –

дегені есті оқырманның көп болмайтынын білгені ғой.

Жаңсақ ұғымдардан, қате көзқарас­тар­дан құтылып, Абайдың ақындық бол­­­мысын ашуға жаңа көзқарас, жаңа ба­­ғыт, тың ізденіс керек еді. Ол мін­детті арқа­лау М.Мырзахметұлының маң­да­йына жазылыпты. Абыроймен орындап шы­ғу бақыты да сол кісіге бұйырған. М.Әуе­зовтен кейін Абайдың сөзін толық танып, дара жол салған ғалымның еңбектері бұл саладағы күрделі проблемаларды таратып шешіп беруімен ерекшеленеді.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен қайратың екі жақтап, –

дейтін ақын сөзін ұстаным еткен ғалым, ақыл-парасатын да, қажыр-қайратын да Абай шығармаларын зерттеуге арнаған. 1965 жылы кандидаттық диссертация қорғайды. Абайды зерттеушілердің басып өткен жолын кезеңдерге бөліп жүйелеген ол еңбегі кейін «Абайтану тарихы» деген атпен жеке монография болып басылып шыққан. Ғылым тарихы жайында жазылған еңбектердің көбінде сол саланы зерттеушілердің аттарын атап, мақтау­мен шектелу, онан қалса хронологиялық тұр­ғыдан сыдырта баяндау басым бо­лып жататыны жасырын емес. Мекемтас аға аталған еңбегінде абайтану тарихы­на басқаша қырынан қарайды. Бұ­рынғы ғалымдардың еңбектерін талдай отырып, ұлы ақын жайында ағат айтылған пікірлер мен ғылыми негізі жоқ, шалағай тұжырымдарды сынап отыратыны бар. Сөйтіп бұл тақырып хақында не айтыл­ғанын түгендеп, айтылуға тиісті бірақ айтылмай қалған ойларды, ашылмай қалған деректерді анықтап алады. Кейінгі ізденістеріне негіз болған көп ойлардың бастауы осында жатқандай.

Қазақ әдебиеттану ғылымындағы ең күрделі саланың бірі – абайтану. Се­бебі, ол тек сөз өнерін тану ғана емес, қа­зақ халқының рухын, жан-дүниесін тану. Абай өз шығармаларында филосо­фия, мораль, дін, жантану қатарлы күр­делі ғылым түрлерін аса шеберлікпен ұштастырып, поэтикалық жолмен берген ғой, сондықтан Абайды жалаң көркемдік тұрғыдан талдау жеткіліксіз болар еді. Мекемтас аға Абай ойының төркінін тануға жан-жақтылы үлкен дайындықпен келеді және ұзақ ізденеді. Абайға қатысты деректерге ерекше мән беріп, ыждағатпен тексеріп, содан үл­кен ой түйіп, өзіне жаңа бағыт, жол ашып отырған. Соның арқасында Абай ойының төркінін тани алған деп ойлаймын. Қысқасы, ғалымды бүгінгі биігіне жеткізген қажырлы еңбек пен үздіксіз ізденіс. Абайдың шығысын ашуда көп қиындықтарға жолыққанын өзі де айтып отырады. Саяси кедергілерден тыс, ғылыми тұрғыдан аяққа оралғы болар дүниелер аз болмапты.

Абай ойының жүлгесін табуға ақынның оқыған кітаптарын зерделеудің тигізген пайдасы көп болғанын байқаймыз. Әрине, бұл айтуға ғана оңай. Ең әуелі Абай кі­тапханасы сақталмаған, онан қалса ол кітаптар орта ғасырлық түркі ойшылдары мен ислам ғұламаларының еңбектері. Кеңестік кезеңде олар орыс тіліне де, қазақ тіліне де аударылмаған. Ғалымның Абай кітапханасына еркін кіре алуы өзбек, шағатай тілдерін меңгергендігінің арқасы. Бұл ұзақ жыл зерттеп жазған «Мұхтар Әуезов және Абайтану проб­лемалары» атты докторлық диссертация­сында айқын көріс тапқан. Абай шығар­маларының сырына терең бойлап, бұрын ашылмаған қырларын ашып берген күрделі еңбегі осы. Ғалымның Абай туралы зерттеулерінің биік шыңы деуге болады. Олай дейтініміз аталған монографияда Абайдың ойлау жүйесін та­уып, ұшы-қиырсыз терең ойларын қолдың саласындай таратып берген. Абайдың «Исламға қатысы», «мораль филосо­фиясы» «Абайдың ақындық айналасы», «Абайдың ақындық дәстүрі» хақында күр­­делі философиялық тұжырымдар жа­­са­ған. «Абай ақындық өнер жолы­на шындап құлай берілгенге дейін оның рухани нәр алған сусындар бұлақ­та­ры, өзі туған халқы мен шығыс әле­мін­­де жатқаны байқалады» (Мұхтар Әуе­зов және абайтану проблемалары. Алматы, 1982 ж), деген сияқты айтылуы қара­пайым болғанмен, мағынасы терең байламдары ешқашан маңызын жоймақ емес. Өкінішке қарай сол кезде бұл күрделі еңбекті түсінуге ғалымдардың өзі дайын болмай шыққан көрінеді. Соның сал­дарынан ұзақ жылдар бойы қорғауға шығармай көп тосқауыл жасалған. Ақы­ры Қ.Өмірәлиев, З.Ахметов сияқты ға­лымдардың кеңесімен диссертацияның кейбір тұстарын аздап жеңілдетсе де, негізгі мазмұнын өзгертпей 1989 жылы докторлық қорғайды. Аталған еңбекті қазір де көбіміз түсіне бермейміз.

Ғылымның ыстық-суығына төзіп із­­ден­ген кісі ғана жетістікке жетерін жұрт­­­тың бәрі біледі, бірақ оның техни­ка­лық қара жұмысын жегіліп істеуге көп адамның төзімі жете бермейді. Жасы­ратыны жоқ көбіміз сондаймыз. Жал­пылық ұғымдарды игергенмен, нақ­ты білі­мі аз болған соң тақырыптың іші­не кіре алмай, үстірт баяндауға бе­йім тұрамыз. Бұл да бір індет секіл­ді. Мекемтас Мыр­зах­метұлының ең­бек­теріне зер салып қара­саңыз абай­танудың қара жұмысын бе­ріле істегені менмұндалап тұрады. Бұл өзі ұзақ әңгіме, Абай өмірбаянына, тексто­логия­сына қатысты салыстырулары, абай­танушылардың пікірлерін талдауы, т.б. Оның бәрін бір мақалада айтып үл­гер­меспіз, десе де мына бір жай­ды айт­пай болмас. Абайда кездесетін кө­не түркі және ислам дүниетанымына қа­тысты атаулар мен жеке сөздер көп. А.Бай­тұрсыновтың: «Абайдағы мұндай күрделі термин сөздерді білетін кісі мәнін ашып түсіндіріп бермесе, мың рет оқыса да ондағы ой-танымды танып біле алмайды» дейтіні бар. Абайтанудың кілті аталған терминдерде... Абай шы­ғар­­маларын түсінудің осы кілтін қазақ оқыр­мандарына ұстатқан Мекемтас аға Мыр­захметұлы. Бұл ретте 2014 жылы жарық көрген «Абай лұғаты» атты ең­бегін ерекше атауға болады. Лұғатта 95 атауға түсінік берілген. Олардың ішін­де «суық ақыл», «нұры ақыл», «жан құ­мары», «тән құмары», «жибили қуат», «жан қуаты», «тән қуаты», «қызылбас», «шар салу», «мүтәкәллимин мантикин», «иман таклиди», «қынаменде» «Ғұ­ламаһи Дауани», «хауас сәлім» т.б., жеке терминдер де, «толық адам» «жәуан­мәртлік», «иманигүл», «жүректің кіл­ті», «ақылдың кілті», «иманның жеті шар­ты», «инсанияттың кәмәлаттығы», «пен­деліктің кәмәлаттығы», т.б., толып жатқан фи­лософиялық мәні терең ұғымдарда бар. Іс жүзінде лұғаттағы түсінік берілген сөз­дердің саны нөмірлеп көрсетілгеннен әлдеқайда көп. Себебі, бір шығармада кездесетін сөздерді бір ғана реттік цифр­мен белгілеген, кейбір өлеңдері мен қара сөздеріндегі бірнеше ұғымға түсінік жа­зылған. Ондайда бір түсініктің өзі ішінен «а, ә, б, в,г, д, е» болып бөлініп, жеке-жеке қарастырылатыны бар. Ғалымның көз майын таусып, өмір бойы іздену нәти­же­сінде тапқан бұл жаңа­лықтарының игі­лігін бүгінде халық көруде. Кейде соның бәрін өзіміз тапқан­дай-ақ, болмаса атын атап сілтеме жасамай-ақ пайдаланып жататынымыз да жасырын емес.

Абай көне түркілік өлең үлгісін шы­ғар­­машылықпен жаңа түс беріп, дамы­та қолданған. Бірақ оны қарапайым оқыр­ман тани бермес. Мұны да алғаш бай­қаған, зерттеп тұжырымды пікір айт­қан Мекемтас аға. «Абайдың кейбір өлең­дерінде ұлы Науаи шығармаларының әсе­рі айқынырақ сезіледі. Тіпті Әлиф-би өле­ңінде Абай ұстазы Әлішер Науаимен ақындық өнер жарыстырғандай мінез де танытады» [Мұхтар Әуезов және Абай­тану проблемалары. Қазақ ССР ғылым бас­пасы, Алматы, 1982 жыл]. Осы ойларын «желі ұйқасқа» тоқталғанда онан әрі дамыта түсетіні бар. Онда «аааб сссб» болып келетін Абай көп қолданған ұйқас­тың төркіні ескі түркі поэзиясында жат­қанын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп бе­реді. Бұл тұрғыда ғалымға көп ой сал­ған М.Қашқаридің «Дивани лұғат ит түрік» сөздігіндегі Алып Ертоңа туралы жоқтаудың осы желі ұйқаспен жа­зыл­ғаны. Сөздікте бұдан басқа да желілі ұйқасқа құрылған өлең көп. Өлеңнің бұл түрін «желілі ұйқас» деп атаған Мекемтас аға М.Мырзахметұлы екенін айта кеткен жөн. Желілі ұйқасты ХІХ ғасырға жеткізген қазақтың классик ақыны Д.Бабатайұлы екеніне ерекше мән береді. Бұл жерде де біз ескере бермейтін мәні терең бір шындық жатқандай. Дәстүрдің көнелігі түркі халықтарының рухани тұтастығының бір айғағы. Сондай-ақ өлең үлгісіндегі тұрақтылықтың кепілі. Біз­дің араб мәдениетін қабылдаған соң да, араб өлең өлшемін алмай, өзімізге тән өлең өлшемін сақтап қалуымыздың сыры осы тамыры терең дәстүрде жатса керек. М.Әуезовтің өзі Абай Пушкиннен алды деп білетін шалыс ұйқас хақында «Абай өлеңіндегі шалыс ұйқастың шығу төркіні ХІ ғасырдан әлдеқайда арыда жатыр» [Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары. Алматы, 1982 ж] дейтін пікірінде де зерттеуді қажет ететін салмақты ойлар жатыр. Бұл пікірді айтуға да шалыс ұйқастың М.Қашқари сөздігінде кездесетіні себеп болған секілді.

Мекемтас аға Мырзахметұлының қазақ әдебиеттану ғылымына, әсіресе, абай­тануға қосқан үлесі телегей теңіз. Әдебиеттануда жан қинамайтын жеңіл тақырыптар көп-ақ, жанкешті еңбекті, талантты қажет ететін күрделі проб­лемалар да жетерлік. Ғалым Абай шы­ғармаларының сол астары терең, құ­пиясы көп тұстарын таңдап алып, со­ның сырын ашуға ден қойған. Ашқан жаңа­лықтары аз емес. Шындықты айту керек, Абайды ол кісідей терең зерттеген, жетік білетін кісі жоқ шығар. Тұтас ғұмырын Абай шығармаларын зерттеуге арнаған ғұлама бүгінде шын мәніндегі Абайтанудың эталонына айналып отыр. Абайтанудағы күрделі проблемалардың шешімін табуда жанкешті ізденістерге барып, ұлтқа мұра боларлық құнды ең­бектер берді. «Абайтану тарихы», «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары», «Абай және шығыс», «Абай мұрагерлері», «Әуезов және Абай», «Абай­дың шығысы», «Толық адам ілімі», т.б еңбектері абайтанудың биігінде тұр. Егер ға­лымның еңбектерін толық меңгере алсақ, Абайды жоғары деңгейде түсінген болар едік деп ойлаймын.

Ғылымды күнкөріс қамы үшін іздеу бар да, шындықты табу үшін іздеу бар. Күн көріс қамы үшін ғылымға келген кісі ғылым сөзін сөйлегенмен өзі ол талапты орындай бермейді. Шындықты іздеген кісі өзін ғылым жолына арнап, содан рухани күш алып, ғылымның талабымен өмір сүреді. Қазір Абайды оқымаған қазақ жоқ, бұл жағынан шүкірлік деуге болады. Алайда шындықты білу үшін оқып жүрміз бе, Абайды оқыдық деу үшін мақтанға оқып жүрміз бе? Қаншалықты ұққанымыз белгісіз. Абай айтқан кем­шіліктерді біреуден көрсек тани кетеміз, жек көреміз, бірақ өзіміздің бойымыздан таба алмаймыз, тіпті іздемейміз де. Мекемтас аға Мырзахметұлы шындық үшін ғылым іздеген, сондықтан Абайды жанына сіңіре білген, Абайша ойлай алатын деңгейге көтерілген ғұлама. Абай айтқан жақсы мінездердің бәрін ол кісінің бойынан табуға болар, ал Абай сынаған жаман мінездерден аулақ. Осы жерде бір сөз қыстыра кеткенді жөн көріп отырмын. Мекемтас ағаның бір әңгіменің үстінде: «М.Әуезов болмағанда Абай бұлай ашыл­­мас еді» дегені бар. Бір жағынан шын­­дық, екінші жағынан қарағанда аға буын­ға, ғылымға деген құрмет, адалдық. Мен де абайтануға біраз үлес қостым деу­ден аулақ. Өзін ғылымның қатардағы қыз­меткері секілді ұстайды, білдім деу­ге, білемін деуге жаны қас. Өзі зерттеп жүр­ген мәселе жайында сөз бола қалса, «осы тақырып жөнінде ізденіп жүрмін» деп отыратыны бар. Нағыз білімпаз ға­лым­ның мінезі емес пе? «М.Әуезов бол­мағанда Абай бұлай ашылмас еді». Ме­кемтас аға Мырзахметұлы болмағанда «Абай­тану» бүгінгі биігіне жете алмас еді. Бұл талас жүрмейтін шындық.

Білім беру саласына сіңірген еңбегі өз алдына бір төбе, мыңдаған шәкірт тәр­биелеп, 3 ғылым докторын, 50 ғылым кан­дидатын қорғатып шығарған ұлғатты ұстаз. Бұл әдебиеттанудан бір салалық уни­верситет ашуға жетерлік күш, үлкен қо­сын. Кез келген кісі қаржы бөліп зертхана ашса да, дәмхана ашса да қоғамда үл­кен сілкініс тудырар еді, әрине, ол солай бо­луға тиіс. Халық игілігіне жараған зат­тың үлкен-кішісі жоқ. Ал ен­ді ақыл параса­тын жұмсап тұтас бір университеттің кадірін тәрбиелеп шы­ғу жай ғана еңбек емес, үлкен ерлік. Мұн­дай еңбектің қалай бағаланатынын білмей­мін, мүмкін Қазақстанның Еңбек Ері деген атақ осындай еңбек еткен тұлғаларға лайық шығар.

Иманғазы Нұрахметұлы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын,

филология ғылымдарының кандидаты