Пікір • 21 Ақпан, 2022

Әділеттілік тарифі

323 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі қоғамымыздағы өрекпіген кө­ңіл күй соңғы бірер айдың ішінде орнай қалғандай көрінеді. Бірақ оның өзегінің тарихы ертеректен бастау алады әрі туындау себебі көп. Осы көп себептің ең бастылары – халықтың өз елінде жүріп, өгейдің күйін кешкені, арман-мақсатын үміт­сіздікке байлап берген қоғамдық-әлеу­меттік теңсіздіктің, әділетсіздіктің орн­а­уы, жалпы, мем­лекеттік даму жо­лының көңіл көншітпегені және ұлт­тық қазба бай­лығымызды өндіру ісіндегі ашықтықтың жоқтығынан туындаған күмәнді көзқарас.

Жоғарыда келтірілген негізгі себептер туралы көп айтуға болады. Десек те, солардың ішіндегі ұлттық қазба байлығымызды өнді­ру ісіне қатысты халықты толғандырған мәсе­ле­лер жөнінде өз ойымызды айтсақ дейміз.

Жалпы, ел азаматтарының немесе олар­дың едәуір бөлігінің ішкі жан дүниесіне қозғау салған кез келген сұраққа қанағат­та­нарлық жағдайда жауап берілуге тиіс. Нақ­ты­лай айтқанда, айтылған мәселе мұқият зерделеніп, шешімі табылуы керек, болмады дегенде мәселенің мән-жайы жұртқа сенімді етіп түсіндірілгені жөн. Егер олай болмаса, қоғам ішіне сына қағылады. Ал сынаның қағылған жерін бөліп тастайтыны белгілі.

Бір айта кетер жайт, халық білуге тиіс жағ­даяттар құпия ұсталса, онда қоғамды сенімсіздік, күмән торлайды. Өйткені бұл құпиялылық негізінен ұрлық-қарлықты, тонауды, жымқыруды жасыру үшін сақтала­ты­нын жұрт айтпаса да түсініп келді. Та­ра­та айтқанда, Қазақстан халқын жылдар бойы мазалаған ойлардың, тұщымды жа­уа­бы берілмеген сұрақтардың негізгілерінің бірі – жер қойнауын пайдаланатын инвес­торлардың барлық іс-қимылының ашық болмағанына, атқарушы биліктің бұл сала­да­ғы іске қатысты жұмыстарды халықтың келісімінсіз жүргізгеніне, саладан түсетін кіріс­тің толық ақпараты халыққа қолжетімді бол­мауына және тағы да басқа мәселелерге қа­тысты болды.

Сондай-ақ осы салада жұмыс істейтін қазақс­тандықтардың еңбек құқықтарының лайық­ты қорғалмауына, шетелдік жұмыс­шы­ларға қарағанда әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілгеніне байланысты көңіл тол­маушылық та қоғамымыздың жүрегіне шан­шудай қадалып келді. Бұл мәселеге қа­тыс­­­ты түйткілдерден де қоғам бейхабар қа­лып, жылдар бойы бітеу жарадай сыздаумен бол­ды.

Шетелдік инвесторлардың қазақстандық жұ­мысшыларға төлейтін жалақыларына бай­ланысты әділетсіздіктер осы уақытқа дейін қаншама рет айтылып, күн тәртібіне шы­ғарылса да, аталған мәселенің шешімін таппауы атқарушы биліктің шетелдік инвестор­лар­мен ауыз жаласып, әмпей-жәмпей болып, өзінің сырын алдырып қойып, соның кесі­рінен ештеңе талап ете алмайтын халге түскенін аңғартады.

Мәселен, кейбір кәсіпорындарда сағаттық тарифтік мөлшерлемесі – жергілікті инженерге 568 теңге, ал шетелдік қызметкерге 6 500 теңге көлемінде тағайындалғаны жө­нін­де деректер бар. Осы іспеттес жағдай­лар бүгінде білікті жастарымыздың өз елін­де маман ретінде дұрыс бағаланбай, со­ның ке­сірінен шетел асып кетуіне басты себеп болып отырғанын ішіміз сезеді. Бұл жайт елімізде табысты жұмыс істеп тұр­ған шетелдік кәсіпорындардан жергілікті қызметкерлердің еңбекақысын төлеу ісінде әділетті болуын табандап талап етуіміздің қажет екенін ұқтырады. Яғни тарифтер әділетті түрде белгіленбеген. Мұнымен ғана шек­­телмей, ел аумағында жер қойнауын пай­­даланушы шетелдік компаниялардан са­лық төлеулерінен бөлек жергілікті тұрғын­дар арасынан инженер, басшы мамандар да­яр­лау­да, қызмет көрсету саласында бір­лес­кен кәсіпорындар құруды, шикізаттық өнімдерді қайта өңдеуді міндеттеу мәселесін қатаң түрде талап ету маңызды. Өйткені қа­зақ­стандық қоғамды отыз жыл бойы мазалап кел­ген негізгі түйткілдердің бір парасы осы мә­­се­лелер.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап елімізде жұмыс істеп келе жатқан шетел­дік компаниялар кезінде құйған қар­­­жы­­ларын­­ есе­леп қайтарып алып қана қой­­май, одан­ көптеген есе пайда тапты. Ен­де­ше еліміз­дегі инвестор компаниялардың мем­ле­кетімі­зге ­қоғамдағы қордаланған әлеу­мет­тік-эко­но­микалық мәселелерді шешу ісін­де толық­­қанды көмектесуге тиіс. Бұған олар­дың мүмкіндігі мол. Тек, соны заңдық тұр­ғыда талап ете білуіміз қажет. Сонда ғана қо­ғамдағы өрекпіген көңіл күй аздап болса да сабасына түседі.

Қорыта айтқанда, бүгінде барлық салада «Әділеттілік тарифін» орнықтыру – қоғам талабы болып отыр.