Пікір • 22 Ақпан, 2022

Кәсіптік білімге басымдық берген жөн

1126 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына сұхбат берген кезде жастар үшін маңызды үш мәселе айтылды. Соның алғашқысы – еліміздегі реформалар жөнінде болып отыр. Ел Президенті бүгінде Үкіметпен бірлесіп көптеген реформаны қолға алып жатыр. Алайда реформа жүргізу – барлығын бір күнде түбегейлі өзгерту деген сөз емес. Мемлекет басшысы сұхбатта осыны анық айтты.

Кәсіптік білімге басымдық берген жөн

Жастар да мұны түсінуге тиіс. Түрлі мәселелерді біржолата шешу үшін де сабырлық, ба­йып, шыдамдылық пен уақыт керек. Жастар қауымы әлеуметтік желілерде Үкімет тарасын, анау қызметінен кетсін, мынау лауазымын босатсын деген пікірлерді жарыса жазып жатқанын жақсы білеміз. Бірақ одан түк өзгермейді. Әрбір реформа үшін уақыт қажет.

Екіншіден, ел Президенті жал­ған ақпарат тарату мәселесі тура­лы да сөз қозғады. Кейбір адам­дар «Қасіретті қаңтар» кезінде жал­ған ақпарат таратқаны жасы­рын емес. Бұл – аса қауіпті әрекет. Себебі жас­тар қауымы сол жалған ақпа­­рат­тарға сеніп, ойы бұзық адам­­дар­дың соңынан ереді. Соның салдарынан мемлекеттік қауіп­сіздікке қауіп төнеді. Сондықтан өскелең ұрпақ әр мәліметтің анық-қаны­ғына жетіп барып шешім қабыл­дауды санаға сіңіргені жөн.

Үшіншіден, Мемлекет бас­шы­сы сұхбат кезінде «Біз қоғам­да еңбекқорлық идеясын орнық­ты­руы­мыз керек. Турасын айта­йық, бұл қазір ең өзекті мəселе бо­лып тұр. Азаматтарымыз адал ең­бек­пен табыс табуды ең басты орын­ға қоюы қажет. Бақуатты ел болу биліктің жұмысына ғана емес, ол ең алдымен, əрбір аза­мат­­тың еңбегіне байланысты. Ел­д­ің тұрмысын құрғақ сөзбен емес, нақты іспен көтеру керек. Біздің жастарымыз осыны айқын ұғынса деймін», деген болатын. Расымен де, әр жас азамат өз ісі­нің білікті маманы болған кезде ғана еліміз гүлденеді, мемле­ке­тіміз түрленеді. Өзгеріс тек Прези­дентке, не болмаса Үкіметке ғана керек десек, қателесеміз. Себебі Қазақ елі тек Президент пен Үкіметтен тұрмайды. Байтақ даламызды Қазақстан халқы мекен етеді. Сондықтан жастар қауымы сапалы білім алуға, білікті маман болуға ұмтылуға тиіс. Сонда ғана жаһан жұртына еңбекқор халық ретінде таныла аламыз.

Ал жастар қауымын еңбекке ынталандыру үшін не істеу керек? Ең алдымен, кәсіптік, техникалық мамандықтарды көбірек жар­намалап, еңбек адамының қо­ғам­ға пайдасын, табатын табы­сын үлгі еткеніміз жөн болар еді. Қа­рапайым мысал келтіре кете­йін. Мәселен, кез келген қалада сан­техниктің, не болмаса тоқ жөндеу­шінің пәтер ішіндегі қыз­меті кемі 5 мың теңге тұрады. Он­дай маман күніне кем дегенде 4 пәтерге барып қызмет көр­сете­тін болса, айналдырған 4-5 са­ғат­та 20 мың теңгеге жуық қаражат табады. Оны 22 жұмыс күніне көбейтетін болсақ, шамамен 440 мың теңге шығады. Ал мемлекеттік қызметте немесе түрлі компанияда менеджер болып жұмыс істеген адам ары кетсе 150-200 мың теңге айлық алады. Сондықтан кәсіптік, техникалық білімнің мәні де, маңызы да жоға­ры. Ондай мамандар қашанда қа­жет. Сұранысқа ие. Көлік жөн­дей­тін техникалық қызмет көр­се­ту стансаларына барсаңыз да ма­манның еңбекақысы жоғары. Тіпті өз ісінің нағыз маманы біз айт­қ­ан 5 мың теңгенің орнына 10-15 мың теңге де алады. Міне, біз осы мәселені көбірек айтып, жас­­тар­ды жұмыс істеуге талпын­ды­­руы­­­мыз, ынталандыруымыз қажет.

Бұқаралық ақпарат құралдары да, әлеуметтік желілер де осыны ұдайы айтып, дұрыс жол сіл­теп тұрғаны абзал. Жоғары оқу орын­дарында мамандық жәрмең­келері ұйымдастырылған кезде де алдымен осы туралы сөз қоз­ғалғаны дұрыс болар еді. Бола­шақта мұндай кәсіптік, техника­лық мамандықтарға бөлінетін гранттар саны да артуға тиіс. Бірер жыл бұрын еліміздегі колледж қабырғаларында мұндай маман­дықтар тегін оқытыла бастады. Алайда колледжді толық білім деп айтуға болмайды. Колледжді тәмамдаған түлек жоғары оқу орнына түсуі керек. Өкінішке қа­рай, жоғары оқу орындарында мұндай мамандықтарға бөлінетін грант саны көп емес. Сон­дық­тан бухгал­терлер мен экономис­тердің санын қыстартып, кәсіптік маман­дықтарға бөлінетін гранттарға мән берген жөн болар еді.

 

Тоқтар БОЛЫСОВ,

Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры