Пікір • 22 Ақпан, 2022

Олигополияны тамырымен жою қажет

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының сұхбатын мұқият көріп, назар аударарлық тұстарын белгілеп алдым. Әсіресе еліміздің әлеу­меттік-экономикалық ахуалына кеңірек тоқталып, алдағы даму векторларына байланысты ұзақмерзімді жоспарлары туралы айтқандары құптарлық.

Олигополияны тамырымен жою қажет

Оның ішінде Президенттің оли­го­полияның ұлттық эконо­ми­каға кері әсері жөнінде жеткіз­ген ойлары көңілге қонымды. Көп жағдайда қо­ғамда осы олигополияны монополиямен шатастырып жатады.

Олигополия – жетілдіріл­меген бәсекелестік нарықтық құры­лымының бір түрі. Мұнда фир­малардың аз саны басым болады. Демек шектеулі коммерциялық құрылымдар ғана айрықша преференцияларды иеленеді. Яғни халықта таңдау да болмайды. Сөзсіз бұл халыққа, сондай-ақ тұтастай экономикаға тиімсіз жабайы капитализмнің көрінісі. Осының салдарынан мұнай-газ өнімдері, атап айтқанда, бен­зин, газ сынды әлеуметтік жағар­майдың бағасы, сол секілді азық-түлік өнімдері, жекелеген қызмет түрлері және басқа да маңызды тауар түрлері еріксіз қымбаттайды.

Бұның нақты мысалын «Са­мұрық-Қазына» ұлттық әл-ау­қат қорының негізінде байқауға болады. Осы компания құрылғалы бері ең тиімсіз құрылым екенін көрсет­ті. Қаншама маңызды сектор­лар­­да­ғы жетекші ком­пания­­ларды өз туы­ның астына біріктір­генімен одан түскен экономик­алық әсер мардымсыз. Мемле­кет басшысының аталған холдинг­ті реформалау жө­ніндегі бастама­сын дұрыс деп бағалауға болады. Осымен тоқтап қалмай, бұл ұйыммен бірге басқа да квазимемлекеттік компанияларды жекешелендіру қажет. Бұл жөнінде экономистер талай жылдан бері айтып келеді, бірақ сең қозғалар емес.

Мемлекеттің экономика­дағы үлесін азайту күн тәртібіндегі мәселеге айналғалы қашан?! Бізде оның үлесі шамамен 60%-дан асады. Егер де экономикалық теорияға салсақ, бұл көрсеткіш 50%-дан жоғары болмауға тиіс. Одан асқан жағдайды кез келген мемлекет­тің эко­но­микалық архитектурасы құл­ды­райды. Еуро­пада оның үлесі 40%-ға да жет­пейді. Оның нәти­же­сінде кәрі құр­­лық дамудың қан­дай жолына түс­кен белгілі. Сол себеп­ті тағы да қай­талап айтамын, мем­ле­­кет­тің биз­нестегі қатысуын төмен­­дету қажет. Ал оның тиімді жолы – ұлт­тық холдингтерді жеке­ше­лен­діру. Осы мәселені реттесек, еркін бә­­­се­­­ке­лестік орта дамып, олиго­по­­лия там­ырымен жойылады. Ең бас­­ты­­сы, отандық тауарлардың сапа­сы жақ­сарып, халықтың табысы ұл­ғая­ды. Президенттің сұхбатта жеткіз­бек ойы осыған саяды деп түсіндім.

 

Мақсат ХАЛЫҚ,

экономист