Мысалы, осы қаладағы кезінде жабылып қалған автобаза ғимаратын алматылық Sunpaper компаниясы сатып алды. Кәсіпкерлер іске білек сыбана кіріскен: ғимаратты қайта қалпына келтіріп, цехтар мен қоймаларды іске жарамды қылды. Одан кейін Алматыдан өндірістік станоктар әкелініп, олар біртіндеп іске қосыла бастады. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы автобазаның орнына заманауи тұрғыда жабдықталған цехтары бар зауыт пайда болды.
Бүгінде аталған кәсіпорын шығаратын дәретхана қағаздары мен майлықтар, қағаз сүлгілерден бастап дәретхана жабындарына дейінгі тауарлар тұрғындар арасында тәп-тәуір сұранысқа ие бола бастады. Зауыт шығаратын өнімнің сапалы болатын басты себебінің бірі – мұндағы тауарлар 100 пайыз целлюлозадан жасалады.
Қазір Саран қаласындағы зауыт сексенге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың арасында қала тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы ауылдық жерлердің адамдары да бар. Ұжымда әйелдердің үлесі басым. Олар негізінен конвейердің бойында тұрып, қалаушы-қаптаушы болып жұмыс істейді. Ал ер адамдар болса, негізінен цехтардағы станоктардың тоқтаусыз жұмыс істеуін қадағалайды. Мұндағы жұмысшылардың дені жастар. Олардың жұмысқа деген құлшынысы да зор. Өйткені қолға алатын тұрақты еңбекақылары өзгелермен салыстырғанда анағұрлым көп.
Айта кету керек, кәсіпорын басшылары қызметкерлерге деген жағдайдың бәрін жасауға тырысады. Мысалы, мұндағы жұмысшылар ыстық тамақты тегін ішеді. Сонымен қатар оларды арнайы автобус үйден жұмысқа, жұмыстан үйге апарып тастап отырады. Ең бастысы, компания қажетті деген мамандарды өздері оқытып, даярлап шығарады.
Жалпы, компания менеджерлерін нарықтың тамырын тап басқан деп айтуға болады. Неге десеңіз, кәсіптің мұндай түрімен елімізде айналысатын компаниялар жоққа тән деуге болады. Сондықтан да, Sunpaper компаниясы өндірген майлықтар, қағаз сүлгілер, «джумбо» дәретхана қағазы сияқты қағаздан жасалған сапалы өнімдер нарықтағы өзінің орнын ойып тұрып алды. Қазіргі уақытта керегесін кеңейткен кәсіпорынның Алматы мен елордада бөлімшелері жұмыс істей бастаған.
Менеджментті мықты меңгерген компания биыл жаңа жобаны қолға алғалы отыр. Қазір шикізат шетелден сатып алынса, алдағы уақытта қағаз негізін зауыт өзінде дайындайтын болады. Мамандардың айтуынша, мұның өзі кәсіпорынның қуатын жылына 21,4 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік беретін көрінеді. Мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін, әлбетте, мықты қолдау болу керек. Бұл тұрғыда Sunpaper компаниясының ұпайы түгел. Нақтырақ айтқанда, кәсіпорын «Моноқалаларды дамыту», «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларының қатысушысы болып саналады.
Кәсіпорын жылдан-жылға станоктар паркін жаңартып, шығаратын өнім түрлерін де көбейтіп келеді. Және олардың импорттық тауарлардан бір де бір кем түспейтіні де рас. Сондықтан да «Қарағандыда жасалған» отандық өнімге деген сұраныс мол.
Қарағанды облысы,
Саран қаласы