Әлем • 24 Ақпан, 2022

Украина аумағындағы соғыс өрті

1751 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Украина аумағында соғыс өрті тұтанды. Ресей «арнайы әскери операцияға» кірісті. АҚШ бастаған Батыс елдері Ресейге қарсы әзірге санкция салу мәселесін айтып, сөзбен ғана «қарсы шабуыл жасап» отыр. Қазіргі таңда қарулы қақтығыс бірқатар аймақта жүріп жатыр. Украина президенті Володимир Зеленский Ресеймен дипломатиялық қатынасты тоқтататынын мәлімдеді.

Украина аумағындағы соғыс өрті

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Ресей президенті Владимир Путин халыққа үндеуінде Дон­баста Украи­наны демилитаризациялау және қару­сыздандыру мақ­сатында «арнайы әскери операция» басталатынын хабарлады. Ақпарат көздерінің хабарларына қара­ғанда, кеше таңғы 5-тер шамасында Украинаның ірі қалаларының, соның ішінде ел астанасы Киевтің маңында жары­лыстардың дауысы естілген.

Украинаның ішкі істер ми­­нистрлігі Ресей әскері қа­нат­ты және баллистикалық зы­мырандар­мен атқылағанын хабарлады. Негі­зінен Украи­наның Киев, Харь­ков, Ма­риу­поль және Днепр сияқ­ты ірі қа­­ла­ларының маңындағы инфра­­құры­лымдар нысанаға алын­ған. Бұқа­ралық ақ­па­рат құрал­дарына сүйенсек, Ре­сей әске­рі бірнеше жерден шекараны кесіп өткен.

Алайда дәл қазір шынайы ақпа­раттан гөрі қауесет өршіп тұр. Қай тарап болсын өздерінің жеңіске жетіп, қарсыласының қоғадай жапы­рылып жатқанын мәлімдейді. Мә­селен, Ресейдің қорғаныс ми­нистр­лігі Украина сарбаздары жаппай қашып жатқанын атап өтті. Деген­мен мұны Киев жоққа шы­ғар­ды. Керісінше, қоян-қолтық ұрыс нәти­жесінде Ресейдің бірнеше ұшағы мен тікұшағы, танкісі және жүк көліктері отқа оранғанын айтады.

Украина президенті кеңсесі басшысының көмекшісі Алексей Арестович соғыс басталғалы бері Украина қарулы күштері 40 сарбазынан айрылғанын жеткізді. Сонымен қатар бейбіт тұрғындар арасында да қаза болғандар бар. Мәселен, Умань қаласына жасалған ракеталық шабуылдан көшеде кетіп бара жатқан велосипедшінің қаза болған сәті жарияланды. Әлеуметтік желіге тараған видеода зымыранның бірі жолдың қақ ортасына түседі.

Осы орайда, әлеуметтік желіде түрлі «фейк» ақпараттың да көптеп таралып жатқанын айта кеткен жөн. Әсіресе, «Украинадағы қазіргі жағдай» деп 2014-2015 жылдары түсірілген видеолар жиі жарияланып жатыр. Мұның бәрі ақпараттық соғыстың бір бөлігі екені түсінікті.

Ресей президенті Украина жерінде «әскери іс-қимылдарды» бас­тау жөніндегі мәлімдемесін жасамас­тан бұрын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­нің шұғыл отырысы өткен болатын. Жиын барысында Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Бас хатшысы Анто­ниу Гутерриш Украинадағы ахуал­ға алаң­даушылық білдіріп, оны бей­біт­шілік пен қауіпсіздік саласындағы ең күрделі жаһандық дағдарысқа теңеді.

«Украинаның Донецк және Луганск облыстарын «тәуелсіз» деп тану туралы Ресей Федерациясының шешімі және одан кейінгі оқиғалар – Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін бұзу. Сондай-ақ бұл БҰҰ Жарғысының қағидаттарына қайшы келеді», деді Бас хатшы.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің оты­ры­сында Ресей жағының сынға қалғанын айта кеткен жөн. Атал­ған елдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя ақталуға тырыс­қан-ды. Ол іс-қимылдарды соғыс емес, Донбасс халқын қорғауға арналған «арнайы әскери операция» деп сипаттады.

Бірақ жиында Ресей тарапына қатты-қатты сөздер ай­тылды. Украинаның тұрақ­­ты өкілі Сергей Кислиц сөз сөйлеу­ден бас тартып, оның орнына Бірік­кен Ұлттар Ұйы­мы Жарғысын көрсе­тіп, ондағы бір тарауды оқып берді. Сөйтті де «Ре­сей мұндағы міндет­темелердің еш­қай­сысын орындай алмайды», деді.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп жатқанда Ресей прези­денті Владимир Путиннің Украи­наға әскер кіргізу туралы үндеуін жария­лағаны белгілі болған. Сондықтан оған дейін сөз сөйлеп өткен мемле­ле­­кет­тердің тұрақты өкілдері қай­та мик­рофон сұрап, Кремль басшы­сы­ның әрекетін қатаң түрде айыптады.

«Біз бейбіт өмірді қалпына келтіру туралы жиында бас қосып жатқанда Путин Кеңес­тің жауап­кершілігіне немқұрай­дылықпен қарап, соғыс ашу туралы мәлімдеді. Бұл ауыр төтенше жағдай», деді АҚШ-тың тұрақты өкілі Линда Томас-Гринфилд.

Ұлыбританияның елшісі Барбара Вудворд бұл күнді «Украи­на үшін және Біріккен Ұлттар Ұйымының принциптері үшін ауыр күн» деп жариялады. Соны­мен қатар Сергей Кислиц қайта сөз сөйлеп, «Әскери қылмыс жаса­ған­дар тікелей тозаққа барады», деді.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Ресей төрағалық етеді. Сондықтан жиынды Василий Небензя жүргізіп отырды. Осындай сынның астына қалғаннан кейін ол Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын жабық деп жариялады.

АҚШ президенті Джо Байден бүкіл әлем Украина халқымен бірге деп мәлімдеді.

«Президент Путин адам өлімі мен қайғы-қасірет әкелетін, алдын ала жоспарланған соғысты таңдады. Осы қақтығыс салдарынан болатын адам өлімі мен қиратылуларға тек Ресей жауапты. Америка Құрама Штат­тары мен оның одақтастары және серіктестері бірлесіп, бұған нақ­ты жауап береді. Әлем Ресейді жауап­қа тартады», деді Ақ үй басшысы.

Әлемнің басқа көшбасшылары да әскери іс-қимылды айыптады. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Украинадағы жағ­дайға байланысты НАТО-ның тө­тен­­ше саммитін шақыратынын айтты.

«Бұл біздің құрлықтағы ең үлкен апат. Мен халыққа үндеуімде Ресей­дің Украинаға басып кіруі­не тоқ­таламын. Сонымен қатар G7 көшбасшыларымен сөйле­сіп, НАТО-ның барлық көшбасшы­ларын тез арада кездесуге шақыра­мын», деді Б.Джонсон туиттердегі парақшасында.

Еуропа комиссиясының басшысы Урсула фон дер Ляйен мен Еуроодақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік саясаты жөніндегі өкілі Жозеп Боррель Еуроодақтың Мәскеуге қарсы ауыр санкция салатынын мәлімдеді. «Ресей бұрын-соңды болмаған деңгейде оқшауланады», деді Жозеп Боррель.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг те Ресейдің Украинаға қатысты әрекетін айыптап, тез арада қақтығысты тоқтатуға шақырды.

«Ресейдің Украинаға қиянат­шыл шабуылын түбегейлі айыптай­мын. Шабуыл өте көп адамның өмірін қауіпке тігеді. Бұл – халық­аралық құқықты өрескел бұзу, Еуроатлантикалық қауіпсіздікке төнген қатер. Ресейді тез арада әскери қимылын доғарып, Украи­наның егемендігі мен терри­тория­лық тұтастығын сақтауға шақы­рамын», деді Столтенберг.

Франция президенті Эммануэль Макрон Ресейдің Украинадағы әскери қимылын кең көлемдегі соғысқа балап, бұл шешімді үзілді-кесілді айыптайтынын айтты. Сондай-ақ әскери операцияларды дереу тоқтатуды талап етті. Елисей сарайы таратқан мәлімдемеге сүйенсек, Э.Макрон Францияның Украинамен бірге екенін, соғысты тоқтату үшін серіктестерімен және одақтастарымен тізе қосатынын хабарлаған. Француз президенті таң атпастан Володимир Зеленскиймен сөйлесіп, содан кейін Елисей сара­йында премьер-министр, қорғаныс министрі және министрлер каби­неті­нің жоғарғы мүшелерімен шұғыл қорғаныс кеңесін өткізді.

Кремльдің Украинадағы әскери іс-қимылдарын халықаралық қоғам­дастық, әлем елдерінің басшылары ғана емес, Ресейдің өнер адамдары да сынға алды. Алғашқылардың бірі болып Валерий Меладзе мен Максим Галкин пікір білдіріп, соғысты тоқтатуды, келіссөздер үстеліне отыруды сұрады. Сондай-ақ тележүргізуші Иван Ургант, актриса Екатерина Варнава, футболшы Федор Смолов, әнші Сергей Лазарев, мәнерлеп сырғанаушы Ев­ге­ния Медведева секілді Ресей­дің танымал азаматтары да нара­зы­лықтарын әлеуметтік парақша­ларында бөлісті.

Сонымен қатар көптеген журналист петиция жариялап, әскери іс-қимылдар жүргізбеуге үндеді. «Новая газета» басылымының бас редакторы, Нобель сыйлығының лауреаты Дмитрий Муратов та өз пікірін айтты.

«Бүгін бәріміз редакцияға ерте жиналдық. Қайғылымыз. Еліміз президент Путиннің бұйрығы бо­йынша Украинамен соғыс бастады. Соғысты тоқтататын ешкім жоқ. Сондықтан қайғыра отырып, біз де, мен де ұяттымын. Бас қолбасшының қолында қымбат көліктің кілті секілді «ядролық түйме» тұр. Енді келесі қадам – ядролық шабуыл бола ма? Мен Владимир Путиннің кек алу қаруы туралы сөзін басқаша түсіндіре алмаймын. Бірақ біз «Новая газетаның» бүгінгі санын екі тілде – украин және орыс тіл­дерінде шығарамыз. Өйткені біз Украинаны жау, украин тілін жау тілі деп мойындамаймыз», деді Д.Муратов.

Осылайша, жергілікті уақыт бойынша 24 ақпан күнгі таңғы 5-те басталған соғыс қазіргі таңда бел­сенді кезеңге өтті. Әскери іс-қи­мылдар жедел түрде өрбіп жат­қан­­дық­­тан, бір сағат бұрынғы ақпарат ес­кіріп қалып жатыр. Сон­дық­тан соғыс барысын емес, оған қатыс­ты ай­тылған пікірлерді беруге тырыстық.

Өкінішке қарай, бұл соғыстан зардап шегетін Украина тарапынан да, Ресей тарапынан да қарапайым халық. Бірі бейбіт тұрғындарынан айрылып, еліне опат келсе, екіншісі әскерге кебенек кигізіп жіберген ұлдарын табытпен күтіп алады. Ата-ана баласынан, әйелдер сүйікті жарынан, балалар әкесінен айрылады. Зұлматтың салдарынан туындайтын экономикалық қиындықты былай қоя тұрайық. Айналып келгенде, соғыстың зардабын тартатын тағы да қарапайым халық.

XXI ғасырда өркениеті дамыған Еуразия құрлығында соғыс өрті тұтанды дегенге сену қиын. Бұған дейін әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақсатында көптеген халықаралық құжаттарға қол қойылды. Осындайда «Украи­надағы ахуалға қарап, бұған дейін қабылданған келісімдердің құны бес тиын ба?», «БҰҰ мен Батыс елдері әлемдегі бейбітшілікті сақтауда қауқарсыз ба?» деген сауалдар туындайды. Халықаралық шарттар жымысқы ниеті бар державаларды тұсап ұстай алмаса, одан пайда бар ма? Қысқасы, Украинадағы жағдай әлемді үрейлендіріп отыр.