Медицина • 25 Ақпан, 2022

Аритмология орталығындағы алғашқы операция

482 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Орталық клиникалық ауруханасы» АҚ-да аритмология орталығы ашылды. Айта кету керек, жаңа орталықта аритмияға жасалатын күрделі операциялар қымбат тұрады. Шамамен мұндай отаға 5 миллион теңгедей қаржы қажет. Дегенмен дәрігерлер бұл отаны МӘМС арқылы тегін жасатуға болатынын айтады. Сонымен қатар ОКА-да алғаш рет паркинсонға да ота жасалды. Бұл – аталған кеселге Алматыда жасалған алғашқы операция. Ондай операциялар бұрын елорда мен Қарағанды қаласында ғана жасалатын еді.

Аритмология орталығындағы алғашқы операция

 

Ендігі жерде жаңа орталықта аритмия­ның азабын көріп жүрген жандар­ға заманауи көмек көрсетіліп қана қоймай, онда отандық, шетел­дік кардиологтер жаңа технология­ларды меңгереді. Осыған ұқ­сас орта­лықтар Қазақстанда бар, алайда «Совминкада» ең күрделі жағ­дай­­­ларға ем жүргізілмек. Өйткені ари­тмия мәселесі де көкейкесті си­­пат­қа ие. Статистика бо­йынша әлем­де кенеттен келетін ажалдың 3-4 пайызы осы аритмиядан болады. Өкі­нішке қарай, қартаюмен қатар жүре­тін мұн­дай аурулардың саны жыл сайын өсіп барады.

Аритмия орталығының директоры, Грузиядан келген кардиолог Роин Рек­вава жағдайды ковид та күшейтіп жібергенін айта келе: «Қазіргі таңда бүкіл әлемде жүрек-қан тамырлары ауру­­ларынан болатын өлім-жітім жағ­дай­лары бірінші орында тұр және болжам бойынша, алдағы 20 жылда жағдай өзгере қоймайды. Коронавирус инфекциясы кесірінен жүрек-қан тамырлары кеселдерінің асқынуы көбейді, бұл да жалпы статистикаға әсер етеді. Алма­ты­да­ғы Орталық клиникалық ауру­хана базасындағы аритмология орталығы қа­зақстандықтар үшін маңызды. Бұл осындай аурулардан қиналып жүрген па­циенттерге, қан шығармай, кеудені ашу арқылы жара­қаты аз және жоғары тех­нологиялы операциялар жасауға мүм­кіндік береді. Себебі 3D-режімде тамырлар арқылы аритмия оша­ғын тауып, қатыру және күйдіру ар­қылы дертті жоямыз. Бұл – бүгінгінің және болашақтың технологиясы», дейді.

Аритмология бағытының өзі бүгінгі таңда карталау мен рентгеноскопиялық түсірілімдер, жүрекшеаралық қалқа пункциясы мен жүрек қабына қол жеткізу, криоаблация және сол жақ жүрекше алу процедурасы әдістерін қоса алғанда аритмиясы бар пациенттерді диагностикалау мен емдеудегі ең жаңа технологияларын ұсына алады.

Сондай-ақ аритмологиямен бай­ла­ныс­­ты тұқым қуалайтын кесел­де­рімен қо­­сылып жүрек ырға­ғы бұзылған нау­қас­­тар­­дың дерттерін анықтауда моле­ку­ла­лық генетика жетістіктері қол­да­ны­­лады­.

Ең қуаныштысы, осы жаңа технологиялар бір орталыққа жинақталып отыр. Мұның да маңызы зор, осы орталықта алда­ғы уақытта Қазақ­стан кардиологте­рі жаңа орталықта білімдерін жетіл­діріп, медициналық машықтарын басқа кли­ни­ка­ларда қолдануға мүмкіндік алып отыр.

Алматыда паркинсон ауруын алғаш рет емдеді

Оқырманның есіне Қазақстанда пар­кин­сон ауруына операция алғаш рет 2013 жа­сал­­ғанын сала кету керек, бірақ осы уа­­­­қыт­қа дейін мұндай операция тек астана мен Қара­ған­ды­да жасалып келді. Енді ме­­га­­полистегі Ор­та­лық клиникалық ауру­ханасында да ТМККК пен МӘМС квотасы арқылы паркинсон дертіне душар болған науқастарға алғашқы опе­ра­ция жүргізілді. Әрі ОКА базасында паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдейтін орталық ашылды. Опе­ра­цияны атақты нейрохирург, медицина ғылымдарының кандидаты, бас пен жұ­лын­ға нейростимуляторларды имп­­лант­тауға ма­манданған Шыңғыс Шашкин жа­сады.

– Әрине, операция толық са­уық­­тырып жібермесе де, осындай науқастардың өмір сапасын едәуір жақсартады. Себебі бұл нау­қас­тар­дың бұлшық еттері жұмыс істе­мей­ді. Ол үшін пациенттің миына жіңішке электродтар жібереміз, олар нейростимуляторлармен байланыстырылады да, бұғана астына, кеуде бөлігіне, тері астына имп­лант­талады. Алматыда тегін квота бойынша операция жасалған ал­ғашқы пациент 70 жаста, ол 8 жыл бойы осы кеселдің дірілдейтін түрі­нен зардап шеккен. Қазақстанда пар­кинсон дертіне душар болған 30 мыңдай науқас бар, олар негізінен қар­тайған кісілер болғанымен, ме­нің тәжірибемде 25 жастағы пациент те кездесті, – дейді Ш.Шашкин.

Айтқандай, паркинсон кесе­лі­мен Гитлер, Мұхамед Әли, Оззи Осборн, Иоан Павел ІІ, Вячеслав Зайцев, Валентин Гафт, Сальвадор Дали, Мао Цзедун сынды танымал тұлғалар да ауырған. Әлемде биостимуляторды енгізуде алғашқы опе­рация 1987 жылы жүргізілген екен. Ал қазір нейростимуляция әдісі АҚШ, Еуропа, Азия ел­дерінде сәтті қолданылады.

– «Совминка» базасында паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдеу ор­та­лығын ашу оңды шешім болды. Себебі елі­міз­дің оңтүс­тігінде халықтың 62%-ы тұра­ды, олардың өз өңірлерінде тегін ем алу мүмкіндігі жоқ. Операцияның өзі қымбат тұрады, енді бұл опера­ция квота бойынша орталық ауруха­на­да жүр­гі­зілетін болады. Тек осы жылы біз 50 сти­мулятор орнатуды жоспарлап отырмыз, – дейді дәрігер.

Қазақстанның алғашқы функционалды нейрохирургі Шыңғыс Шаш­кин паркинсон ауруын мең­дет­­пеу үшін профилактика ретінде са­ламатты өмір салтын ұстанып, кө­бірек қимылдауға, дұрыс тамақ­та­­нуға, бір іспен әуестенуге кеңес бе­реді. Дәрігер өзі жұмыстан бос уа­­қытта байк жүргізеді, бұл да шар­ша­ғанды басуға көмектесетін кө­рі­неді.

 

АЛМАТЫ