Қаңтар айындағы тестілеуде бақ сынаған 100-ден аса қатысушының ішінде негізінен ерекше білім беруді қажет ететін 99 адам бар. Былтыр осы кезеңде көру, есту, тірек-қимыл аппараты бұзылған 33 талапкер тест тапсырған болатын. Яғни олардың қатары көбейіп келеді. Демек, мұндай үміткерлерге қосымша уақыт беру туралы өзгеріс осыған байланысты болуы мүмкін.
Биылғы бірінші ҰБТ-ның нәтижесіне келсек, талапкерлердің 70%-ға жуығы шекті балл жинады. Бұл былтырмен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Осыған сәйкес орташа балдың көрсеткіші де 7%-ға артып, шамамен 68 балды құрады. Ең жоғары балл 135 болды.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев: «Қысқы ҰБТ биылғы 25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында 42 өңірлік тестілеу орталығында өтті. Тестілеу осымен екінші жыл қатарынан электронды форматта жүргізіліп келеді. ҰБТ кезінде талапкерлер сұрақтарға қайта орала алады және қағаз бланк толтыруға уақыт жоғалтпайды. Осылайша, ҰБТ нәтижелері жақсарып, орташа балл айтарлықтай өсті. Сондай-ақ электронды формат тестілеудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Орнатылған камералар арқылы тестілеу кезінде ереже бұзу фактілері де айтарлықтай азайды. Түлектердің басым бөлігі өзіне және өз біліміне сенетіні қуантады», дейді.
Білім және ғылым министрлігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, былтыр қаңтар айындағы ҰБТ-мен салыстырғанда биыл тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеттерінің саны азайған. Смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып өткісі келген 90 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда үш есеге аз.
«ҰБТ үш деңгейлі жүйе бойынша өткізіледі: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ тестілеу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. Биыл тестілеу алғаш рет «бір компьютер – екі камера – бір тестілеуші» қағидасы бойынша өткізілді. Егер бұрын тестілеу барысы әр компьютердің үстінде орналасқан бір ғана камерадан бақыланса, енді ҰБТ кезінде жеке тұлғаны сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (алдыңғы) камера орнатылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан барлығы 229 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды», деп хабарлайды жауапты ведомство.
Тағы бір айта кететіні, биылғы бірінші ҰБТ-да түлектердің 78,3%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 21,5%-ы орыс тілінде, 0,16%-ы ағылшын тілінде тапсырған.