Бизнес • 01 Наурыз, 2022

StartUp Bolashaq конкурсына өтінімдер қабылдау аяқталады

221 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Болашақ» қауымдастығы ұйымдастыратын StartUp Bolashaq республикалық бизнес-жобалар байқауына өтінімдер қабылдау аяқталады. Үміткерлер осы айдың соңына дейін қатысуға өтінім жолдай алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

StartUp Bolashaq конкурсына өтінімдер қабылдау аяқталады

 

Бес жылдан бері ұйымдас­ты­ры­лып келе жатқан байқауға биыл 4 мыңға жуық өтінім тіркелген. Бұл – әлеуметтік жоба тари­хын­дағы ең жоғары көрсет­кіш. Өтінімдер саны бойынша Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы және Алматы облысы көш бастап тұр.

«Болашақ» қауымдастығының мүшесі әрі StartUp Bolashaq республикалық бизнес-жобалар байқауының бас демеушісі, Alawwal partners ком­па­ния­сының басқарушы серіктесі Қаныш Аманбайұлы жоба жеңім­паз­дарына гранттар берілетінін айтты.

«Байқауға жолданған жоба­лардың көп бөлігі IT-сала, MarketPlace саласына бағыт­тал­ған. Екіншісі – білім беру секторы, дизайн, сән. Қатысушылар арасында әйелдер көп. Бұл – қуантарлық жайт. Байқауда бақ сынаушылардың жасына келсек, барлық санаттағы азаматтар деу­ге болады. Биылдан бастап біз ешқандай шектеулер қоймаймыз, орташа жас – 28. Басты жаңа­лық­тар­дың бірі – гранттар болмайды. Біз финалистердің бизнес-періштелерге өз жобаларын ті­ке­­лей таныстыра алатын алаң ұсынамыз, өтініш берушілер мен инвесторлар арасында ашық, жақсы диалог орнайды. Меніңше, бұл көптеген адамдарға жақсы үлгі болады және барлығы жобаны таныстыруды, есептеуді, айтуды, қорғауды, инвестор тартуды үйренеді», деді Қ.Аманбайұлы.

Спикердің айтуынша, бай­қау­дағы тағы бір үлкен жаңалық – бизнес-періштелерге ментор болуға мүмкіндік беріледі. Бұл – кәсібін енді бастап отырған кәсіпкер үшін үлкен артықшылық. Өйткені ол қаржыға ғана емес, өмірлік серіктеске де ие болады. Бұл бизнеске ғана емес, жалпы, өмірге де оң әсерін тигізеді. Қандай да болсын кеңестер алып, тәжірибелі кәсіпкерлердің жіберген қателіктерін білуі мүмкін. Бұл жобаға өте жақсы және нәтижелі әсер етеді.

Осылайша, биыл StartUp Bolashaq республикалық бизнес-жобалар байқауын өткізу форматы өзгерді. Бұрынғыдай гранттар берілмейді, финалистер Қазақстанның танымал және беделді бизнесмендерінің инвес­ти­циялық және сарап­та­малық қолдауын иеленеді. Бизнес-періштелер қауымдастығының құрамында Қаныш Төлеушин, Арманжан Байтасов, Мұрат Әбдірахманов, Қанат Көпбаев, Гаухар Қаппарова, Тимур Турлов, Ерлан Исекешев, Бейбіт Әлібеков, Динара Сәтжан және басқа да танымал тұлғалар бар. Олар перспективалы бизнес-идеяларды қарауға бірлесіп қатысуға және 100 млн теңгеден басталатын инвестициялары бар шағын және орта бизнес кәсіпкерлерді қолдауға дайын. Бизнес-періштелердің ин­вес­тициялық ұсынысы бір жобаға 10 млн теңгеден бастап қаралады.

Қоса кету керек, 28 ақпанда байқауға өтінімдерді қабылдау тоқтатылады, наурызда жартылай финалистер таңдалады, ал наурыз айының соңында жеңімпаздар тізімі белгілі болады. Оларды бизнесмендер, қоғам қайраткерлері, сарапшылардан тұратын комиссия мүшелері іріктейді.