Экономика • 08 Наурыз, 2022

Гүл «күлшелі» бизнеске айналды

577 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Сауда және интеграция министрлігі гүл бизнесіндегі мәліметтерді жаңартты: 2021 жылғы сауда айналымы 42,4 млн долларға жеткен. Бұл – 2020 жылмен салыстырғанда 34,3 пайызға көп.

Гүл «күлшелі» бизнеске айналды

Бұл жолы да гүл ханшайымы – раушанның бәсі басым болып тұр. Гүлдің осы түрінің үле­сі 65,5 пайыз болса, пион тәрізді раушан гүлі­­нің ерекше сорты ранункулюстің үлесі 0,2 па­йызбен шектеліп тұр. Ал жекелеген ел­­дер сана­тындағы импортерлердің тізгінін 66,5 па­йыз­бен АҚШ бастап тұр. Нақтыласақ, өт­кен жылы бұл ел бізге 1,6 млн долларға гүл сат­қан. Қазақ­стандағы гүл нарығына болжам жасау­дың мүмкін емес екенін сарапшылардың бәрі айтады.

Нарықтың ең нәзік сегментіндегі жағдай – ерке қыз бен сылқым келіншектің мінезі сияқты ай сайын қырық құбылып тұрғанымен, пайдасы басым бағыт. Ішкі нарықты 20 жылдан бері билеп-төстеп келе жатқан сары тіс ойыншылар сауда айналымында жылдың көрсеткіші 120-200 млн, соның ішінде импорттың үлесі 20-40 млн доллардың арасында құбылып тұратынын айтады.

Күні бүгінге дейін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары гүл бизнесі үшін ең жайлы аймақтардың қатарында аталатын. Енді бұлардың қатарын Ақтау мен Атырау то­лық­­тырыпты. 2021 жылдағы жағдай гүл на­ры­ғының қалыптасқанын, гүлді сырт­тан, іштен жеткізушілер мен сатып алу­шы­лар арасындағы байланыстың да жүйе­лен­ге­нін көрсетіп тұр. Сарапшылар бұл салада отан­дық өнімнің үлесі өзге өнім түрлерімен салыс­тырғанда қозы көш алға озып кеткенін айтады. 2021 жылы гүл нарығындағы отандық өнім­дердің үлесі 30 пайызға жетіпті. Бұл – өт­кен жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға көп.

2018 жылдан бері отандық үлесте өсім бар. florist.kz интернет салонының иесі Денис Хонның айтуынша, қазақстандықтар шетел асып келген өнімдерден емес, сабағынан жаңа үзілген, хош иісті гүлдерге басымдық бере бастаған. Сарапшының айтуынша, нарық­тағы ойыншылар енді академиялық ғылыми қауым­дастықпен жұмыс істеуге дайын отыр. «Жыл өткен сайын гүл түрі көбейіп келеді. Бір ғана раушан гүлінің бірнеше жүздеген сор­­ты бар. Соңғы жылдары отан­дық ғалымдар рау­шан гүлін пион гүлімен будандастырып, ерекше сұрыпты гүл түрін ойлап тапты. Өткен жылы гүлдің осы түріне сұраныс жоғары екені байқалды», дейді Д.Хон.

Д.Хонның айтуынша, тұтынушылар­дың жас ерекшелігі де талғамға әсер ететін көрінеді. 16-35 жас аралығындағылар жасанды жасыл желектермен безендірілген гүл шоғырына басымдық берсе, посткеңестік рау­шан гүл шоқтары – 35-тен жоғары топтың талғамы. «Біз гүлдерді мүлдем стандартты емес форматта көркемдеуге тырысамыз. Тіпті қарапайым гүлдерді жасандырып қойып, жоғары бағаға сатуға болады», дейді Д. Хон.

Гүлдердің сапасының халықаралық стан­дарттарға сәйкестігіне қарай оларға рейтинг қойылып, соның негізінде баға қалыптасады. Сатушылар да осы ұстанымды басшылыққа алатын көрінеді. Өткен жылы 14 қаңтар – 8 нау­рыз күндері бір раушанның бағасы орта есеппен 1000-1500 теңге болды. Гүл бизнесіндегі барлық ойыншы осы бағадан ауытқыған жоқ. Дегенмен гүл бизнесінің алпауыттары мереке күндері ең төменгі маржамен сатып, гүлдің бағасын төмендетіп жіберуге тырысады екен. Айналымда бірнеше млн доллар капиталы бар ірі ойыншылар маржаны төмендеткеннен зиян шекпейді, қиналатын – жаңа ойыншылар. Гүл бизнесінің тәуекелі жоғары. Саланың қыр-сырын білмей жатып, көп қаржы салып, жер соғып қалғандар бар. Сабағынан үзілген раушан гүлі он күнге дейін арнайы тоңазыт­қыш­тарда түрін бермей сақталады. Гүлдің тоңазытқыштан сату нүктесіне жеткізілгенге дейінгі уақыты 3 күннен аспау керек. Оның уақыты ұзаған сайын бағасы 15-20 пайызға дейін арзандайды.

Сарапшы айтып өткендей, Қытай мен Өз­бекстаннан жеткен гүл сұрыптары екі түр­ге бөлінеді. Алғашқы түрдегі 50 пайызы бас­тапқы бағасынан 100 пайыз көтеріп сатады, екінші түр – сырты солғын, күлтешелері сыр беріп қалғандарын өз бағасына өткізсе де ұтыл­майды екен. Сайып келгенде сатушының пай­дасы – 50 пайыз. Көзін тапса, осы пайыз­бен де бизнесті алға жылжытуға болатын көрінеді.

Алматының маңайында көп жылдан бері жылыжай гүл бизнесімен айналысып жүрген Дәурен Баймағамбетов алыс-жа­қын шетелдерден қыр асып жететін бар­лық гүл түрін өзімізде өсіруге болатынын айтады. Бұл ретте біздің жер жағдайына бейім­дел­ген тыңайтқыштар­ды қолдану керек. Халық­аралық талаптарға сәй­кес, барлық өндіруші гүл өсіру кезінде химия­лық заттарды пайда­лануды азайтуға тырыса­ды. Химиялық ері­тінділерді көп қолданған сайын гүлдің күл­тешелері қатайып, бастапқы хош исінен айы­рылып қалады.

Раушан гүлдері сортымен ғана емес, ұзын­­­дығы бойынша да бөлінеді. Бізге жет­кен­­дерінің сымбат-сойы 40, 50, 60, 70-80 см және одан жоғары. Сарапшы айтып өт­­кен­дей, біздің нарықта ғана емес, жазық, ашық кеңіс­тікте бойы 80 см-ден асатын раушан гүл­дерді өсіру мүмкін емес. Сондық­тан ұзын­дығы 2 метрлік раушандар бізге Оңтүс­тік Америка тауларынан жетеді. Эква­дорлық­тар мен колумбиялықтар гүлдің сақталу мер­­зі­мін ұзарту үшін қымбат технологияны қол­дануға мәжбүр болады екен. Бұл гүлдің осы сортының түрін үй жағдайында бұзбай сақ­тауға мүмкіндік береді.

Содан кейінгі басымдық – арзандығы. Мереке күндері мұхит асып келген раушан­дар­дың бағасы 2 мың теңге болса, біздің жылы­жайда өскен гүлдерді 500-700 теңгеге сатып алу­ға болады. Сарапшылар біздегі гүл бизнесі­нің индустрия болып қалыптасуына мүмкіндіктер мол екенін айтудан жалыққан емес. Соның басты өлшемі – халықтың ықыласы. Екіншісі – қазақстандық гүлдерді сататын, тарататын сауда нүктелерінің көп болуы. Сарапшылар үшінші бағыт ретін­де барлық аймақта, әсіресе елдің батыс ай­ма­ғында жылыжайдың көптеп салынуы қажет­ті­гін, гүлді өсірумен, сәнімен айналысатын ма­ман­дарды ЖОО бағдарламасы­на енгізу қажет­тігін айтады. Гүлдің өтімділік мерзімі туған күн немесе мерекелермен шектеп қоюға болмайды. Дүние есігін гүлмен ашып, гүлмен жабу дәстүрге енді. Сол себепті Қазақстанның барлық өңірінде жылыжай тех­но­логиясына басымдық беретін кез кел­ді. Жал­пы, бізде шетелдік селекционерлер­мен сәтті бәсекеге түсуге мүмкіндік мол. Гүлді тұ­тыну мәдениеті өзгеріп, адамдар күн сайын супер­маркеттерден, бутиктер мен интернет-дү­кен­дерден гүл сатып ала бастаса, нарық өседі. Демек елдегі гүл нарығының тағдырын тұтынушының талғамы шешеді.

 

АЛМАТЫ