Үкімет • 09 Наурыз, 2022

Балалар құқығы басты назарда

176 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, бірқатар заң жобасы мақұлданды. Депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске байланысты мәселелер бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Балалар құқығы басты назарда

Бұл заң жобасының негізгі мақсаты – байланыс саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру. Құжатта байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеу, интернет сапасының белгіленген талаптарына сәйкес келмегені үшін айыппұл сомасын ұлғайту арқылы реттеушінің рөлін күшейту ұсынылады. «Пандемия және халықтың қашықтан жұмыс істеуі режіміне көшуі кезінде ұсынылатын байланыс қызметтері сапасының маңызы арта түсті. Ол халықтан келіп түсетін шағымдардың көбеюінен байқалып отыр. Сонымен қатар жүргізілген тексерулер бойынша анықталған заң бұзушылықтар осыған байланысты проблеманың бар екенін дәлелдейді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жанна Телпекбаева.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабына сәйкес ірі кәсіпкерлік субъектісі үшін айыппұл 100 АЕК-ті, бір жылдың ішінде қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін 200 АЕК-ті құрайды. Бұл ретте ірі кәсіпкерлік субъектісі заң бұзушылық фактісін мойындаған кезде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 50 пайыз, яғни 50 немесе 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге құқылы. «Көбінесе операторларға қосымша жабдықты орнатудан немесе өз желісін өзге де түрде дамытуға қарағанда, айыппұлдың жарты көлемін төлеген ыңғайлы. Осы орайда байланысқа қатысты барлық қолайсыздықтар оператор алдындағы өз міндеттемелерін тұрақты негізде орындайтын, яғни тарифті толық көлемде төлейтін абоненттерге әсер етеді. Заң жобасы заңнамада белгіленген техникалық параметрлерге сәйкес келмейтін байланыс пен интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсеткені үшін ірі кәсіпкерлік субъектілеріне әкімшілік айыппұлдардың мөлшерлерін ұлғайту арқылы байланыс операторларының жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді», деді депутат.

Сонымен қатар отырыс барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясын ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды. Конвенцияны ратификациялау халықаралық коммерциялық қатынастар тұрғысында туындайтын халықаралық дау­ларды медиация арқылы реттеу жөніндегі шарттық-құқықтық базаны күшейтуге, сондай-ақ мемлекеттің халықаралық сауда құқығы саласындағы ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді. «Бүгінгі таңда медиацияға деген сұраныс неғұрлым артып келеді. Медиацияның көмегімен екі тараптың мүдделерін қанағаттандыра отырып, дауды шешуге болады. 2019 жылғы 7 тамызда Сингапурда Қазақстан БҰҰ-ның медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясына қол қойды. Конвенцияның мақсаты – медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық келісімдерді қатысушы мемлекеттердің аумағында тану және орындау. Осы уақытқа дейін медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық келісімдерді тану және сақталуын қамтамасыз етудің бірыңғай тетігі болған жоқ. Сәйкесінше, дау тараптары үшін татуласу келісімін басқа юрисдикцияда тану және орындау үшін сотқа жүгінуге мүмкіндік туындайды», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Әділет министрі Қанат Мусин.

Оның айтуынша, Конвенцияға сәйкес татуласу келісімін орындау ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Медиация нәтижесінде қол жеткізілген келісімдерді орындау тәртібі «Медиация туралы» заңның және Азаматтық процестік кодекстің ережелерінде көзделген. «Конвенция қаты­сушы мемлекеттердің екі және одан да көп компаниялары арасындағы халықаралық коммерциялық дауларына ғана қолданылады. Конвенцияны ратификациялау соттан тыс медиацияны жетілдіруде оң қадам болып отыр. Ол халықаралық саудаға жәрдемдесудің маңызды құралы болып саналады және коммерциялық тараптардың халықаралық келісімдерін жүзеге асыруға ықпал етеді. Қазақстанның Конвенцияның қатысушы ретіндегі мәртебесі елдің халықаралық бизнес-беделіне және инвестициялық тартымдылығына оң әсер етеді», деді министр.

Жалпы отырыста екінші оқылымда бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мақұлданды. Осы заң жобасы бойынша Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, депутат Жәмилә Нұрманбетова баяндама жасады. «Заң жобасы 2021 жылғы 15 қыркүйекте бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат Қазақстанда баланың құқықтарын қорғау үшін тиісті құқықтық негіз құру мақсатында әзірленді. Заң жобасында балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылық көріністерінен, оның ішінде оларды отбасылық қатынастар, білім беру және ақпараттық кеңестік салаларында қорғау тетіктерін іске асыруға бағдарланған нормалар көзделген», деді депутат.

Осы орайда құжатты қарау барысында депутаттар бірқатар түзету енгізгенін айтты. Атап айтқанда, олар ерекше қажет­тіліктері бар балалардың медициналық оңалту қызметтерін алуға қол жеткізуін кеңейту, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй алу үшін есепке қою мерзімін қысқарту ескерілген. «Кәмелетке толмағандар арасында жәбірлеу, буллинг көріністерін алдын алу мақсатында «жәбірлеу» ұғымы заңнамалық түрде бекітілді. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алу қағидаларын әзірлеу жөніндегі құзыреті көзделген. Бұдан басқа, құқыққа қарсы контентке қарсы іс-қимыл тетігін, оның ішінде «онлайн-платформа», «лездік хабарлар алмасу сервисі» ұғымдарын бекіту арқылы регламенттеу жөніндегі нормалар ұсынылды», деді депутат.

Сонымен қатар білім беру саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді таңдау қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша жаңа құзыреттер беруге, білім беру саласындағы уәкілетті органның орта білім беру ұйымдары үшін жекелеген пәндер бо­йынша базалық оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді айқындау әрі бекіту жөніндегі функция­ларын бекітуге бағытталған нормалар көзделген. «Заң жобасы аясында қаралып жатқан мәселелердің кеңейгенін ескере отырып, депутаттар заң жобасының тақырыбын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту жөнінде ұсыныс енгізді. Бұл түзетулер барлық мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты қаралды», деді Жәмилә Нұрманбетова.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары «Қа­зақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қаты­нас­тары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат депутаттары енгізген өзгерістермен келісті.

Жалпы отырыста Мәжіліс Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Файзолла Қаменов және Сергей Решетниковтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады. Сонымен қатар жалпы отырыста жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай ант беріп, Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Бас про­курордың атына жолдаған сауалында депутат Жанарбек Әшімжан құзырлы органдар «Қасіретті қаңтарға» байланысты қоғам сұрақтарына жауап беруі керек екеніне назар аударды. «Мен қаңтардың қаралы күндері ең ауыр жағдайларды бастан кешкен Алматы облысы мен Алматы қаласында болып, Мәжіліс депутаты ретінде қалың бұқарамен және істі болып жатқандардың туыстарымен арнайы кездестім. Абақтыда жатқандардың ата-аналарының талаптары бойынша Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында болып, жастармен де жүздесіп, сөйлестім. Себебі істі болып жатқандардың ата-аналары, туыстары тарапынан «тергеу изоляторларында нағыз азаптаулар, қылмысты күшпен мойындатудың адам төзгісіз түрлерін қолданып жатыр» дегенді алға тартты. Бүкіл камераларды аралап, әрқайсымен жеке-жеке сөйлесіп, көз көріп, көңіл сенген жағдайларды көңілі алаң болып отырған туған-туыстарына жеткіздім. Дәл осындай кездесулерді әріптестеріміз Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында да өткізген болатын», деді депутат.

Депутат қоғамды мазалаған сұрақтар әлі күнге дейін ашық күйінде тұрғанына тоқталды. Ж.Әшімжан осы мәселелерге бүкпесіз, ашық жауап берілу керек екеніне екпін берді. «Уақыт ұзаған сайын сенім сетінеп, күдіктің тұманы қалыңдай береді. Сондықтан тиісті күштік құрылымдар, мемлекеттік орган басшылары жеделдетіп Мәжілістің төріне келіп, оқиғаға байланысты осы және басқа да сауалға ашық және анық, бетпе-бет жауап беруі керек. Бұл – халықтың, қоғамның талабы», деді депутат. Бұл бастамаға Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов қолдау білдірді. Спикер Палатаның тиісті комитеті мен аппарат басшылығына аталған тиісті органдар өкілдерінің жауап беруін ұйымдастыруды тапсырды. «Әрине, біз тергеу құпиясына немесе нақты қылмыстық істер бойынша тергеу амалдарына араласа алмаймыз. Бұл тұрғыда заңнамада шектеулер бар. Бірақ қоғам қаңтар оқиғаларына байланысты сұрақтарға жауап күтіп отыр. Осыған байланысты отырыстардың бірінде бұл мәселелер бойынша тиісті лауазымды тұлғалардың ақпаратын тыңдаған дұрыс болар деп ойлаймын», деді Е.Қошанов.

Сондай-ақ Альберт Рау, Артур Платонов, Қайнар Абасов, Айгүл Нұркина, Жамбыл Ахметбеков, Ерлан Саиров, Александр Милютин, Дания Еспаева, Ерлік Өмірғали, Бақытбек Смағұл, Дархан Мыңбай, Екатерина Смышляева, Айбек Паяев, Юрий Жулин, Сырым Ертаев тиісті мемлекеттік мекеме басшыларына өз сауалдарын жолдады.