Қазақстан • 09 Наурыз, 2022

Қызғылт қамалдар

673 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл айналып жаза бергіңіз, ай айналып айта бергіңіз келеді. Алда-жалда «мақтаншақ» деп біреу сөге қалса, мұны қазақтың көнтерілі әдетіне жорыңыз. Жорыңыз да, мұқым әлемге мұрныңыздың ұшымен қараңыз. Дәл мысырлықтар секілді, түйемен пирамидаларын арқалаған. Әй, біз бәлкім қадірін білмеспіз, бұл ғажайып Еуропада болса ендігі естанды етер еді. Шырайлы Шарын шатқалы, сені айтып отырмыз! Жетісудың жеті кереметі, ұлан-ғайыр даланың уысындағы бір ғажап бұл!

Қызғылт қамалдар

Жергілікті жұрт «Шайтан қала» десе, одан шошымаңыз, айпара аңызды бауырына басқан мөлдір мекеннің жұм­бағы адамзатқа ырық бермеуде. Әлгі өнертапқыш Илон Маск жердегі тұрғындарға «осы ғажайып шатқалдарды көр де, Марсты көр» деп түсіндіретін көрінеді. Бұл аумақтан зерттеуші-ғалымдар көне заманда өмір сүрген піл тектес хайуан, мүйізтұмсықтар, стенон жылқылары сияқты мол шоғыр аңдардың тасқа айналған тәбәрігін тауыпты. Ал жасы 10-12 миллион жылды құрайтын ғажайып жартас-мұнаралардың тарих өзі тұсауын кесті, әлемге паш етті. Бұл – сонау мұздық дәуірінен кейінгі табиғат қолы, жел мен жаңбырдың жетістігі. Сіз, егер мұнда келсеңіз: бірде аспанға атыла берген айдаһардай состиып-сос­тиып тұрған, бірде «Шайтан қаланы» кезіп жүрген мыстан кемпірдің сәтке мелшие қалған сұлбасындай сұстия-сұстия қалған, енді бірде аңғар бойлап, алдас­паны жарқылдап андағайлап шапқан батыр тұлғалы түрлі мүсіндегі жартастар мекеніне тап боласыз.

Бара қалсаңыз, көңіл биігімен көзапа қараңыз. Өріле аққан өзенінде жабағыдай жапырыла жосқан жон балығы, қойға ұқсап қаптал-қапталға қайқая қанат жая, бытырай бұйралана өрген бөріқарақат пен сексеуілі, сол сексеуілден қылаң беріп, үдере тартатын таутекелер һәм қасқыр мен түлкісі – бәрі-бәрісі бұл шатқалдың баға жетпес байлығы. Топтана, топтала, шоқ­тана өскен тоғайдың жайы –тағы бір әңгіме.

Тоғай демекші, мұнда тамырын тарихтың қатпар-қатпарына сүңгітіп-сүңгітіп алып, жаһандық мұз дәуіріндегі сұрапылдарда да сұламай өткен ежелгі соғдылық ерен ағашы бар. Сұламақ түгілі, шатқалдың түпкірінде әлі шарапаттана жайқалып тұр. Арасында діңіне жеті адамның қол ұстасқан құшағы әрең жететін алыптары да ұшырасады. Осындайда бір айта кетерлік жайт, бұл ағаш ел аузында «шаған», «шетен», «шеген», тіпті, «шынар» деп те аталып кеткен. Ал бұл туралы көрнекті журналист Жанболат Аупбаев: «Онда темір сияқты өте қатты, ыстық температураға шыдамды ағаш өседі. Оны биолог ғалымдар Шарындағы шетен (ясень) тоғайы деп жүр. Біздіңше, бұл – дұрыс емес, қате атау. Себебі шетен ағаштардың ішіндегі ең жасығы. Оның әлсіздігі сондай, егер қазық жасап жерге қақсаңыз, жартысынан морт кететін ол соққы тиген сайын бой-бой болып сөгіліп, шытынап кетеді. Бала күнімізде Сарытоғайдан әкелген жоғарыдағы темір ағашты аталарымыз бен әкелеріміз: «Бұл – ерен ағашы. Оны өзен көпірінің астындағы тіреуішке қойсаң шірімейді, үйдің төбесін жабарда белағашқа пайдалансаң сынбайды», деп отыратын», деп айтып, былайғы жұртқа бірнеше ескертпе жасаған.

Кейде оған қарап, Шарын шатқалы осы ағаштың анасы ма дейсіз: қиянатты қолдардан сақтану үшін бұл барып бауырына тығылған. Тіпті олай демей көріңіз: ерен шіркініңіз әлемде екі-ақ елде тамыр жайыпты. Оның бірі – сона-а-а-ау Солтүстік Американың Невада штатындағы «Гранд» шатқалында ғана өссе, енді бірі – осы Шарында. Сондықтан да бұл ағаш 1964 жылы 19 наурызда арнайы Қаулымен: «республикалық маңызы бар табиғат ескерткіші», деп жарияланған болатын.

Солтүстік Американы айтпақшы, біздегі осы шатқал сол қияндағы елдің Үлкен Колорадо каньонымен өте ұқсас. Екеуара егіздің сыңарындай. Өйтпесе, ел аузында Шарын оның «Кіші бауыры» аталар ма еді, аталмас па еді, кім біліпті?! Бір білеріміз, бүгінде бұл ұйық топ-топ туристің көз тойдырып, көңіл тоғайтатын, жан сергітетін орнына айналып үлгерді. Әлемнің әр бұрышынан бұл араға келуге құштарлығы оянғандардың да қатары молайған. Келмегенінің көңілі аңсаулы, ал аяқ басқанының қайта сағынып, аңқасы кебеді. Бұлай деуге де алабөтен себеп жоқ емес. Мәселен, осыдан сәл бұрын атақты саяхатшы Марко Поло туралы тарихи-драмалық сериал жарыққа шыққан-тұғын. Мұның несін айтасыз дейсіз ғой: батыстың еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін ерекше сүйіп көрген сол сериалдағы кейбір көріністер біздің Шарын шатқалында түсірілгенін мақтанып айтқымыз келеді. Тағы ондаған фильмнің де түсірілім орындарына айналған-ды. Бұл аз десеңіз, тағы бір дерек үстейік. Қазақстандық киносуретші Нұрлан Әбішевтің Нью-Йоркте өткен байқауда екі бірдей туын­дысы жоғары бағаға ие болғаны сіз бен біз­дің есімізден кете қоймаса керек. Соның ішінде «Реализм» категориясының күміс жүлдегері «Шарын шатқалы» атты кинокартинасы болған-тұғын. Мұны туын­дыгер талантымен қоса жұрт біткенге жұл­дызы ыстық, шырайлы Шарын шат­қалының шарапаты деп біліңіз.

Мұндайда мына бір керемет пікір еске түседі. «Шарын шатқалы – екінші Калифорния». Артық-кемі жоқ. Тіптен бұл шатқалдың қызыл топырағына бала күннен балағын былғап өскен сіз болсаңыз, «Калифорния – екінші Шарын шатқалы» деп атар ма едіңіз, кім білген?! Ал ресейлік блогер Дмитрий Балакирев болса аузы ашылып, көзі жұмылып: «Өзге ғаламшарға түскендей боласың», деп бойындағы ыстық эмоциясын біздің Шарынға арнапты.

Осы өзге ғаламшар дегеннен шығады. Шарын шатқалындағы сан түрлі бедерлі көріністерді жергілікті тұрғындар ерте кездерде мифтік аңыздарға арқау етіп, «Шайтан қала», «Қызғылт қамалдар» деп те атасқан өзара. Ондағы әртүрлі мүсін пішінді жеке жартастарды «Мыстан кемпір», «Айдаһар», «Тас қалашық» атандырып, соған сәйкес ел арасына аңыз, ертегі текті әңгімелер тараған. Бұл да каньонның алапатын асырып келеді.

Шарын өзені жағалауларынан өткен ғасырларда түрлі тайпа мен халықтың тұрағы болғанын айғақтайтын жүздеген қорым табылды. Ұлы Жібек жолының бір тармағы Шарын шатқалын бойлай өткендігіне де дап-дардай дәлел бар. Мәселен, жоғарыда сөз арасында дәйек еткеніміздей, атақты саяхатшы Марко Поло тура киноның біраз сюжет­терінің осында түсірілуі тегін дейсіз бе? Оның үстіне, сол сауда-саттық кейінге дейін үзіл­мей сақталды. Мысалы, өткен ға­сыр­ларда жыл сайын Шарын өзенінің бас­тауындағы Кеген алқабында, күзгі Қар­­қара жәрмеңкесі өткізіліп, бүкіл әлем­­нен сан алуан тауарлар жеткізіліп отыр­­ды.

Бізге дейін қаншама адам жазды, бізден кейін қаншама адам жазар, бірақ сіз Асқар Алтайдың «Киллер сауыс­­қанын» оқып шығыңызшы?! Сон­­да шығарма кейіпкері Қарашаның көз­жендеті (сауысқан) осы Шарында аң ал­майды. Сауысқанның қалай аңға түсетіні басқа әңгіме болса да, жазушы шеберлігінде оқиғаның осы төңіректе өрбуі де көп жағдаяттан хабар берсе керек. Оқып біткен соң, «Алқаптар ғимараты» деп аталған Шарын шатқалына бөгелмей тартып берерсіз, бәлкім?!