– Рақмет, апа, – деген күйі жүгіріп өттік. Апа сосын барып орнынан қозғалып, жүрісін әрі қарай жалғастырды.
Миллион адам тұратын мегаполисте бізді танымайтын, білмейтін, өмірінде көрмеген, тіршілікте біздей адамның барынан тіпті бейхабар, өзі қалада тұрса да қазақы қалыбын жоғалтпаған апаның алдымызды кесіп өтпей, «азамат қой» деп жол берген әрекетіне жүрегіміз жылып сала берді. Айтары жоқ, бұрын бастан кешпеген ерекше күй. Масаттану, марқаю болмаса өзіңнің еркек екеніңді сезіну емес. Құрметтің, ілтипаттың бөлекше бір түрі. Азамат атыңды асқақтатып қана қоймай, әйел атаулысының алдындағы жауапкершілігіңді арттыра түсетін ерекше қадам.
...Баяғыда-а-а, ауылда осы көрініс жиі қайталанатын. Ақсақал-қарасақалдың алдын кесіп өткен әйел затын көрмеппіз. Үлкендер түгілі, еркек санатына жататын балаларға да осындай құрмет көрсетілетін. Көшенің басынан тайға мініп келе жатсақ ақ жаулықты аналарымыз біздің өтіп кеткенімізді күтіп тұратын. Сарықарын жеңгелеріміз де осы жаңа түскен келіндей жол беретін. Сол сәтте жеңгелерімізге еркелеп, жүрісімізді баяулата түсіп, ырғалып-жырғалып жүретінбіз. Оны көрген жеңгеміз «Жүгермек, тез болсаңшы, адам өзі асығып тұрғанда» дейтін жалынғандай. Сол сәттегі сақ-сақ күлкің қандай?! Осының бәрін қалыпты дүние деп қабылдаппыз. Аса мән бермеппіз. Түбіне, тереңіне бойлап қарамаппыз. Әлгі бала кезден көріп өскен тәрбиенің тамырын қалалы жерде кездестіргенде ерекше әсерленгеніміз де содан шығар.
Құндылықтар өзгерген, өзге өңге енген заман. Қалада қай әйел баласына жолымды кеспе дей аласың? Олай деуге хақың да жоқ. Саған қарап тұратын жұрттың уақыты да жоқ. Сондықтан қазақтың бұл дәстүрі осы апалармен бірге кететін шығар-ау.
Өткенде Ақтаудағы ма, әлде Жаңаөзендегі ме бейбіт шеруде елдің бәрі газдың мәселесін айтып жатқанда бір жігіт микрофонды жұлып алып, «Қазіргі заманды бұрынғымен салыстыруға келмейді. Тіпті келіндер сәлем салмайтын болды» деді ғой. Сонда жұрт ду ете қалды. «Қоя тұр» деп. Негізі сол жігіттің сөзінде ақиқат та бар еді…
Ержан БАЙТІЛЕС