Руханият • 10 Наурыз, 2022

Он сегіз асық

299 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Атыраудан ауылға қарай бет алсам, ұзын жолдың 827-шақыры­мындағы «Сүлеймен ата» деген бағыттама қалың ойға батырып, есіме еріксіз өткен бір жайды оралтады. Оның бәрі ел басына төнген отызыншы жылдардағы нәубет салқыны еді. Сол ызғар талайды атажұрттан ажыратты, адастырды, тамырынан қиды.

Он сегіз асық

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мұхит қария Сүлейменов бұл жолғы сапарына дән риза. Тіпті бұлай болады деп ойламапты. Бірақ адам жасы есейген сайын кіндік кесіп, кір жу­ған топырағын жиірек еске алып, ой орманын кешеді екен. Балалығы, құлын-тайдай тебісіп, бірге ойнаған достары, мектепке барып, қолына «Әліппе» алған алғашқы күндері, бәрі-бәрі еске оралады. Ол алғашында әкесі ашқан медреседе білім алды. Одан соң Ганюшкиндегі орыс-қазақ училищесінде оқыды. Кейін Мәскеудің түсті металдар институтын бітірді. Қалған өмірі еліміздің шығыс өңірінде өтті. Сол жақта отау құрды, балалы-шағалы болды. Еңбекте де абыройсыз емес-ті. Қазақ КСР-нің құрметті кеншісі атанды. «Құрмет белгісі» орденін, ондаған медаль тақты.

Оның туған жерден жырақтап, тым алыста жүруінің бір себебі мамандығына сай қызмет бабы болса, екінші түйткіл – елдегі жағдай, қоғамдағы өзгерістер. Бұл отызыншы жылдардың ба­сындағы оқыған ұлт зиялыларын қу­далап, байларды тәркілеген, молдалардың артына шам алып түскен аса бір қиын шақ болатын. Мұхит үшінші курсты бітірген соң жазғы демалысында Мақаш әкім ставкасының терістік батысында әудем жердегі әке үйіне бағыт ұстап еді. Астраханға жет­кенде мұндағы ағайындар елде молдаларды қудалау бас­талып, енді аз күнде әлділерді тәркілеу ісінің үшінші толқыны жүретінін қаперге берді. Соған сай оның бұл жолы туған ауылына баруының тіпті де қажет еместігін айтты.

Сонда да ата-жұрт, әке үйіне деген балалық сағыныш оның есін алып, қалайда шекаралық аумақ – Котяевке жетейін, жа­ға қырдағы ата-анаммен қауы­шайын деген сезімде еді. Десе де бұл ойы жүзеге аспады. Әупі­рім­деп Котяевке келген-ді. Одан әрі жылжуға мүмкіндік бол­мады. Өйткені байларды тәр­кілеу желеуімен олардың мал-мүліктерін ортаға алу былай тұрсын, алыс-жақында оқып жатқан балаларын ұстап, қамауды да бастап кеткен екен.

Анау ала қыр – Дыңғызылдағы бес бай Ихсан Жансүгіров, Естай Құлбарақов, Мұса Құлмәжитов, Құбаш Мақанов, Әмір Төкеев бұлардың ағайындары еді. Бәрін де мұрнынан тізіп, Сібірге айдапты. Ішіндегі ең кішісі Әмір­ді әкесінің орнына алып кеткен. Осындай хабардан соң Ас­траханда оқып жатқан Ихсан­ның қос ұлы сынды Мұхит та сол күні Котяевтен кетіп ү­л­гер­ді. Алдыңғы екеуі кейін Дағыс­танның Қызыл қаласына тұрақ­тап, уақыт өте отбасын құрды. Бар өмірін сонда өткізді. Ал Мұ­хит болса, Мәскеуіне оралып, одан арғы тірлігі Өскеменде жалғасты.

Шыны керек, аталған зобалаң қазақтарды қынадай қырды. Ті­герге тұяғы, алдында азығы жоқ қандастарымыз беті ауған жаққа бытырап, тек елу алтының жылымығынан соң ғана бір-бірлеп туған жерімен хабарласа бастады. Ал Мұхит «аузы күйген үріп ішедінің» керімен анда-санда ғана ауылдас ағайындарына хабарласатын. Сонда сол бір қиын-қыстау шақта жан-жаққа тарыдай шашылған ағайындарды құмаршық топаны арасынан ине іздегендей әзер тауып, араласып тұрды.

Алайда екі мыңыншы жылдар басындағы соңғы келісі жү­рек қылын шертетіндей саз­ды және аязды болды. Бұл жолы ол ат басын бірден аудан орталығы – Ганюшкинде (қазірде Құрманғазы ауылы) бар ғұмыры өтіп жатқан немере ағайыны Әнуар Кәрімовтің үйіне бұрып, әңгімені төтесінен қойды.

– Шырағым, туғандардың айтуынша, сен біздің ағайындардың ой-қырдағы қонысы мен өлгендер қауымын жақсы біледі екенсің. Ендеше, кезінде менің Екінші Теңіз жағалауы округінің бас молдасы болған әкем – Сүлеймен қыстауының орнын білесің бе?

– Білгенде қандай, көзімді жұмып-ақ табамын.

– Қойшы, рас па? Ендеше, қолыңа күрегіңді ал, отыр кө­лікке.

Дәл солай болды. Атырау-Ас­трахан күре жолының 827-ша­­қырымынан терістікке бұ­рылғанда екі-ақ шақырым қашықтықта алдарынан кө­не жұрттың орны көрінді. Маши­надан түсе қалып еді, сәл биік­теу тепсеңде шикі кірпіштен қа­ланған ескі қыстаудың ізі көзге ұрды. Жергілікті тілмен айт­қанда, сүрлеу сыпа ғана. Мұ­ны көргенде Мұхит қарияның жү­зінде нұр ойнады, шуақ шашты.

– Міне, міне, тап осы, біздің қыстаудың орны. Мынау үлкен жағымыз, анау кіші бөлме. Үлкенінде бұрындары атам мен әжем жататын, кейін әкем мен анам және мен ұйықтайтынбыз. Шәміш ағайым мен Шұғайып, Айыптар ана бөлмеде жататын. Ана жақта сарай, ет шоланымыз болушы еді. Оған жалғас әкемнің ұста дүкені, – деп санамалай жөнелді.

Аула-қора, ат байлайтын қа­зық орнын да көрсетті. Одан әрі қария өзінің балалығын еске алып, ойына әлдене оралғандай тұра қалды да, қасына Әнуар інісін шақырды. Сосын оның үй орнынан бесіндікке он сегіз қадам жүруін өтінді. Ересек­тердің алшаңдаған адымы емес, жасөспірім жігіттің жай жүрісіндей адымдауын сұрады. Содан көліктің артындағы кү­ректі алып, өзі ілесе жүрді. Тоқ­таған жерден үлкендігі құмдағы ауыз су құдығындай шұңқыр қаздырды. Әуелі қара санның тұсы деген, ойлағаны болмаған соң әлі де бір-екі күрек алғанын жөн көрді. Дәл сол сәтте күрек ұшы әлдебір қатты затқа тиіп, қышыр ете қалды.

Қонақ елең етті: «Ақырын, енді абайлап қазғайсың».

Сөйтсе, қандай дәлдікпен алып келген десеңізші, күрек ұшында терме алашаның пұш­пағынан тігілген шағын дорба жатыр екен. Соны аса бір сақтықпен қолына алған қария қалта аузын еппен ашып еді. Дорба ішінен ұзын саны он сегіз асық шықты. Түрлі түсті асықтар. Арасында ірілеу қызыл сақа бар. Ұзақ уақыт топырақта жатқандықтан ба, дорбаның тозығы жеткен, асықтардың боя­уы да тек бүк, шік аталатын қыртыстарында қалыпты.

Дорбаны қолына алған Мұхит қария үлкен толқыныс үстінде тұрып, көзіне жас алды. Аздан соң «Бұл – менің балалығымнан қалған ең соңғы ескерткіш» деді. Жанындағылар үнсіз қалды. Әңгімені қонақ бастады.

– Мен Ганюшкиндегі Мақаш мектебін бітірген соң, білімімді одан әрі жалғастыру үшін Мәс­кеуге кетуім керек болды. Сол үшін әуелі Астраханға, одан әрі аталған қалаға бағыт аласың. Жолға жиналып, енді қозғаламыз дегенде әкем менің бала күнгі асық дорбама оның он сегізін салғызды да, бесіндікке бағыттап тағы да он сегіз қадам жүргізді. Сол жерден шұңқыр қаздырып, оған әлгі дорбаны көмдірді. Шырағым, сен қазір он сегізге келдің. Азамат ата­нып, үлкен өмірдің жаңа сүр­леуіне түстің. Жолың болсын. Асық сенің балалығың ғой. Анау қызыл сақа сенің ата­жұр­тың. Балалығың сол ата­жұрт­та, көне қыстау жанында қалды. Сапарың сәтті, өмір қа­дамың өрелі болсын, – деп әкем мені атқа қондырды. – Міне, содан бері жетпіс жылға жуық уақыт өтті. Енді қайтып атажұрт, әке қыстауына келем бе, жоқ па? Оны айта алмаймын. Бірақ балалығымның куәсі болған мына асықтарды және туған жердің топырағының бір шөкімін орамалыма түйіп ала кетемін.

Жанарындағы мөлдір тамшыларды тағы да сырт-сырт ағызып, үй орнынан топырақ алды. Жай басып көлігіне отырды. Осылайша, көне жұрттың ақ құмында жетпіс жылға жуық дамылдап, бойына нәр жинаған он сегіз асық пен бір уыс топырақ сексеннің сеңгіріндегі Мұхит қариямен бірге Атыраудан Алтайға аттанып бара жатты. Қайран балалық, аяулы атажұрт, қымбатсың-ау, қашан да...

P.S: Біз әңгімелеген Мұхит қарияның әкесі Сүлеймен (Қынтақа баласы) – ХХ ғасыр басында елге белгілі молда, абыройлы мол азамат-ты. Сонымен қатар ол жаңа қоғамның іргесін бекітіп, шаңырағын тіктеген талай ұл-қыз тәрбиеледі. Олардың бәрі де нәубет таяғын жеді. Біразы оның құрбаны атанды. Тірі қалғандары елдің елеулі азаматтары атанды.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ

Атырау облысы