Руханият • 13 Наурыз, 2022

Сіз білесіз бе?

427 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жазу туралы...

Жазушы үшін жазудан қиын һәм жазудан оңай дүние жоқ. Әр ақын өзінің әйтеуір бір жақсы өлең жазатынына сенеді, әр жа­зушы қаламынан алда бір жақ­сы шығарма туатынын кү­те­ді. Жазудың иесі жазушы бол­ған­дықтан, көркем сөз деге­ніңіз ақ қағазға судай құйыл­май ма дерсіз. Жазу – мехнат, жазу – азап, тіпті «тәтті тозақ». Бұған классикалық шығар­ма­лар жазып қалдырған талай автордың сөзі, шығармасы, өмір жолы дәлел. Иә, ардың ісіне баланған әдебиетте жақсы жазу тек талантқа байланысты емес. Ақиқатында, қаламгердің жазуы­на оның шеберлігінен бөлек болмысы, мінезі, тәртібі, тұрмыс жағдайы, күн режімі, тіпті көңіл күйі де әсер етсе керек. Әлқисса.

Сіз білесіз бе?

Толстойды алғаш аударған...

Ең алғаш орыс әдебиетінің клас­сиктерін тәржімалаған Ха­лиол­ла Құнанбайұлы екенін білесіз бе?

Халиолла – Құнанбайдың үшін­ші әйелі – сұлу да жас тоқалы Ай­ғыздан туған Абайдың талантты інісі. Ол жасында, барлық Құнанбай балалары сияқты ауыл молдасы Ғабитханнан дәріс алып, мұсылманша хат таниды. Семейдегі Камалиден хазіреттің медресесінде 3 жыл оқып, оған қоса өзі ынта қойып, орысша сауатын ашып, кейін Омбыдағы кадет корпусында білім алған. Бұл әйгілі Шоқан Уәлиханов пен оның інілері оқыған тарихи оқу орны. Айта кетейік, Халиолла бұл оқу орнына Шоқаннан 12-13 жыл кейін түскен. Абайдың ал­­ғашқы өлеңдер жинағын шы­ға­­рып, өмірбаянын жазған Кәкі­тай Ысқақұлы Халиолланың Омбыдағы оқуы жайлы қызықты деректер келтіреді. Кәкітай Құ­нан­бай атасын сипаттай келіп: «Өзге жұрт орыстан баласын жа­сы­рып жүргенде, балаларына орысша оқу оқытып, Халиолла деген баласын Омский кадетскии корпустан оқытып, онан соң Москвадағы Павловский кавелерискии школдан оқытып, сабақты жақсы бітіріп, корнет болып, қызметте жүргенде, ауырып дүниеден қайтып еді» деп жазады.

Әрхам Ысқақовтың естелігіне сүйенсек, Халиолла қайтыс бол­ғанда оның денесімен қоса Ом­быдан екі сандық қоса келіпті. Халиолла жерленген соң оның дүниесін таратқанда, Абай еш ойланбастан кітаптар мен қол­жазбаларға толы сандықты қалап алыпты. Халиолла тек орысша оқып, әскери шен алумен шектелмей, Шоқан сияқты қазақтың фольклор мұрасын жинаған, оны орыс жұртшылығына ауда­рып таныстырған, әрі өзі де орыс ақын-жазушыларын көп оқып, олардың шығармаларын қазақ тіліне аударған екен. Ха­лиолла Омбы мен Мәскеуде оқыған жылдары орыстың шы­ғыстанушылары И.Н.Березин, Н.Ф.Костылецкий және Шоқан­ның досы Г.Н.Потанинмен ты­ғыз байланыста болған. Бұл туралы Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, М.Әуе­зов, Ү.Субханбердина сынды әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдар әр жылдардағы зерттеу еңбектерінде айтып өтеді. Мәселен, фольклортанушы Ү.Субханбердина өзінің «Дала уалаяты газеті» атты екі томдық кітабында: «Г.Н.Потаниннің айтуынша, орыс классиктерінің шығармаларын алғаш аудару­шылардың бірі Абай Құнанбаевтың інісі Халиолла Өскенбаев болды. Ол 1863-1870 жылдары Омбы кадет корпусында оқиды, одан соң Семей маңындағы ауылда өмір сүрді. Ол халықтың ауыз әдебиет үлгілерін жазып жинаған. Оның ішінде «Еңлік-Кебек» әңгімесі, «Жиренше шешен» аңызы мен Тургенев, Лермонтов, Толстой және басқалардың өлеңдерін, әңгімелерін аударған. Х.Өскенбаев жинаған бұл материалдар белгілі шығыстанушы ғалым И.Н.Березиннің архивінде сақтаулы», деп жазады.

Өзі әнші, өзі тігінші...

Чеховтың балалық шағы қиын өткенін білеміз. Ол басқа балалардай көшеде ойын қуған жоқ: таңғы бестен түнгі он бірге дейін бауырларымен бірге әкесінің дүңгіршегінде жұмыс істеді. Гимназияда білім алып жүріп, цирк хорында ән салатын. Әкесі қатал болғандықтан, Чеховқа тігіншілік өнерін меңгеруге де тура келді.

* * *

Кейбір деректерде Чеховтың бойы кішкентай болған деп айтылып жүр. Шын мәнінде, оның бойы демалыс билетінде 180 см деп көрсетілген.

* * *

Жазушы өзінің шығармаларын бүркеншік ат арқылы жарияла­ғанды жақсы көрген. Оның 50-ге жуық бүркеншік аты болған. Соның ішінде ең танымалы – Антоше Чехонте.

Аспаз Дюма

Александр Дюма еңбекқор жазушылардың санатына жатады. Ол жазуға күніне 14-18 сағат уақыт бөлген. Осының нәти­жесінде, қаламгердің 500 томдай еңбегi қалды.

* * *

Ол бос уақытында тамақ жаса­ғанды ұнатқан. 1865 жылы «Үлкен аспаздық сөздік» деген кітап жазады (бұл – жазушының соңғы еңбегі). Кітапта 800-ден астам тағам түрлері бар. Жазушының досы Октав Лакура: «Дюма тамақ жасайтын кезде ғана жұмыс бөлмесінен шығатын. Ол қалам мен қазанның қақпағын ұстауға жаралған», деген екен.

* * *

Кәуапты Францияға ең алғаш алып келген де осы жазушы Дюма. Ол сол елде тұңғыш кәуап орталығын ашқан.

* * *

Жазушы өз үйінде ит, мысық, түрлі құстар, тауықтар, тіпті маймылға дейін ұстаған.

* * *

Мұхтар Әуезовтің айтуынша, Дюманың «Үш ноян», «Жиырма жыл өткен соң», «Патша қатын Марго», «Генрих Наварский» туралы трилогиясы Абайға да таныс болған. Абай оқыған бұл кітаптар ақынның Семейдегі әдеби-мемориалды музейінде сақталған.

Бір әңгіме

Бірде әдеби басқосуда вен­грия­лық жас прозашының қасы­на қарапайым киінген әйел ке­ліп отырады. Жаc автор оны та­ны­маған соң «қатардағы бір жа­зушы шығар» деп ойлайды. Менсінбеген емеурінде:

– Бикеш, кәсіби жазушысың ба? – деп сұрайды.

– Иә, мырза.

– Қанша шығарма жария­ладыңыз? Бірер шығармаңызды оқып көрсем бола ма?

– Тек әңгіме жазамын, көлемді шығарма жариялаған жоқпын.

– Мен әңгіме жазамын. Мәсе­лен, 339 әңгіме жариялап үлгердім. Сіз қанша әңгіме жарияладыңыз?

– Бір әңгіме ғана.

–Біреу ғана ма?.. Қандай тақырыпта?

– «Жел айдағандар» (немесе «Толқу»).

Мұны естіген жас автор аңы­рып тұрып қалды. Ол әйел – жазушы Маргарет Митчелл еді.