Спорт • 14 Наурыз, 2022

Татамидегі табысымыз қашан еселенеді?

332 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Дзюдо күресі Күншығыс елінде ХІХ ғасырдың соңында пайда болғанымен, ол тек ХХ ғасырдың екінші жартысында ғана әлемнің көптеген елінде кеңінен қанат жайды. Жапондар оны дамыту үшін барын салды. Жүйелі түрде насихат жұмыстары жүргізіліп, қысқа ғана мерзім аралығында өздері ойлап тапқан өнерді халықаралық аренаға алып шықты. Нәтижесінде, 1956 жылы Токиодағы әйгілі Кuramae Kokugikan спорт кешенінде тұңғыш рет әлем чемпионаты ұйымдастырылса, 1964 жылы ол Олимпия ойындарының бағдарламасына енді. Бүгінгі таңда Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) – барлық бес құрлықтағы 198 мемлекеттің ұлттық федерацияларының басын біріктіріп отырған әлемдегі ең белді спорттық ұйымдардың бірі.

Татамидегі табысымыз қашан еселенеді?

Дзюдодан КСРО чемпионатының жалауы алғаш рет 1973 жылы желбіреді. Шыны керек, ол кездері Одақтың құрамында болған республикалардың дені самбоға мықтап ден қойып, күрестің осы түрін дамытуға барынша күш салды. Орыстар ойлап тапқан өнерге қыруар қаржы құйылды, ерекше қамқорлық көрсетілді. Соның салдарынан Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрі болғанына қарамастан, дзюдо самбоның көлеңкесінде қалып қойды. Қазақстандағы жағдай да дәп солай еді.

1973-1991 жылдар аралығында КСРО чемпионаты 18 мәрте ұйымдастырылды. Алғаш рет Қазақстанға жүлде сыйлаған Алексей Тюрин еді. 1978 жылы Мәскеуде абсолютті салмақта сайысқа түскен ол қола медальді мойнына ілді. Дәл сол жылы Одақ чемпионаты пен КСРО халықтары спартакиадасы қатар өтті. Сол себепті де басқаларға секілді Тюринге де қос жүл­де табыс етілді. 1981 жылы дәл сол апайтөс жеңіс тұғырының ең биік сатысы­на көтерілді. Бірақ негізі Андрей Ресей­дің Липецк облысының тумасы еді. Тек сол жылдары нар тұлғалы азамат Қазақ­стан­да әскери боршын өтегендіктен, біз­дің рес­публиканың туы астында өнер көрсетті. 

1983-1990 жылдар аралығында алма­тылық Әли Хамхоев КСРО чемпионатында бес рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Тарқатып айтсақ, ол екі күміс пен үш қола медальді иеленді. 1983 жылы Мәскеуде қарағандылық Сергей Раков қола жүлдені еншіледі. 1987 жылы Ленинградта Алматы облысының тумасы Бостан Жаңбырбаев күміспен күптелді. 1989 жылы Минскіде Исмаил Вешагуров екінші орын алса, Қайрат Мысықбаев үшінші сатыға табан тіреді. 1990 жылы Хамхоев пен Мысықбаевтан бөлек, павлодарлық Сергей Әшіров қолаға қол созды. 1991 жылы Әшіров пен Игорь Пешков үздік үштікті қорытындылады. Міне, Одақ біріншілігінде бар-жоғы 15 жүлде алдық. 

КСРО халықтары спартакиадасында да ауыз толтырып айтарлықтай табысқа қол жеткізе алмадық. Бұл жерде де санау­лы ғана балуанымызға жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырды. Солардың арасынан 1986 жылы бас жүлдені олжалаған Жамбыл облысының саңлағы Қайрат Мысықбаевты ерекше атап өтуге болады.

Әлем чемпионатына келер болсақ, бұл ретте Қазақстанның қарқыны жаман емес. Иә, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары шабысымыздың баяу болғаны рас. Олай деуге негіз, 1993-1999 жылдар аралығында ұйымдастырылған дүниежүзілік додаларда татамиге шыққан біздің жігіттер тегістей ұтылды. ХХІ ғасыр табалдырықтан аттаған тұста спорттың бұл түрінде тың серпіліс пайда болды. 2001 жылы Мюхенде қос Асхат – Шахаров пен Житкеев қола медальге қол жеткізді. Одан кейін қайта үш жарыста жолымыз болмады. 2009 жылы Роттердамда Максим Раков әлем чемпионы атанса, 2011 жылы Парижде дәл сол спортшы күміс медальді мойнында жарқыратты.

2013 жылы Рио-де-Жанейрода Азамат Мұ­қанов ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, өз жанкүйерлерін қуантты. Фи­нал­дық сайыста Жапонияның жұлдызы Маса­ши Эбунимаға есе жіберген қандасымыз күміс медальді иеленді. 2015 жылы Аста­нада өткен жарыстың финалында қазақ­тың қос балуаны – Елдос Сметов пен Рус­там Ыбы­раев аса жеңіл салмақтың бас жүл­де­сін өзара сарапқа салды. Нәтижесінде, Ел­­дос алтын алса, Рустам күміспен күп­телді. 

2018 жылы Бакуде Ерлан Серік­жа­новтың шеберлігіне тәнті болдық. Ұлт­тық командамыздың сапына енді ғана қа­был­данғанына қарамастан жас қабылан қарсы келгендерді қоғадай жапырып, фи­налға шықты. Шешуші тұста жапония­лық Хифуми Абэге жол берген ол күміс жүл­дені қанағат тұтты. 2019 жылы Токида Елдос Сметов командамыздың қор­жы­нына тағы бір қола салса, 2021 жылы Ғұсман Қырғызбаев күміске қол созды.

Осылайша, әлем чемпионаттары тарихында Қазақстанның дзюдошылары 10 (2 алтын+5 күміс+3 қола) жүлдеге қол жеткізді. Осы көрсеткіштің арқасында бұрынғы КСРО құрамында болған мемлекеттер арасында жерлестеріміз үшінші орынды иемденуде. Алдымызда – тек Ресей (8+14+27) мен Грузия (5+11+18) ғана. Әрине, ресейліктердің үздік шыққаны ешкімді таңдандырмаса керек. Олардың халқының саны да көп, күрестің осы түрінің дамуына да барынша жағдай жасалған.

Ал егер әлдебіреулер алақандай ғана Грузияның осындай дәрежеге жетуін «кездейсоқтың» деп есептесе, қатты қате­леседі. Олар КСРО дәурінде де өте мықты болған. Дәлел керек болса келтірейік. 1965-1991 жылдар аралығында Одақтың оғландары 11 алтын, 12 күміс және 33 қоланы олжалаған екен. Барлығы – 56 жүлде. Сол жүлделердің 21-і грузиндердің еншісінде. Тарқатып айтсақ, аталған елдің өрендері 4 алтын, 4 күміс және 13 қола медаль еншіледі. Жасыратыны жоқ, бұрынғы «бауырлас» республикалардың ешқайсы осындай орасан зор табысымен мақтана алмайды.

Олимпия ойындарының да нәтижесі дәл сондай. Жоғарыда аталған қос команданың көрсеткіштері өзгелерден әлдеқайда зор. 1993 жылдан бері Ресейден төрт жылдықтың басты додасының 5 жеңімпазы, 3 күміс және 7 қола жүлдегері шықты. Жалпы, аталған мемлекеттің дзюдо күресінің өрлеу кезеңі италиялық маман Энцо Гамбоның есімінен тығыз байланысты десек, ешкім дау айта алмайды деген ойдамыз. Мәселен, 1996 жылы Атлантада  олардың бірде-бір балуаны жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. 2000 жылы Сидней мен 2004 жылы Афинада күміс пен қола медальдарды иеленді. Бұл нәтиже жергілікті спорт басшыларын қанағаттандырмағаны анық. Содан олар Апеннин түбегінен Гамбоны шақыртты. Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. Италияның Ломбардия штатындағы Брешиа қаласының тумасы 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы атанып, 1984 жылы Лос-Анжелестегі жарыстың финалында күресті. Екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Еуропа чемпионы деген дардай атақтары тағы бар. 2008 жылы Энцо Ресейдің ұлттық құрамасының тізгінін ұстады. Сол жылы Бейжіңде алауы тұтанған Олимпиадада Ресейдің үш дзюдошысы – Арсем Галстян, Мансур Исаев және Тагир Хайбуллаев бас жүлдені қанжығаларына байлап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бірақ өздеріңіз байқап отырғандай чемпиондық атақты олжалағандардың барлығы да Қап тауының көкжалдары. Арсен Армениядан қоныс аударса, Мансұр мен Тагир – Дағыстанның тумалары.

Грузиндердің 12 жүлдесі бар. Тәуелсіз Грузияның тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы – Зураб Звиадаури. 90 кило салмақ дәрежесінде белдескен ол 2004 жылы Афиныда алдына жан салмады. Дәл сол жарыста 81 кило салмақта Гүр­жілер елінің тағы бір тумасы Илиас Илиадис топ жарған еді. Алайда ол Гре­кия­ның туы астында өнер көрсетті. Уақыт оза сол жеңісті жолды Ираклий Цире­кизде (2008 жылы, Бейжің), Лаша Шавда­туа­швили (2012 жылы, Лондон) және Ла­ша Бекаури (2020 жыл, Токио) жалғас­тырды.

Қазақстан дзюдошыларының Олим­пиадада үш мәрте бақ жұлдыздары жанды. 2004 жылы Асхат Житкеев күміс алса, қалған екі жүлде Елдос Сметовтің енші­сінде. Ол 2016 жылы Рио-де-Жаней­родан екінші және 2020 жылы Токиода үшінші орындарды олжалады. Олимпия ойындарындағы көрсеткішіміз бойынша отандастарымыз Ресей мен Грузиядан бөлек, Әзербайжан, Беларусь және Өзбек­станнан қалып келеді.

Сөз орайы келгенде Қырғызстанның қоржынындағы жалғыз жүлдені қазақтың қайсар ұлы Айдын Смағұловтың әпер­генін айта кеткен абзал. Ғасырлар то­ғысында Сиднейде алауы тұтанған Олимпия ойындарында «айыр қалпақты» ағайындарымыздың атынан сынға түскен қандасымыз қола медаль иеленді. Бұл – қырғыздардың дзюдо тарихындағы тұңғыш және әзірге жалғыз жүлдесі. Сол секілді Тәжікстан мен Латвия да жалқы медальді қанағат тұтуда. Ал Армения, Түрікменстан, Литва және Молдованың әзірге қоржындары бос.

Әлем чемпионаттарының нәтижесі

(1993-2021 жылдар аралығы)

Орын

Командалар

Алтын

Күміс

Қола

Барлығы

1.

Ресей

8

14

27

49

2.

Грузия

5

11

18

33

3.

Қазақстан

2

5

3

10

4.

Өзбекстан

2

3

7

12

5.

Әзербайжан

1

6

12

19

6.

Украина

1

3

9

13

7.

Беларусь

0

2

7

9

8.

Эстония

0

2

1

3

9.

Молдова

0

1

4

5

10-13.

Литва

0

0

1

1

10-13.

Латвия

0

0

1

1

10-13.

Армения

0

0

1

1

10-13.

Тәжікстан

0

0

1

1

14-15.

Қырғызстан, Түрікменстан

0

0

0

0

 

Олимпия ойындарының нәтижесі

(1996-2021 жылдар аралығы)

Орын

Командалар

Алтын

Күміс

Қола

Барлығы

1.

Ресей

5

3

7

15

2.

Грузия

4

5

3

12

3.

Әзербайжан

1

2

1

4

4.

Беларусь

1

0

1

2

5.

Өзбекстан

0

2

5

7

6.

Қазақстан

0

2

1

3

7.

Украина

0

1

2

3

8.

Эстония

0

0

3

3

9-11.

Қырғызстан

0

0

1

1

9-11.

Тәжікстан

0

0

1

1

9-11.

Латвия

0

0

1

1

12-15.

Армения, Түрікменстан, Литва, Молдова

0

0

0

0