Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
РФ Сауда министрлігі бұл шешімді елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылдағанын, ЕАЭО елдеріне қант жеткізу мүмкіндігі Еуразиялық экономикалық комиссияның 17 наурыздағы кезекті басқосуында белгілі болатынын айтып, одақтың өзге мүше елдерін екіұдай көңіл күйге салып қойды.
Ресейдің импорты тек ЕАЭО-пен ғана шектеліп қалған жоқ, 2020 жылға дейін әлемдегі ең ірі қант экспортерлерінің алғашқы ондығында болды. 2019 жылы Кубаға және Еуропалық одаққа мүше елдерге 1,1 млн тонна қант импорттады. Ресейдің қант экспортындағы мүмкіндігі біз ойлаған деңгейден әлдеқайда жоғары екенін, оның ендігі экспортері ЕАЭО-мен шектеліп қалғанын ұмытпауымыз керектігін сарапшылар өткен аптадан бері айтып жатыр. Енді Батыс елдерінің санкциясы көрші елдің экспорттық картасына өзгерістер алып келері, Батыстағы нарығын ұмытып, ЕАЭО нарығына шындап бет бұруы немесе бұл мәселені шешуді тараптардың өз еркіне қалдыруы да мүмкін.
Көрші елдің ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәліметтерде 2021 жылы қант шығару 8,3 пайызға көбейіп, 5,0073 млн тоннаға жеткені айтылған. Елімізге қант жеткізетін негізгі екі импорттаушы — Ресей мен Беларусь. Ресейдің ішкі нарықтағы үлесі – 48 пайыз. 2021 жылы Қазақстанға басқа елдерден 506,9 мың тонна қант пен қант шикізаты импортталды. Ресей Федерациясынан Қазақстанға 275,8 мың тонна қант импортталды, бұл бір жыл бұрынғыдан 12,7 пайызға аз. Бразилиядан – 164,6 мың тонна, Беларусьтен – 35,5 мың тонна, Мексикадан – 30,4 мың тонна импортталыпты.
Ресей 2022 жылдың тамыз айына дейін қант экспортын шектейтінін ресми түрде мәлімдегеннен кейін Қазақстандағы қант бағасы бақылаудан шығып кетті. Қазір ел көлемінде ең қымбат қант – Атырауда, 337 теңгемен сатылып жатыр. Тараздағы баға Атырауға қарағанда 85 теңгеге арзан.
Сауда министрлігі бағаның өсуін күнде бақылап, ортадағы делдалдар қанттың құнын 15 пайыздан асырмауға тиіс деген пәрмен берді. «Қымбаттауға келер болсақ, қанттың бағасын жергілікті әкімдік, сауда желілері, тұрақтандыру қорларынан алу және айналмалы сызба арқылы кредиттеу бар. Олар жеңіл кредитті алғаннан кейін барып бағаны ұстап тұрады. Осы секілді шараларды жергілікті әкімдіктер қабылдайды», дейді Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Әлішер Өмірзақ.
Qaztrade.org.kz сайтының дерегінше, Қазақстанда қантқа деген сұраныс 2019 жылға дейін Бразилиядан қант құрағын сатып алу арқылы реттелді. 2020 жылдың қаңтарында одаққа сырттан кіретін шикі қанттың тоннасына 240 доллар баж салығы енгізіліп, Бразилиядан келетін шикізаттан шеттетіліп қалдық. Бразилиялық қант құрағының орнын отандық қызылшамен жабу үшін 4 млн тонна өнім алу керек. Біз сол кезде ғана сұраныстың 45 пайызын немесе 450-500 мың тонна қантты өзімізде өндіре аламыз. Бірақ қант қызылшасын өсіретін жердің аздығынан бұл қазір мүмкін емес. Бразилиялық шикізат болмағандықтан Қазақстан дайын қанттың импортын жылына 2,7 есе арттыруға мәжбүр болды. Таза қант импортына жұмсалатын ақшалай шығын 1,8 есе өсті. Оның 14,4 млн доллары Беларуське кетсе, 55,9 млн доллары Ресейге кеткен.
Сауда және интеграция министрлігі «алаңдауға негіз жоқтығын қордағы қант қоры алдағы үш айға жететінін» айтып, жұртты сабырға шақырып отыр: қазір қант импортерлерінің географиясын кеңейту және тәуекелдерді төмендету шеңберінде дайын қант өндіру үшін басқа елдерден шикі қант сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Қазақстанда 2022 жылғы тамыз айының соңына дейін кедендік баждарды төлемей 250 мың тонна қант әкелу мүмкіндігі қарастырылған. Бірақ соған қарамастан бірер күннің ішінде қантқа деген сұраныс та, баға да өсіп, сатушылар бұл өнімді сатуды шектей бастады.
Бір жылдағы қантқа деген қазақстандықтардың сұранысы 500 мың тонна екенін жоғарыда айттық. Бұған тәтті сусындар, кондитерлік өнімдер шығаратын кәсіпорындардың қантқа деген қажеттігі кірген де жоқ. 2021 жылы елдегі төрт қант зауыты 277 тонна қант дайындады. Бұл ішкі қажеттіліктің 66 пайызын өз күшімізбен өндіреміз дегенді білдіреді. Ресми орындар қант өндірісі тоқтаусыз жұмыс істеп жатқанын айтып жатыр. Қор да толығып отырады. Яғни «үш айдан кейін қор таусылады, қант тапшылығы болады» деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Дегенмен халықты сабырға шақырып отырған Үкімет елді елеңдетпеудің жолын нақты көрсете қойған жоқ. Саясаттанушы Андрей Чеботаревтің айтуынша, Үкімет әлі де болса 17 наурызда өтетін ЕЭК комиссиясына қарайлап отыруы мүмкін. Ал қанттың тапшылығы ел ішін кезіп кеткен әртүрлі ақпараттарға байланысты туындауы ғажап емес. Бұл жерде Үкімет те, халық та ұтылып, ортадағы делдалдардың айы оңынан туып тұрғаны анық.
А.Чеботаревтің пайымдауынша, бұл жағдай – Қазақстан экономикасынының өсіміне әсер ететін фактор ЕАЭО-да қалыптаспағанын, елдің экспорттық саясатына өзгерістер енгізу қажеттігін ескертті. Қатты бидайды өз жерінде өсіре алмайтын Өзбекстан Қазақстанның бидайын тасып, ұн түрінде Ауғанстанға, өзге де елдерге экспорттай бастады. Сарапшы айтып өткендей, ЕАЭО-ға бізбен бір мезгілде мүше болған Ресей мен Беларусь экономикасын біздің елдің экономикасымен мүлде салыстыруға келмейді. Ресей мен Беларусь 2019 жылдан бастап, қант өндірісі үшін импорттық шикізатқа баж салығын енгізуге қол жеткізген. Енді Еуразиялық одақ аясында бірыңғай ставка күшіне енбек. Сондықтан Үкімет жағдайды пайдаланып, осы шешімнің күшін жоюға басымдық беруге тиіс. Себебі шикізат импортына жеңілдік беретін квотаны енгізу мәселесі тым созылып кетті. Бұл бизнес үшін тиімсіз. Квота жоқ екен деп қант зауыттары қарап отыра алмады. Қант құрағы шикізатын импорт режімінде мемлекетке тиесілі 5 пайыздық кедендік баж салығымен тасымалдауға мәжбүр болды.
«17 наурызда ЕЭК комиссиясы қандай шешімге келетінін білмейміз. Көрші елдің қант экспортын уақытша шектейтінін ашық мәлімдеуі біз үшін үлкен мүмкіндік. Біраз келісімшартты өз мүддемізге қарай өзгертіп алуға болады. Қазақ делегациясы бұл жиынға дайындықпен баруы керек. Біз қант экспортын ЕАЭО-мен шектеп қалсақ, қолдағы барымыздан айырыламыз», дейді А.Чеботарев.
Бразилия мен Мексикадан қант құрағы импортын ұлғайту керек деген ұсынысты Қант, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы да қолдап отыр. Осы бағытқа басымдық берсек, қант тапшылығына жол бермейміз. Бағада да айтарлықтай өзгеріс болмайды. Қауымдастық президенті Айжан Наурызғалиеваның айтуынша, егіс алқаптарын ұлғайтумен қатар, қызылша егетін аймақтардағы суару мәселесін шешу, оның ішінде суару жүйесін қайта құру қажет. Себебі елді қантпен толық қамтамасыз ете алатындай егіс алқаптары әлі де жетіспейді. Сарапшы айтып өткендей, қант қызылшасын егуге қай аумақтар қолайлы екенін анықтау үшін жер мониторингінің нәтижелерін жариялау қажет. Мемлекет шаруаларға жер телімдерін беріп отыр, бірақ оның бәрі құнарлы емес. Су тапшылығы да бар. Баға бойынша болжам жасау да қиын. Нарықтағы бағаны биржадағы сауда анықтайды. Тіпті қамыс арзандаған күннің өзінде тасымалдау, қайта өңдеуге қатысты қосымша шығын бар. Бізде электр қуаты, газ, қайта өңдеу кезінде мазут бағасы қымбаттады. Елдегі қант зауыттарының біразы мазутпен жұмыс істейді. Мұның барлығы тауар бағасына әсер етеді. «Қант қызылшасы – ылғалды жақсы көретін дақыл, сондықтан су қоры мол болуы керек: тамшылатып суару немесе жаңбырлату қондырғыларын енгізу қажет, бірақ бұл да инвестиция. 1 гектар жерге тамшылатып суару жүйесін орнатуға 5 млн теңге кетеді», дейді А.Наурызғалиева.
Сарапшылар Ресейге салынған санкцияның салдары барлық салаға әсер ететінін айтады. Импортқа арқа сүйеген Үкімет қант өндірісін қосалқы сала деп қарап келді. Қазақстанда қант өнеркәсібіне мамандар даярлайтын бірде-бір оқу орны да жоқ. Сондықтан ЖОО-ларда саланың кадрлық әлеуетін қалыптастыруға ықпал ететін факультеттер ашу, арнайы курстар ұйымдастыру қажет. Қазір қазақстандық қант зауыттарында жұмыс істейтіндердің көбі КСРО кезінде даярланған мамандар. Олардың алды зейнет жасына жетіп, нарықтан біртіндеп кетіп жатыр. «Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде «Саламатты ұлт» ұлттық жобасы қызу талқылануда. Осы құжат аясында министрлік құрамында қанты бар сусындарға акциз салығын енгізу жөнінде бастама көтеріп отыр. Бұл ұсыныс республиканың қант өнеркәсібіне кері әсерін тигізеді деп ойлаймыз. Енді ғана жанданып келе жатқан сала құлдырауы мүмкін. Өйткені акцизді енгізу сусындар өндірісінің төмендеуіне әкеліп соғады. Бұл қантқа деген сұранысты азайтады. Демек ендігі жерде Үкімет қант өндірісіне қатысты ұстанымын өзгертуге тиіс», дейді А.Наурызғалиева.
АЛМАТЫ