Пікір • 15 Наурыз, 2022

Халық реформаларды билікпен бірге іске асыруға мүдделі

235 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қаңтар оқиғасы 30 жылдық тәуелсіздігімізде мемлекетімізге төнген ең үлкен қауіп болды. Бастапқы кезде облыстар мен ірі қалаларда көшеге шыққан азаматтарға қару қолданылған жоқ. Маңғыстауда бірде-бір әскери немесе арнайы жасақтар халыққа қару түгіл күш көрсетпеді, тек маңызды нысандарды қорғады және дислокация жасалған жерлерінде қозғалмай тұрды. Біз бұны өз көзімізбен көрдік. Ақиқатын айту керек мемлекет шерулер мен ереуілдердің бейбіт өтуіне толық мүмкіндік берді.

Халық реформаларды билікпен бірге іске асыруға мүдделі

Өкінішке қарай, Алматы облысы, Алматы, Тараз және басқа қалаларда бейбіт шерулер арандатушылардың кесірінен жаппай бұзақылық пен қантөгіске ұласты. Қаншама бейбіт азаматтар, қарусыз құқық қызмет­керлері жараланды, қаза тапты, мем­ле­кеттік және кәсіпкерлік нысандар қирады. Бұл әдейі ұйымдастырылған деп есептеймін. Өйткені Президент Қ.То­қаевтың іске асыра бастаған саяси және экономикалық реформаларына қарсы топтар осындай қатігездікке барды. Иә, елде қордаланып қалған әлеу­мет­тік-экономикалық мәселелер бар. Ол белгілі. Осы жағдайды ұтым­ды пайдаланғысы келген билік­құмар арамзалар, халықтың атын жамы­лып, өздерінің арам пиғылдарын іске асыр­ғылары келді. Олардың ойлары мемлекетте төңкеріс жасау еді. Қантөгісті ұйымдастырушылар бүкіл өңірлер көтерілгенде Мемлекет басшысы елден кетіп қалады немесе өз орнын босатады, билікті оңай бере салады деп ойлаған болуы керек. Мұндай жағдайлар бүлік шыққан мемлекеттерде болғанын жақсы білеміз. Шынында да елімізді ауыр жағдай орын алды. Билік қыл үстінде тұрды. Алайда Қасым-Жомарт Кемелұлының табанды позициясы, өткір шешімдері және Қазақстан халқына қайта-қайта жасаған үндеулері көңілге сенім ұялатып, қас­көйлердің арам ойларын іске асыруға мүмкіндік бермеді. Мемлекетті хаосқа жібермеген басшыны көзі ашық, көңілі ояу адам бағалай білуі керек!

Сонымен қатар Отанымызға лаң­кес­тер қауіп төндіргенде қайсарлық пен та­бандылық көрсетіп, өз шептері­нен шегінбей, халық алдында өз борыш­та­рын абыроймен адал атқарған ержүрек, ба­тыл жауынгерлер мен полиция қыз­мет­­керлерінің ерлігі зор құрметке лайық.

Мәжіліс депутаттары ақпан айында өңірлерде болғанда сайлаушылардың көтерген ең өзекті мәселесі – қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарын заңды және әділ жүргізуді талап ету болды. Демек Бас прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын барынша ашық жүргізіп, кімнің кім екенін анықтауы қажет. Болған жағдайларды ашық көрсетіп, ештеңені жасырмаған жөн. Өйт­кені жасырын процесс ел арасында сенім­сіздікті көбейтеді. Сондықтан қастан­дықты кімдер ұйымдастырды, оларға кімдер көмектесті, кімдер қаржы­лан­дырды, қаржылар қайдан келді деген сұрақтарға толық жауап алынып, халыққа жариялануы керек.

Сонымен қатар депутаттар атына азаматтардан ұсталған күдіктілерге қатысты тергеу амалдары кезінде олар­ды қинау, зорлау, ұру, соғу, жара­лы­ларға тиісті дәрігерлік көмектер көрсе­­тілмеу сияқты фактілер бар деген арыз-ша­ғымдар түсуде және әлеумет­тік желілер­де де ақпараттар бар. Сондық­тан про­куратура әр ұсталған азамат бойын­ша және заң бұзуға жол берген құқық қорғау қызметкерлеріне қатысты тексе­рістер жүргізіп, заң бұзушылық фак­тілері орын алды ма, жоқ па, анық­тап, тиісті шаралар алу қажет. Ауру, жаралы азаматтар тиісті емін алсын. Оларға қажетті жағдайлар жасалсын.

Біз бір нәрсені естен шығармауымыз керек. Сотпен қылмысы дәлелденген адам ғана қылмыскер. Сондықтан сот­тар­дың үкімін күтеміз. Кінәлілер нақты анық­талып, заңға сәйкес жазалану керек.

Қаңтар қасіреті жайдан-жай болған жоқ. Бауырларымыздың қаны бекерге тө­гілмеді. Біз өткен күндерден сабақ алуымыз қажет. Бір ғұлама айтқан екен: «Бір жамандықтың артында екі жақсы­лық бар» деп. Болған жағдай қоғамның тазалануының бастауы болар. Еліміз жаңа бағытқа бет бұр­ды. Халық биліктен оң өзгерістер күтеді, тіпті реформаларды бірге іске асыруға мүдделі. Егер Жаңа Қазақ­стан­ды құрамыз десек ескі әдістер мен ша­блондардан арылып, өзіміз де өз­ге­руіміз қажет, билік те өзгеруі тиіс. Әсі­ресе сот жүйесі және құқық қорғау орган­дары да жаңаша жұмыс істеуге мін­детті. Бұл – ел, Президент, уақыт та­лабы!

Қазір бүкіл әлем турбулентті жағ­дайға түсті. Біз буыны енді қатайып келе жатқан мемлекетпіз. Елдің ертеңін бол­­жау өте қиын. Республиканың тұрақ­­тылығы мен тәуелсіздігі үлкен сынақ­қа түсіп отыр. Мемлекетімізді тұмсық­тыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтыр­май алып шығу тек Президенттің жауап­кер­шілігі емес, бұл Парламенттің, Үкімет­тің және әрбір қазақстандықтың парызы.

Жаңа Қазақстанның одан әрі дамуы халқымыздың сабырлығы мен се­німіне, мемлекетшілігі мен ауызбір­шілігіне, белсенділігі мен қажырлы еңбе­гіне тікелей байланысты, ал бұл қағи­дат­тарды іске асыру елімізде рухы мықты, әділ қоғамды орнатуды қажет етеді.

 

Еділ ЖАҢБЫРШИН,

Мәжіліс депутаты