Пікір • 17 Наурыз, 2022

Amanat реформаларды қолдайды

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміз дамудың жаңа кезеңі – Жаңа Қазақстанға аяқ басты. Бұл біздің сан ғасырлық терең тарихымыздағы бетбұрысты және тағдырлы сәт. Бүгінде әлем күрделі де қауіпті кезеңді бастан кешіруде. Қарулану мен жаһандық азық-түлік дағдарысының қаупі артып келеді, жанжалдар күшейіп, әскери қақтығыстар туындап жатыр, ауқым­ды санкциялар енгізілуде, кли­мат өзгеріп, коронавирус панде­миясы жалғасып келеді.

Amanat реформаларды қолдайды

Бұл жаһандық тенденциялар Қазақ­станның жүйелі проблемаларын анық көрсетті. Мұндай жағдайда сындарлы өзгерістер мен эволюциялық жаңғыру ғана қиындықтарды еңсеріп, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. 2022 жылғы қаңтар қасіретін бастан кешірген Қазақстан халқы жұмылған жұдырықтай бірігіп, радикализм мен экстремизмге қарсы тұрды, прогресс пен игі өзгерістердің жалғасын табуын қалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қыз­метіне кіріскен сәттен бері елде жүйелі рефор­маларды кезең-кезеңімен жүргізіп келеді. Қазірдің өзінде мемлекет пен қоғам­ның барлық салаларын қамтитын кешенді реформалар жүзеге асырылды. Ел мен халық алдында тарихи жауапкершілік алған Президент Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, елімізді саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда реформалауды тереңдетуге бағытталған ауқымды реформалар жоспарын ұсынды.

Аmanat партиясы Қазақстан Прези­денті­нің жүйелі және кең ауқымды рефор­ма­ларын толығымен қолдайды. Мем­лекет басшы­сының реформаторлық бағытының аясында Аmanat партиясы өзгерістерді өзінен бастап, ішкі трансформацияны қолға алды.

Біз реформалар бағытына балама жоқ екеніне сенімдіміз. Саяси либерализа­ция және әлеуметтік әділеттілік – бұл азамат­тардың өтініштеріне дер кезінде берілген жауап. Біз барша қазақстандықтарды бірлік пен ынтымаққа, барлық қоғамдық-саяси күштерді топтасуға шақырамыз.

Біз барлық күш-жігеріміз бен қуаты­мызды Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруға бағыттауға дайынбыз. Біздің бірлігіміз нығайғанда ғана тәуел­сіздік пен мемлекеттілікті берік етеміз, ортақ Отанымыз бен  барлық азаматтардың әл-ауқатын арттыра аламыз!

 

Асхат ОРАЛОВ,

Amanat партиясының
атқарушы хатшысы