Аймақтар • 21 Наурыз, 2022

Әз-Наурыз қарсаңында журналистер марапатталды

724 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында жыл көлемінде еңбегімен көзге түскен БАҚ өкілдері ҚР Журналистер Одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы атынан марапатқа ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әз-Наурыз қарсаңында журналистер марапатталды

Бұл күні алғыс арқалаған журналистердің облыстағы БАҚ саласына қосып келе жатқан үлестері зор. Атап айтсақ, облыстық «Didar» газетінің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев өңір журналистикасын дамытудағы сан жылғы еңбегі Журналистер Одағы тарапынан бағаланып, алғыс хатпен марапаттады. Ал, өңір журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін облыстық «Менің өлкем» газетінің директоры Ерболат Мұқажанов, өңірдегі өзекті мәселелерді батыл көтергені үшін республикалық «Казахстанская правда» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Галина Вологодская марапатталады.

Журналистер Одағының ШҚО-дағы филиалы зейнеттегі тілшілерді де ұмыт қалдырмады. Сан жылғы еңбегі үшін облыстық «Рудный Алтай» газетінің ардагері Қабдулқайыр Құдайбергеновке алғыс хат табысталды. Ол орыс тілінде қазақ тілінің мәселесін сан мәрте қаузағаны оқырмандардың есінде.

– Шараның мақсаты – күн мен түн теңелетін әз Наурыз мерекесі қарсаңында өңірдегі өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүрген әріптестеріміздің еңбегін елеп-ескеру. Аға буын өкілдеріне ілтипат таныту, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру. Мәселен, осы шара аясында облыстық «Рудный Алтай» газетінде ұзақ жыл қызмет атқарған, қазақтың мәселесін орыс тілінде жеткізген, қазір денсаулық жағдайына байланысты үйде отырған Қабдылқайыр Құдайбергеновке құрмет көрсеттік. Облыстық «Дидар» газетінде 40 жыылдан астам еңбек етіп жүрген Уәлихан Тоқпатаевқа алғыс айттық. Мұндай айтары бар, жазары бар ардагер журналистерді қалам ұстаған жас буын өкілдері білуі тиіс, – дейді ҚР Журналистер одағының ШҚО филиалының жетекшісі Азамат Қасым.м

Сонымен қатар, «Хабар-24» телеарнасының Шығыс Қазақстандағы меншікті тілшісі Эльмира Ахметова, «QAZAQSTAN» ұлттық арнасының Семейдегі меншікті тілшісі Ержан Жақып, «Atameken Business» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Жанболат Санияз, облыстық «Ертіс өңірі» газетінің бас редакторы Сәтжан Кәріпбаев, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Мерей Қайнарұлы,облыстық «Altai» телеарнасының редакторы Анна Коцарева, Көкпекті аудандық «Жұлдыз» газетінің редакторы Дархан Бердібек марапатталады.

Жиын соңында ҚР Журналистер Одағының ШҚО филиалы директоры Азамат Қасым тілшілер атынан аталған шараға демеушілік көрсеткен «Казцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазаревке, және Аягөз, Ұлан, Катонқарағай, Бесқарағай, Көкпекті аудандарының әкімдеріне және кәсіпкер, белгілі ресторатор Мұхтар Тоййбазаровқа алғыс білдірді.