Тарих • 23 Наурыз, 2022

Нығымет Мыңжан және «Сәуле» ұйымы

839 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биылғы наурыз айында Алаштың ардақтысы, жазушы, ақын, тарихшы, тілші-ғалым, этнограф, аудармашы, қоғам қайраткері Нығымет Мыңжанның туғанына 100 жыл толады.

Нығымет Мыңжан және «Сәуле» ұйымы

Нығымет Мыңжан қазақтың сөз өнері мен көне тарихы үшін жанкешті еңбек еткен айтулы тұлға ғана емес, ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, халқының есе-теңдігін тү­ген­деу үшін тәуекелге бел буған соқталы қайраткер де бола білді. Әсіресе XX ғасырдың 40-жылдарындағы тарихи Шығыс Түркістан өлкесін­дегі қым-қуыт, күрделі саяси кү­­рес­­терде жас Нығымет туған хал­қының мүддесін жоқтап, от пен суға кезек түсті. Бұл кезең­дегі Нықаңның қайраткерлік ең­бегі құпия ұйым «Сәуленің» қыз­меттерімен тығыз байланысып жатты.

Нықаң 1941 жылы Үрімжідегі полиция училищесінен оқу тауы­сып, сол кездегі Шыңжаң про­винциясының Қоғамдық қауіп­сіздік басқармасында аудар­машы, тергеуші жұмыстарын атқарады. Жергілікті биліктің тұрғылықты халықтарға қарсы жасаған сан қилы сұмдығы мен жауыздығына куә болған жас маман 1943 жылы Үрімжідегі тілеулес, жақтас қазақ зиялыларының басын қосып, тәуелсіз «Сәуле» ұйымының құры­луына бас болады. Қытайдағы қазақ интеллигенциясының көш­­басшыларының бірі, 1946 жы­лы желтоқсан айында «Сәу­ле­ге» мүше болған марқұм Қаби­молла Мәнжібаев ұйымның құ­рыл­тайшылары қатарында Сәліс Әміреұлы, Зәкәрия Әше­ұлы, Әб­дікәрім Ынтықбаев, Мә­­жит Әбу­з­аров, Халық Қари сияқ­­ты тұлға­ларды атайды. Қ.Мәнжі­баев­тің берген куәлігі бойынша, «Сәуленің» жарғысында (Н.Мың­жан дайындаған) «Қазақ­тың мәде­ниетін, ағартуын, шаруа­шылығын дамытуға түрткі болатын ұйым, ешқандай саяси топтармен байланыс орнатпайды», деп ашық жазыл­ған. Оңаша әңгімелерінің бірінде Н.Мыңжан Қ.Мәнжібаевке «Сәуле» тыңшылық ұйым да, феодалдардың қолшоқпары да емес, бұл ұйым Гоминьданнан да, Шарқидан да жасырын, құпия ұйым, тіпті демеушілеріміз Жа­ным­хан қажы мен Қадуан ханым да бұл ұйымды білмейді» деп ескертеді.

Мұндай сақтықтың жөні жоқ емес еді. Өйткені сол кезде өлкеде қалыптасқан жағдайға сәйкес Кеңес Одағының жәрдемімен құ­рылған Шығыс Түркістан Рес­публикасы (Шарқи) мен жергілікті Қытай әкімшілігі (Гоминьдан үкіметі) арасында күрделі күрес­тер жүріп жатқан. Осыған байланыс­ты Үрімжідегі қазақ оқы­ғандары да екіге жарылып, бір тобы Шарқиды қолдаса, енді бір бөлігі Гоминьданның сойылын соғады. Ал Н.Мыңжан бас­таған үркердей қауым көріністе Гоминьдан жағына шыққанымен, іс жүзінде ұлттың ұпайын түгендеу жолында қиян-кескі саяси күрестің бел ортасында жүреді. Міне, осындай алмағайып кезеңде қазақтың есе-теңдігін, өте-мөте саяси құқығының іске асуын көздеген құпия ұйымның зәрулігі мен қажеттілігі айтпасақ та түсінікті.

Шарқи мен Гоминьдан арасын­дағы бітімге сәйкес 1946 жылы қыркүйек айында коалициялық үкімет құрылудың қарсаңында «Сәуленің» қызметі жандана түседі. 1945 жылдың аяғына қа­рай жергілікті билік болашақта құрылуы мүмкін коалициялық үкіметтің құрамына енетін қа­зақ кадрлары туралы қазақ зиялы­ларының пікірін сұрағанда, сәулеліктердің ортақ шешімімен белгілі тұлғалар Жанымхан Тілеу­байұлы, Қадуан ханым, З.Әшеұлы, С.Әміреұлы мен Н.Мыңжанның кандидатурасы ұсынылады. Соның нәтижесінде, Ж.Тілеубайұлы Қар­­жы департаментінің басшысы, С.Әміреұлы Үкімет хатшы­лығы­ жетекшісінің орынбасары, Қадуан ханым Үрімжі ай­ма­ғының губернаторы, Н.Мың­жан Қаржы департаментінің жетекші хатшысы қызметтеріне тағайындалады.

Сәулеліктер жергілікті сая­си жүйедегі қазақ мүддесін қор­ғауды басты мақсат етеді. Бұл сөзімізге Тайвань Мемлекет тарихы академиясындағы Президент Чан Кайшидің жеке архивтері коллекциясында сақталған, 1947/10/19 рәсімделген құпия жеделхат куә. Жеделхаттағы деректер бойынша, Хатшылық жетекшісінің орынбасары С.Әміреұлы («Сәуле» құрылтайшыларының бірі) 1947 жылы 13 қазан күні Үрімжідегі қазақтарды жиналысқа шақырып, жергілікті билікке «Коалициялық үкіметтің төрағасының орынбасары қызметінен қазаққа бір орын бөлу; мемлекеттік мекемелердегі қазақ қызметкерлердің үлесін көбейту; қазақ мектептерінің санын молайту; қазақтардың ша­руашылығын дамытуға қаржы­лай жәрдем беру және қазақ мал­шыларының мойнындағы несиені жою; қазақ малшыларына тиесілі жер телімін арттыру; өлкелік дәріхананың директоры қызметін қазаққа беру; іс-қағаздар жүйесіне қазақ тілін енгізу» секілді талаптар қояды. Сондай-ақ 1946-1947 жылдары Шарқи тарапынан Үрімжідегі қазақ зиялыларына шабуыл жасалып, Н.Мыңжан таяққа жығылып, Үрімжі аймағы губернаторының орынбасары Түркістан Ноғайбаев өлтірілгеннен кейін, «Сәуленің» бастамасымен 1947 жылы сәуір айында Үрімжі төңірегіндегі қа­зақтар шеруге шығып, Үкіметке өз талаптарын қояды. Сол жылы күзде сәулеліктердің астыртын жұмысының нәтижесінде, қазы­на қаражатымен қамтамасыз етілген сегізінші қазақ полкі жә­не қаруланған қазақ жасақтары құ­рылып, Үрімжі аймағындағы қазақтардың қауіпсіздігін қорғауға міндеттеледі.

«Сәуленің» ұсынуымен 1948 жылдың қаңтар айында жасы отызға толмаған Н.Мыңжан бүкіл­қытайлық заң шығарушы Юаньнің депутаты болып сайланады. Нықаң бұл қызметте де қазақтың саяси мүддесін кеңей­туді басты мақсат етеді. Мы­салы, Тайвань Мемлекет тарихы академиясының архивінде сақ­талған құжатта көрсетілуінше, Ұлттық конгресс депутаты ретін­де Нықаң Шыңжаң провинция­сы төрағасының орынбасары қыз­метіне бір қазақ сайлау тура­лы бастама көтеріп, қолдау табу үшін қытай, дүнген, сібе депутаттарымен байланысқа шығады. Әрі үміткер ретінде Әлен мен Ж.Ті­леубайұлының кандидатурасын ұсынады. Сөйтіп, Қытайдағы қа­зақ мәселесі тағы бір мәрте жоғар­ғы биліктің назарына ілінеді, Нықаңның белсенді әрекеттері Қы­тайдағы қазақтың саяси мәде­ниетінің қалыптасуына да үлкен әсер етеді.

«Сәуленің» қаулысымен ұйым мүшесі, Құтыби ауданы әкімінің орынбасары Оразбай Қалиұлы 1949 жылы көктемде Қытайдың Цинхай провинциясындағы қазақтардың халін білу, оларға жансауға сұрау үшін, Солтүстік-Батыс Қытайдың әскери-әкімшілік басшысы, дүнген милитарист Ма Буфанға елші болып барады. Сол жылдың жазында Гоминьданның әкімшілік қызметкері Кәрім Әкірами де «Сәуленің» тапсырмасымен Ма Буфанға жолығып, сол аймақтағы қазақтардың хал-жағдайынан хабар алып қайтады.

«Сәуле» ұйымы қазақтың шаруа­шылығы мен мәдениетін да­мыту мәселесін де қаперден шы­ғармайды. Сәулеліктер «Ырыс» дейтін компания құрады. Бел­гілі қайраткер-ғалым Хасен Орал­тайдың куәландыруынша, «Ырыс» компаниясының мақсаты қа­зақтың қолындағы жүн, тері секілді шикізаттың құнын көтеру болған. Компанияны С. Әміреұлы басқарған, алайда көлденең себептерге байланысты компания небәрі бір-ақ жыл жұмыс жүргізіп, жабылып қалады.

«Сәуленің» тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі 1947 жылы «Сәуле» баспасының құ­рылуы деп сеніммен айта аламыз. Баспаның жұмысына сәуле­ліктерден өзге белгілі қазақ зия­лылары тартылады. «Сәуле» жур­на­лы жарық көріп, оған Н.Мыңжан бас редактор болады. Х.Оралтайдың еске алуынша, журналдың алғашқы санында баспа мен басылымға демеуші болған 35 тұлғаның тізімі беріледі. тізімнің ең басына Оспан батыр, Жанымхан қажы, Қалибек Хакім, Қадуан ханым есімдері берілген. «Сәулеге» қосымша әдеби-көркем «Шаншар» басылымы да шығарылады. Осы баспадан «Абай өлеңдері» (алғы сөзін Н. Мыңжан жазған), «Иман-шарт», «Әліппе» т.б кітаптар мен Н. Мыңжанның «Тұрмыс тілшісі» (Қытайдағы қазақ әдебиетіндегі алғашқы повесть), «Қазақ тарихының дерек­тері» еңбектері басылып шығады. Айта кетерлік бір жайт, Нықаң осыған дейін жергілікті басылымдарда «Жауынгер семья» (1942 ж.), «Қыз Жібек жайында» (1943 ж.), «Сегіз бересі борыш» (1944 ж.), «Білім – өмір шырағы» (1945 ж.), «Құныкерлер» (1946 ж.), «Қазақтың ағарту-тәрбие жағдайы» (1947 ж.), «Тінейдің сары құсы», т.б. дастан, пьеса, әңгіме, зерттеулерімен қуатты қалам иесі ретінде танылып үлгерген еді. 1947 жылы «Сәуленің» тапсырмасымен Нықаң Үрімжідегі «Дәрнек» конференциясында қазақтың ата тарихы туралы ұзақ баяндама жасайды. Баяндама мәтіні көп ұзамай қытай тіліне аударылып, Шанхайда шығатын «Ханьхайчао» журналының 1947 жылғы сандарында жарық көреді. Қазақтың бай аңыздарынан сыр шертіп, нақты жазба деректермен түйінделген бұл еңбек жас ғалымның ғылыми ортадағы беделі мен мәртебесін көтереді.

1947 жылдың күзінде «Сәу­ленің» мұрындық болуымен және жергілікті биліктің бекі­туі­мен Үрімжіде қазақ театры ашылып, жетекшілігіне Х.Қа­ри тағайындалады. Кейінірек театр­дың жұмысын белгілі жазушы Бұқара Тышқанбаев жүргізеді. Қытайдағы қазақ өнерінің алғашқы қарлығаштары осы алтын ұяда қанаттанып, топшысын бекітеді. Шығыстағы қазақ өнерінің көшін бастаған осы өркениет ошағы бүгінгі күнде Іле қазақ автономия­лы облыстық ойын-сауық үйірмесі (ән-би ансамблі) деген атпен жұмысын әлі жалғастырып келеді.

1948 жылы Үрімжіде ашылған Тіл мектебіне қазақ балаларының қабылдануы да сәулеліктердің құлшынысының арқасы екенін Қ.Мәнжібаев өз естелігінде атап көрсетеді. Осы мектепте білім алған қазақ жастарының қатарында Әзімқан Тішанұлы, Меллатқан Әленұлы, Нариман Жабағытайұлы сынды болашақ сөз зергерлері де болды.

Қ.Мәнжібаевтің куәланды­руынша, «Сәуле» ұйымының қыз­метіне Н.Мыңжан басалқа болған. Сірә, шешімдердің барлы­ғы Нықаңның қатысуымен, қада­ғалауымен жасалып отырған. Бұған оның қазақ-қытай зиялы­ларының арасындағы биік беделі және белгілі саяси тұлғалармен, мысалы, Бұрһан Шаһидимен дос-жарлығы мүмкіндік берсе керек.

Құжаттық деректердің тапшы­лы­ғына, әсіресе 1950 жылдан кейінгі «Сәуле» ісіне» байланысты тергеу материалдарының әлі күнге құпия сақталуына байланысты «Сәуленің» тарихы және ондағы Н.Мыңжанның қайраткерлік қызметі туралы әңгімені осымен доғаруға мәжбүрміз. Дегенмен осы ұсынылған деректердің өзі жас Нығыметтің күрделі тағ­дыр жолындағы қайраткерлік қыз­метінің біраз қырларын ашуға көмектеседі деген ойдамыз.

 

Ерлан МАЗАН