Аса құрметті
Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Киелі Ұлытау-Жезқазған аймағының жұрты орны айрықша қуанышқа кенеліп отыр. Қала-аудан мекемелері мен мәдени орындарына көпшілік жиналып, Сіздің Жолдауыңызды тыңдады. Кеше ғана бұлтсыз күні күркіреген күндей боп, ел ішін дүрбелеңге салған, бейбіт шеруді береке қашырған қанды оқиғаға айналдырған лаңкестердің қастандығы мен оның сабақтары жайлы айтқан ойларыңыз бізді ерекше толғандырды. Өзіңіз айтқандай, сол күндерде отыз жылдық тарихы бар тәуелсіздігіміздің орнын сипап қалардай сын сағат туды.
«Қасіретті қаңтар» атанған сол дүрбелеңді басуда Сіз табандылық, қайсарлық, шешімді қимыл таныттыңыз. Қандай қиындық болса да Сіз өзіңізді халықпен бірге болатын Мемлекет басшысы ретінде көрсеттіңіз. Осы адалдығыңыз бен ар алдындағы ұстанымыңыз үшін біз сізді ерекше құрметтейміз.
Ел мен ел тізгінін ұстаған Сіздің алдыңызда күрделі де қиын міндеттер тұрғанын сеземіз. Ол – әлем жұртын алаңға салып отырған Ресей-Украина шиеленісі, жаһанды жаналқымнан алған індет салдары, санкция зардаптары, іштен шалуды көксеген дұшпандар әрекеті қабат келіп тұрған мына күрделі уақыттың сын-қатерінен Қазақстан мемлекетін аман-сау алып шығу міндеті. Біз Сіздің өмірлік тәжірибеңіз бен біліміңізге, табандылығыңыз бен ұлтқа деген адалдығыңызға бек сенеміз. Сондай-ақ бұл тығырықтан да жол тауып елді аман алып шығуға күш-қуатыңыздың жететініне зор сеніммен қараймыз. Жолдауда айтқан ойларыңыз бен ел әлеуетін арттыруға, саяси жаңғыруға қатысты берген тапсырмаларыңыз – жұрт асыға күткен шешімдер.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз Мемлекет басшысы ретінде Ұлытау-Жезқазған жеріне екі мәрте жұмыс сапарымен келдіңіз. Сол екі сапарыңыз да Ұлытау аймағы жұртына соны серпіліс әкелді. «Ұлытау-2019» халықаралық форумы мен «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені – соның нақты дәлелі. Ұлытау жерінде өткен халықаралық форумда Сіз: «Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер», деп ұлт ұясы атанған жерге, оның тарихи орнына зор баға берген болатынсыз. Жолдауыңыздағы «Ұлытау облысы ашылып, оның орталығы Жезқазған қаласы болады» деген сөзіңіз Ұлытау топырағында тоғысқан алып тарихи тұлғалар рухына жасаған перзенттік, азаматтық тағзымыңыз болды.
Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өндірісті қала Жезқазғанның да, Ұлытау ауданының да өңі кетіп, өзегі тала бастап еді. Енді бұл аймақ қайта түлеу кезеңін бастайды. Сарыарқаның осы пұшпағын жайлаған қалың жұрт, өндіріс еңбеккерлері, ардагерлер мен жастар Сізге осы шешіміңіз үшін шын жүректен рақметін айтып, алғысын жеткізеді.
Сүйінші хабар жер жәннаты Жетісу халқын да, ұлы Абай елін де, қасиетті Қапшағай жұртын да, қайраткер аға Д.А.Қонаев есімін қадір тұтқан елді де ерекше қуантты. Біз бұл қуанышты күнді Жаңа Қазақстанның жақсы күндерінің бастауы деп санаймыз.
Елдің бүгіні мен болашағы үшін қам жасаған ісіңізге сәттілік тілейміз.
Біз Сізбен біргеміз, жаңа бастамаларыңыздың бел ортасында боламыз.
Зор алғыспен,
«Kazakhmys Holding (Казахмыс Холдинг)» ЖШС еңбеккерлері және Ұлытау-Жезқазған аймағының жұртшылығы
(11 мыңнан астам адам қол қойған)