Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ректорлары кеңесінің төрағасы, «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жоғары білім беруді жаңғыртудың басым міндеттеріне назар аударды. Академик университеттік білімді қайта қарастырып, ел Президентінің жоғары білім беру саласын дамыту жөнінде берген нақты тапсырмаларын іске асыру бойынша шаралар кешенін ұсынды. Атап айтқанда, академик жоғары оқу орындарының өндіріспен өзара іс-қимылын күшейту, білім беру бағдарламаларын жақсарту, жоғары оқу орындарын әлемдік қауымдастық көшбасшыларымен интеграциялау бойынша басым шаралар қабылдаудың маңызын атап өтті.
«Студенттерді өндірістік тәжірибеге қабылдайтын ұйымдардың, кәсіпорындардың, мекемелердің ұлттық тізілімін құруды ұсынамын. Бұл ретте тәжірибе заманауи технологиялық желілері мен заманауи технологиялық инновациялары бар жерде өткізілуі тиіс. Өндірістік тәжірибенің уақытын кем дегенде екі есеге арттырып, оған жоғары оқу орындарының жетекші педагогтері мен ғылыми қызметкерлерін ғана басшы ретінде бекіту керек», деді ректорлар кеңесінің төрағасы.
Отырысқа қатысушылар белсенді қоғам қайраткерлерін тарта отырып, университеттерде қоғамдық сенімнің академиялық кеңестерін құру мәселесін талқылады.
ЕҰУ ректоры жоғары оқу орындарының ғылыми-сараптамалық әлеуетін пайдаланудың маңыздылығын айта келіп, қоғамдық пікірді зерттеу орталықтарын ашуды ұсынды. Ребрендинг аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларын өңірлік және этно-мәдени даму проблемаларын зерттейтін ғылыми-аналитикалық орталықтарға өзгерту туралы идеяны жария етті.
Сондай-ақ ол кейбір өңірлік жоғары оқу орындарына ұлттық университет мәртебесін беру мәселесіне де тоқталды. «Бізде осы мәртебеге лайықты университеттер баршылық. Бұл өңірлерде жоғары білім берудің жаңа локомотивтерін қалыптастыруға үлкен серпін береді», деді ректорлар кеңесінің төрағасы.
Еліміздің жоғары оқу орындарындағы студенттік өмірдің іс-шаралар кешенін жаңарту, атап айтқанда, студенттік іс-шаралар күнтізбесін кеңейту ұсынылды. Мәселен, 5 қыркүйек – белгілі ғалым, саясаткер, ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың туған күнін «Студент жастар күні» деп белгілеу қажеттігі айтылды.
Ғалымдар гуманитарлық және әлеуметтік мамандықтар үшін ғана болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «100 жаңа оқулық» жобасын техникалық, жаратылыстану ғылымдары және медициналық мамандықтар бойынша жалғастыру мәселесін қозғады.
Отырыс барысында белгілі мамандар, ғалымдар, спортшылар мен өнер қайраткерлері үшін біліктілік курстарын өткізу үшін «Тәлімгер» ұлттық бағдарламасын қалыптастыру туралы ұсыныс жасалды.
Қазақстандық білім беруді және отандық жоғары оқу орындарын дамытуға қатысты М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ерлан Шуланов айтты. Оның айтуынша, білім беру саласына жаһандану және жедел цифрландыру әсер етеді. Спикер қазақстандық білім беру нарығында жаңа шетелдік ойыншылардың пайда болуы еліміздің жоғары оқу орындарын трансформациялау циклын және жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікті жеделдететінін атап өтті.
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытудың және білім трансферті үшін филиалдар ашудың маңыздылығына тоқталды.
Ректорлар кеңесінің отырысында ҰҒА академигі, Satbayev University (Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті) бұрынғы ректоры, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы, көрнекті ғалым Досым Сүлеевке «Қазақстанның Құрметті ректоры» атағын беру туралы шешім бірауыздан қабылданды.
Сондай-ақ отырыс аясында көрнекті тұлғаның өмірі туралы «Өнегелі өмір» сериясындағы фильм мен кітаптың тұсаукесері өтті.
Іс-шара соңында ЕҰУ студенттеріне Д.Сүлеев, М.Молдабеков, А.Елібаев және С.Байжанов атындағы атаулы стипендиялар табысталды.