Мектеп басшысы, полковник Ғазиз Төлеушев құттықтау сөзінде жасөспірімдердің дене шынықтыру бағытындағы дайындығының маңыздылығын атап өтті.
«Спортпен шұғылданудың Қарулы Күштер қатарындағылардың болашақ қызметіне тигізер пайдасы көп. Жеңіске жету жолында бірқатар қиын сынақтардан өтіп, көптеген дағдыларды көрсету керек болады. Біздің ұландар сол сынақты керемет орындады», деді мектеп басшысы.
Әскери мектептің тәрбиеленушісі Асыланбек Ернұр осынау жарысқа қатысып, үздік нәтиже көрсетті.
«Мен жарыстың барлық кезеңіне қатыстым. Сынақтан сәтті өтуге спортқа деген махаббатым көмектесті. Мектепте сабақтан бос уақытта жеңіл атлетикамен айналысамын, футбол мен волейбол ойнаймын. Мектепті бітіргеннен кейін әскери институтқа түсіп армияда қызметімді жалғастырамын», деп болашақ жоспарымен бөлісті Асыланбек Ернұр.
Қарулы Күштердің 30 жылдығына арналған жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен «Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысының және «Жас ұлан» республикалық мектептерінің 80 тәрбиеленушісі қатысты. Оқу орындары арасындағы командалық сайыста Шымкент қаласының ұландары үздік атанды.
Жарыс Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж және Қорғаныс министрлігі орталық спорт клубының оқу-жаттығу орталығында өткізілді. Төрт күн бойы жасөспірімдер пневматикалық винтовкадан ату, белтемірге тартылу, шаңғы жарысы және әскерилендірілген эстафетадан сайысқа түсті.