Биыл Қазақстан Президентінің Жолдауы «қырғи-қабақ соғыстан» бері болмаған әлемдік турбуленттіктің басталуы кезімен тұспа-тұс жарияланды. Біріншіден, бұл Жолдау, біздің ойымызша, қазіргі уақыт талабына сай әрекет ету қажеттігіне байланысты жарияланды және ол ең алдымен, Қазақстан халқының ұмтылыстарына, игілігіне арналып отыр.
Көрнекті ақылман cаясаткер, шебер дипломат және парасатты адам болып табылатын Президент, негізгі басымдық ретінде – азаматтардың ең үлкен байлығы, басты және қасиетті мирасы ретінде аса маңызды құндылығы – Қазақстан Тәуелсіздігін нығайтуды таңдады. Дәл қазір әлемнің Еуразия бөлігінде болып жатқан оқиғаларды ескере отырып, бұл құндылықты асыра бағалау қажет. Азаттық пен Тәуелсіздікті сыйға тартылған игілік ретінде қарастыруға болмайды, сондықтан да бүгінгі таңда кез келген кемеңгер басшы Еркіндік пен Егемендік сияқты мәселелерге баса мән беруі керек, өйткені оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу қажет. Бұл тұрғыда Оңтүстік Африкадағы апартеид режімінен кейінгі тарихы да – тағылымы мол дүние. Сондықтан да бүкіл әлемде «үлгілі көшбасшы» ретінде танылған Нельсон Мандела – өркениетті «Бостандыққа ұзақ сапарын» жалғастыруға шақырды.
Екіншіден, Президент Қ.Тоқаев экономикалық және саяси реформалардың негізінде заманауи әлемнің талаптарына, сондай-ақ жер бетіндегі барлық адамдардың соңғы ұмтылыстарына сай күшті Жаңа Қазақстанды құрудың стратегиялық идеясын көрегендікпен ұсынды. Үнемі реформаланып, дамып келе жатқан мемлекет өзінің барлық азаматтары үшін қазіргі кезде де, болашақта да өзектілігін сақтайды. Экономикалық және саяси реформалардың үйлесімі – дәл осы қағидат лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етеді. Бұл, сондай-ақ әл-ауқат, гүлдену мен тұрақтылықтың, адам құқықтарының маңызды негізі болып табылады.
Саяси тиімді реформаларды жүргізуді жалғастыра отырып, Қазақстан лидері суперпрезиденттік басқару жүйесінен – күшті билікке ие, бірақ шамадан тыс өкілеттіктері жоқ президенттікке әрі азаматтардың көбірек қатысуына негізделген ықпалды демократиялық Парламентке көшудің маңыздылығын атап өтті. Бұл үлгі Үкіметтің халыққа есеп беруін қамтамасыз етеді. Мұндай жаңа қадамдар барлық деңгейде сыбайлас жемқорлыққа және билікті теріс пайдалануға тосқауыл болады.
Бүгінгі таңда әлемнің кез келген бөліктерінде ұлттық конституциялар жаһандық жоғары деңгейлі еркіндік стандартына біртіндеп, барған сайын онымен сәйкестендірілуде. Сонымен бірге олар биліктегі халықтың өкілдігін және үкіметтердің өз азаматтары алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Мысалы, бүкіл әлемде жоғары құрметке ие Оңтүстік Африка Ата заңында жазылғандай, конституцияға сәйкестік және жоғарыда айтылған мәселелер қарапайым азаматтар мен прокурорлар және омбудсмендер үшін үлкен маңызға ие. Бұл орайда Қазақстанда Конституциялық кеңестің Конституциялық сотқа айналуы барынша мақтауға лайық. Себебі мұндай жаңашылдық, халықаралық тәжірибеге сәйкес, Негізгі заңның нормаларын тиімдірек қолдануға мүмкіндік береді. Құқық қорғаушылар ретінде біз үшін бұл бастама да аса маңызды қадам болып табылады, өйткені ол өз азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғайтын әділ және теңгерімді құқықтық мемлекет құруға ықпал етеді.
Сайлау және өкілді жүйелер мен әкімшілік-аумақтық құрылымдағы реформалар да дәл сондай ауқымды және егжей-тегжейлі көрсетілген. Атап айтқанда, үш жаңа облыстың (Абай, Жетісу және Ұлытау) құрылуы Қазақстанның дамуына серпін беріп, өңірлік әділеттілікті қамтамасыз етеді және көп қырлы жақсы нәтижеге жетелейді. Ал Мәжіліс, сондай-ақ облыстық мәслихаттар және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттар депутаттарын сайлау – пропорционалды 70% және мажоритарлық тәсіл бойынша 30% құрайтын пропорционалды-мажоритарлық аралас үлгіге көшу – өзара келісімді, үйлесімділікті қамтамасыз етеді, өйткені мұнда толық барлық азаматтардың құқықтары ескеріледі. Бұл ретте Мәжілістің қызметі кеңейтілетін болады. Оған заң шығарудың айрықша құқығы, тіпті іс жүзінде Сенаттың қарсылығын еңсере алуға мүмкіндік беріледі. Өз кезегінде, Сенаттың өкілеттігі – Конституциялық сот пен Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағалары лауазымдарына кандидаттарды бекіту құқығымен толықтырылады. Бұдан былай Мәжіліс, мемлекеттік бюджеттің атқарылу сапасын да қадағалайтын болады. Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы (бұл жаңа орган Парламентке есеп бермейтін Есеп комитетінің орнына құрылады) жылына екі рет төменгі палата алдында есеп береді.
Бұл үш реформа, әрі ұлттық, әрі өңірлік деңгейде де қазақстандықтардың мүдделерін барынша толық көрсететіндей. Сонымен қатар олар жан-жақты, тұтастай тараптарды да қамтып, есеп беруге міндеттілікті де арттырады. Екінші жағынан, мемлекеттік биліктің бірде-бір тармағы – атқарушы, заң шығарушы, сот билігі де «қасиетті сиыр» ретінде қарастырылатын «қол тигізбейтін» өкімет болмауы керек. Дәл осы қағидат барлық деңгейде кешенді реформаларды қамтамасыз етеді. Сонда ғана Қазақстан билігі өз азаматтарының мемлекеттік басқаруға қатысуын мейілінше қамтамасыз ете алады – төменгі сатыдан бастап, ең жоғарғы деңгейге дейін.
Әлеуметтік-экономикалық мәселелерде ең жарқыны және көңілге қуаныш ұялататыны – соңғы жылдары әзірленген, бірақ өткеннің дана шешімдеріне орай да табысты бола алған экономикалық саясат бағытының дәйектілігі. Тұрақтылық – жүйелілікте болғандықтан, Ұлы Дала елінің түрлі экономикалық шаралары осыған негізделген. Жолдауда ұлттық валютаның (Қазақстан теңгесінің) тұрақтылығына және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де баса назар аударылғаны – өте ерекше бір жайт. Инфляция, экономикалық өсу, жұмыспен қамту және қаржылық тұрақтылық сияқты негізгі макроэкономикалық айнымалы шамалар – тұрақты экономикалық болашақты қамтамасыз ету үшін Қазақстанда тұтас түрде және дамуға баса көңіл аудару арқылы басқарылады.
Гуманитарлық мәселелерге келетін болсақ, келесі жарияланған реформалар ерекше маңызды:
- адам құқықтары институттарын нығайту;
- азаматтардың Конституциялық сотқа тиісті талаптармен жүгіну құқығы, ол осы идараның құрылуымен жүзеге асырылады;
- ҚР азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылғаннан кейін, Қазақстан басшылығының тағы бір шешуші қадамы – өлім жазасын, ел Конституциясына тиісті толықтырулар енгізіп, мүлде алып тастау;
- алқабилер соты арқылы қазақстандықтардың сот төрелігін жүзеге асыруға қатысуын кеңейту;
- қазақстандық БАҚ еркіндігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
- азаматтық қоғамның рөлін күшейту және басқа да көптеген өзгерістер.
Жалпы, Қазақстан Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы аясында мынадай тармақтардың маңызы зор:
- ол жан-жақты болып табылады және экономика, саясат және азаматтық бостандықтардың барлық негізгі тұстарын қамтиды;
- ол сабақтастық, жүйелілік және тұрақтылықпен ерекшеленетін қазақтың данышпан көшбасшылық дәстүрлеріне негізделген;
- ол Президент Қ.Тоқаевтың батыл әрі көңілге қонымды, иланымды саясатына орай адам өмірінің барлық тұстарына шоғырланып, нақты іс-әрекеттерге бағытталған.
Қазақстан осы жолды жалғастыра беретін болса, Орталық Азиядағы бұл жетекші мемлекет заманауи ұлт және экономика ретінде өсіп, ілгерілемелі түрде дами береді. Мұның бәрі табанды жетекшіліктен және көреген көшбасшылықтан басталады және бұл Жолдау – соның жарқын мысалы!
Ізгі ниетпен, Жаңа Қазақстанды тезірек құруға тілектеспіз!
Ндилека МАНДЕЛА,
Нельсон Манделаның үлкен немересі, Т.Мандела Қорының құрушысы және бас директоры, G-Global Africa-ның төрайымы,
Сьюзан НОВЕЛА,
Т.Мандела Қорының және
G-Global Africa басқармасының мүшесі, Diplomatic Informer Magazine South Africa журналының бас редакторы
ОАР, Йоханнесбург қаласы
2022 ж. 19 наурыз