Ғылым • 25 Наурыз, 2022

Ғылым дамыса – қоғам дамиды

1526 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ғылым ордасында» ҰҒА Төралқасының ұйымдастыруымен Президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын талқылауға арналған отырыс өтті.

Ғылым дамыса – қоғам дамиды

Президенттің халыққа арна­ған Жолдауы еліміздің алда­ғы дамуына жаңа серпін беріп, алға қойған міндеттерді тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді. Президенттің Жолдауы Ата заңы­мызда көрсетілгендей «Әлеу­мет­тік мемлекет» статусына сәйкес, қарапайым халықтың тұр­мыстық жағдайын жақсарту мақса­тында жаңа­шыл бастамалар мен бағ­дар­лар­ға негізделген.

Жиынға Ұлттық ғылым ака­де­мияс­ының президенті, академик Мұрат Жұрынов жетек­ші­лік етіп, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысты.

Ғалымдар тарапынан айтыл­ған ұсыныс-пікірлерде ғылыми ке­ңіс­тіктің мүмкіндіктері сөз бол­ды. Осы орайда ҚазҰАЗУ рек­торы, ҰҒА вице-президенті, ака­демик Т.Есполов Президенттің саяси реформалар жөніндегі Жол­дауы ел дамуына тың серпін беретінін атап өтсе, Экономика инсти­ту­ты­ның директоры, ҰҒА ака­де­м­игі Ә.Сатыбалдин «Президент Қ.К.Тоқаевтың жолдауы – елі­міз­дегі экономикалық және саяси қайта құрулар мен Жаңа Қазақ­стан бағдарламасын жүзеге асы­ру­дың негізі» тақырыбына баяндама жасады. Ал Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі З.Қабыл­динов «Жаңа Қазақстан және оның жаңа әкімшілік-аумақ­тық құры­лымына» талдау жасап, Р.Сү­лей­менов атындағы Шығыс­та­ну институтының директоры, фило­логия ғылымдарының докторы, профессор Д.Мәсімханұлы Жолдауды Қазақстанның жаңа беталысын айқындаған құжат деп атап өтті.

Қазіргідей күрделі кезеңде Президент еліміздің болашағын нақты бағамдап, Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыруға серпін береді. Мемлекет басшысы азаматтық белсенділікті жандандыру керегін, мемлекет пен қоғамның саналы əрі сындарлы серіктестігіне жол ашу қажет­ті­гін баса айтты. Айтылған ре­фор­малардың ауқымы кең, маз­мұны терең. Онда билік тар­мақ­тарының өкілеттігінен бастап, азаматтардың құқығын қорғауға дейінгі барлық мəселе қамтылған.

Президенттің Қазақстан хал­қы­на Жолдауы ауқымы жағы­нан еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңі іспетті. Бұл – ел алдында тұрған сынақтарға мемлекеттің берген жауабы деп айтуға болады. «Жаңа Қазақстан» дегеніміз – барлық адамға тең мүмкіндік беру, экономика мен саясаттағы жасанды монополияларды жою, елдің саяси өміріне белсене араласатын мықты азаматтық қоғамы бар тиімді əрі өркениетті мемлекет құру.

Жолдауда жыл басындағы оқиға­ларға нақты құқықтық баға беріліп, қайғылы оқиғаға қаты­сы барлардың ешқайсысы жазасыз қалмайтыны баса айтылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізді одан əрі де­мо­кра­тияландыру бағдары жал­ға­са беретініне назар аударып, қоғамдық-саяси саладағы ауқым­ды жəне жүйелі реформалар топта­масын ұсынды. Бұл жаңа бастамалар еліміздің қазіргі саяси жүйесін түбегейлі қайта жаң­ғыр­тып, оның ашықтығын, есеп­ті­лігін жəне тиімділігін арттыра түседі.

Дөңгелек үстел жұмысына қалалық әкімдік қызметкерлері, ҰҒА мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҒЗИ, БАҚ өкілдері қатысты.

 

АЛМАТЫ