Қоғам • 27 Наурыз, 2022

Құрылыс нарығына құтқарушы қажет

227 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Ресейден ағылатын арзан құрылыс материал­дарының ағынына тап болуы мүмкін. Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің өзі осылай қауіп қылып отыр. Ресей біздің нарыққа құрылыс материалдарын жеткізуші негізгі ел саналады. 2021 жылы Қазақстан көрші елден 772 млн доллардың материалын импорттаған. Бұл – сырттан әкелінген жалпы құрылыс материалдарының 57,6 пайызы.

Құрылыс нарығына құтқарушы қажет

Ресей негізінен портландцемент, түсқағаз, жылу сақтағыш материалдар, линолеум, плита және әйнек сияқты тауарлар экспорттайды. Ведомствоның мәлі­метінше, тағы бір ірі жеткізуші Қытай жіберетін құрылыс материалдары жалпы импорттың 9,5 пайызын құрайды.

«Санкцияға байланысты Ресейдің Еуропа нарығына экспорт шығара алмауы себепті ішкі нарық арзан ресейлік құ­ры­лыс материалдарының ағы­ны­на тап болуы мүмкін. Бұл ішкі нарықтағы баға бәсекесін қатаң­датып, отандық өнімді тұ­ты­ну деңгейін төмендетеді. Өн­­діру­­­шілер бағасының түзетіл­уіне байланысты жақын арада ресейлік импортты тоқтатуы­мыз мүмкін екенін жоққа шығар­маймыз. Бірақ бұл ұзаққа бармай­ды. Себебі күннің жылуымен бай­ланысты құрылыс нары­ғы­ның белсенділігі арта түседі», деп түсіндірді министрлік.

Ұлттық статистика бюросы­ның мәліметі бойынша, 2021 жылы құрылыс материалдары импортының жалпы көлемі 1,4 млрд долларды құраған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 26,8 пайызға жоғары көрсеткіш. Соның ішінде Ресейден келетін импорт – 27,6 пайызға артса, Өзбекстан мен Түркиядан келетін импорт көлемі 2,1 және 1,8 есе жоғарылаған. Құрылыс материалдарының импорты сөзсіз баспана нарығына да тіке­лей әсер етеді. Бірақ ведомство тұрғын үй бағасына еш қайран қыла алмайтынын жеткізді.

«Мемлекет жылжымай­тын мүлік нарығын қадағала­майды. Өйткені нарық ұсыныс пен сұраныс нәтиже­сінде қалыптасады. Баға көп­те­ген факторларға байла­ныс­­ты қойылады, оның ішін­де жер телімінің құны, инфра­құрылымның, инженерлік желі­лердің болуы, тұрғын үйдің орналасу нүктесі, құрылыстың өзін­дік құны бағаға әсерін тигізеді. Мемлекет тек мемлекеттік инвестиция есебінен тұрғызылып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды бақы­лауға ғана құқылы. Ондай нарықта 1 шаршы метр бағасы 160-240 мың теңге аралығында бекітілген», дейді ведомство.

Қазақстан құрылысшылар одағының ақпаратынша, ішкі нарықта кейбір құрылыс материалдары екі есе қымбаттап үлгерген.

«Баға әрі қарай да өсе беруі мүмкін. Сондықтан тез арада өндірушілермен бағаны көтермеуге келісіп, делдалдарды жойып, белгілі бір деңгейде қолдау шараларын ұйымдастыру қажет», дейді одақ төрағасы Талғат Ерғалиев.

Сондай-ақ сарапшылар, құрылыс секторында жұмыс істеп жүрген 30 мыңдай адам жұмыссыз қалуы ықтимал деп дабыл қағады.

«Қаржылық қиындықтарға байланысты көптеген компаниялар тапсырысты орындай алмай, нәтижесінде нысандар құрылысы тоқтап жатыр. Жеке балабақша, мектеп, ауруханалар ғана емес, мемлекеттік нысандар құрылысына да қауіп төніп тұр. 2020 жылдан бері 600 мемлекеттік нысан құрылысы қаржыландырылмай қалған. Оларға шұғыл түрде мемлекеттік көмек қажет», дейді Т.Ерғалиев.

Телеграмдағы Risk Takers каналының сарапшылары отандық құрылыс салушылар нарық заңдылықтарына бейім емес, сұраныс төмендесе бағаны көтеріп жібергенге әдеттеніп алғанын айтады. «Мұндай практика құрылыс саласындағы дефолт өсіміне әкеліп соқтырады», деп жазады канал.