«Ғылым мен білімдегі тұлғалар: дәстүр және сабақтастық» атты конференцияда сөз алған ел Президентінің кеңесшісі, ҰҒА академигі Бауыржан Омаров өз саласында биікке көтерілген тұғырлы тұлғаларды ардақтау арқылы дәстүрімізді дамытатынымызды айтты.
«Мұндай халықаралық деңгейде конференция ұйымдастыру – өткенімізді ұмытпаудың, бүгінімізді ұлықтаудың белгісі. Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова – біріншіден, ғылымдағы іргелі ізденіс пен еңбектің символы. Екіншіден, олар – таңдаған тақырыбын жіті зерттеп, шырқау шыңдарды бағындырған тұлғалар. Үшіншіден, елге белгілі егіз адам, яғни әдебиеттану мен география ғылымдарының көшбасшыларына айналған жандар. Төртіншіден, соңына ерткен өнегелі шәкірттері бар, ғылыми мектебі қалыптасқан ұлағатты ұстаздар. Бесіншіден, танымы жоғары зиялылар, ұлт мүддесін ұлықтаушылар. Алтыншыдан, елге сүйкімі болған сыйлы қария мәртебесін иеленген ардақтылар. Жетіншіден, екі жақсының бір-бірін тауып қосылғанының үлгісін көрсеткен кісілер. Сондықтан конференцияның көтеретін жүгі салмақты деп сеніммен айта аламын», деді Б.Омаров.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Кенжехан Матыжанов өз кезегінде академиктердің мерейтойларына арналған іс-шаралардың Алматы шаһарынан бастау алып, әлі де жалғасып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол С.Қирабаевтың өзіне ұстаз болғанын, дәрісті жатқа айтатынын, қазақ поэзиясындағы сонау Бұқар жыраудан бастап Қасым Аманжоловқа дейінгі өлеңдердің бәрінен мүдірмей мысал келтіріп отыратынын тебіреніспен еске алды.
Конференцияда отандық және шетелдік ғалымдар С.Қирабаев пен Ә.Бейсенованың ғылым жолына қатысты баяндамалар жасады. Және жиын соңында конференцияға қатысушылар А.Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейіне барып, «Академик Ә.Бейсенова сыныбының» ашылу салтанатына қатысты.