Сұхбат • 29 Наурыз, 2022

«Oitek» архитектурасының негізі – ұлттық сана

2861 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал архитектор, мемлекеттің басты рәміздерінің бірі Елтаңба авторы, қазіргі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жандарбек Мәлібеков соңғы жылдары осы университеттің Сәулет-құрылыс факультеті жанынан «Oitek» архитектурасы атты ғылыми-тәжірибелік орталық құрып, ұлтымыздың рухани һәм тұрмыстық құндылықтарын (тіл, дін, салт-дәстүр, мәдениет, өнер, этнография, экономика, саясат, т.б.) заманға сай дамытудың әдістемесін ұсынып жүр. Осы орайда тың идея иесі һәм «Oitek» архитектурасының авторын әңгімеге тартып, ой бөлістік.

«Oitek» архитектурасының  негізі – ұлттық сана

– Жандарбек Мәлібекұлы, соңғы жылдары баспа­сөз бетте­рін­де сіздің авторлы­ғыңыз­бен құрылған «Oitek» архитектурасы атты жаңа кон­цепция жария­ланып жүр. Әң­гімені осыдан бастасақ.

 – «Oitek» архитектурасы жайлы айтудан бұрын шағын кіріспе мәлімет берген дұрыс. Архитектура дегеніміз – көне грек сөзі. Оны қазақша тәпсірлесек «жаратылыс негізі» дегенге саяды. Демек әрбір заттың жаратылу құрылымы бар. Оның сыртында архитектураның өзін бірнеше топқа бөліп қараймыз. Мысалы, табиғат архитектурасы деген сала бар. Оған ғаламның жаратылыс ландшафты жатады. Сол сияқты экономикалық архитектура дейміз. Бұл – эко­но­ми­каның биік деңгейін белгі­лейтін ұғым. Ал сая­си архитек­тураға тоқталсақ, оның деңгейі тәуелсіз мемлекеттердің әлем қауымдастығы алдындағы дә­ре­же­сімен өлшенеді. Қазіргі жаһан­дану үрдісі – саяси архитек­тураның басты көрінісі.

Екіншіден, бұл ғасыр – архи­тектуралық ағымның нарықтық экономикаға бет бұрған дәуірі. Яғни бұрын архитектураны тегін құрылыс деп түсініп келсек, қазір оның даму процесі мен өркендеуі капиталға байланып қалды. Өткен ХХ ғасыр әлем архитектурасына хайтек стилін енгізді. Қазақстанға осы хайтек архитектуралық сти­лі ағылшын сәулетшісі Норман Фостер арқылы келді. Осы үлгіде Нұр-Сұлтан қаласында Бейбітшілік және келісім сарайы, Ханшатыр, т.б. еңселі ғи­мараттар бой көтерді. Бұдан шығатын қорытынды, архитектура саласының дамуы елдің экономикалық деңгейіне байланыс­ты екендігі.

Тағы бір маңызды мәселе, архитектурада кеңістікті сезініп, ой қорыту деген түсінік бар. Яғни өткен замандағы философиялық құбылыстарды бүгінгі санамен сараптау. Осы тұрғыдан қа­ра­ған­да, біз яғни қазақ халқы әлем елдерімен бәсекелесу үшін ұлт­тық бет-бейнемізді айшық­тайтын архитектурамыз болуға тиіс.

 – Түсінікті, сіздің ойыңызша қазақ архитектурасын дамытатын сүрлеу «Oitek» жобасы ма?

 – «Oitek» жобасы тек архитектурамен шектелмейді. Ол жайлы кейінірек айтармыз. Ол сіз айтып отырған қазақ архитектурасы бұрыннан бар, тарихы да терең. Оған байтақ даланың шығысы мен батысы, оңтүстігі мен сол­түс­тігіне дейінгі аралықтағы  Бозоқ, Сарайшық, Талғар, Оты­­рар, Сығанақ, Ақыртас, Бе­­рел, Есік қала­шықтары мен қор­ғандары дәлел бола алады. Сол сияқты Көккесене, Айша бибі, Бабаджа хатун кесене­лері және т.б. ескерткіштер – ұлт­тық архитектурамыздың әлем өрке­ние­тіне қосқан үлесінің бір бөлігі.

Жалпы алғанда, қанымыздағы тектілік пен ұлт болмысы – ұлт ар­хи­тектурасының негізгі сипаты. Күнделікті тұрмысымызда  салт-дәстүрді ұстанған, тарихи са­бақ­тастықты жалғастырып тұр­ған архитектуралық жүйе бұзыл­мауға тиіс. Ұлттың психологиясы, шығармашылық бет-бейнесі бұзылған жағдайда ұлт өзі­нің жаратылыс болмысына тән қажеттіліктерін өтей алмайтын күйге душар бо­лады. Содан кейін сырттан кел­ген архитектураның үлкен экспансиясы елдік санаға ора­сан зор нұқсан келтіреді. Ұлттық рухани архитектурамыз ел толық еркіндікке қол жеткізген жағдайда ғана айшықты ізденістерге бара алды. Бұл жерде мән беретін дүние біз Ұлы дала мәдениетінің өзіндік табиғи архитектурасы мен мәдениетін жаңғырту арқылы әлемдік ой-сана архитектурасымен бәсекелесеміз.

 – Жоғарыда айтылған «Ұлы дала архитектурасы» деген ұғым­ды сәл кеңірек түсіндірсеңіз?

 – Ұлы дала – өзіне тән тарихы, мәдениеті, демократиясы бар үлкен мәдени категория. Оның мыңдаған жылдан бері келе жатқан ежелгі архитектурасы, органикалық архитектурасы, функционалды архитектурасы, бионикалық архитектурасы, табиғат архитектурасы, тағы басқасы бар. Тіпті Ұлы даланың ән мен күйі, би өнері, дәстүрі – тұнып тұрған архитектура. Оған сан салалы ұлттық өю-өрнекті қосыңыз. Бұл тақырып әлі зерттелген жоқ. Осылардың ішінде ерекшелеп айтарым – ауыл және қала архитектурасы. Қазіргі кезде қоғамда урбандалу деген термин айтылып жүр. Бұны қазақша «шоғырлану» деп түсінген жөн. Яғни ауылдан келіп, қалаға шоғырлану.

Мысалы, осындағы ауыл архи­тек­турасы дұрыс атқарылмауы сал­да­рынан қала архитектурасын­да көп қателіктер пайда болды. Бұрынғы кеңестік дәуірдегі экономикалық нормативтер, жол құрылысы, инфра­құрылым, яғни әлеуметтік са­ла шо­ғыр­лану үрдісіне сай бол­ма­ды. Яғни ауыл және қала архи­текту­расының жөнсіз бұзылуы сал­да­рынан халықтың психология­сы тоқырауға ұшырап түсіп, ой-санамыз дамымай қалды. Осындай кезде деурбанизация жасап, ауылды көркей­туіміз керек еді. Өйткені Ұлы дала мәдениетінің бұл ғасырдағы жұрнағы – ауыл. Ал біз айтып жүрген «Oitek» архитектурасының негізі Ұлы дала құндылығымен айқындалады.

– Ұлы дала құндылығы мен «Oitek» архитектурасы қалай байланысады?

– Әуелі мынаған назар аудару керек. «Oitek» қазақтың «ой» және «тек» деген екі сөзінен, екі ұғымынан құралған. Ой – ұлттық «менді» айғақтайды, сонымен бір­ге ол «қазақша ойлау» дегенді білді­реді. Тек – тамыр, ұлттық бол­мыс-бітім. Көркемдікке келсек, ой мен ою, ой мен ойын, ой мен ояну арналас ұғым. Одан кейін «Oitek» ар­хитектурасы Ұлы дала таби­ға­тынан нәр алады. Мысалы, сақ дәуі­­рінен келе жатқан «аң стилі» тұ­ма­ры болса, «Мәңгілік ел» – тұғыры.

«Oitek» архитектурасы дегенміз – стилі жаңарған Ұлы даланың мәдениет туынды­сы әрі көрінісі. Қа­зақ­стан – көп этностың тату-­тәт­ті бір­лігінің мекені. Олай бол­са, архитектураның ұлт­тық маз­мұ­ны – халқымызды үйлес­тіру­ші, ынтымақтастырушы мә­де­ни инс­титут діңгегі деп бі­ліңіз. «Oitek» – Ұлы дала кеңіс­тігінде таби­ғатпен үндескен арх­итек­­туралық үйлесімге құрыл­ған сәулет өне­рінің терең туын­дысы. Оның ар­­хи­тектуралық пропор­циялық өлшемі – халықтың әлеуметтік жағдайының оңтайлы шешімі.

«Oitek» архитектурасының түп-тұқияны жайлы айтсақ, бірін­шіден, ол Ұлы дала мәдениеті­нің ерекшеліктеріне байланысты қа­былданатын архитектуралық шешім­дер. Ол табиғатпен, дала сарыны күйлер арқылы, сол сияқты қолданбалы өнер туындыларының даму жүйесі тәрізді үйлесімділікте құрылған болуы шарт. Мысалы, Құрманғазының «Сарыарқа», «Көбік шашқан», «Кішкентай», «Ақ желең» сияқты күйлеріндегі формативтік негіз – логикалық жолмен санаға әсер ету. Және оның терең мағынасы – парасатқа, ақыл-ойымызға дөп түсіп көмкерілгенде, күйдің кереметтей орындалу тәсілі мен техникалық әдістемелері әсер еткенін байқаймыз.

Соған қарағанда «Oitek» архи­тектурасының рухани тірегі – ұлт­тық сана, парасат, ақыл. Сана – пәлсапалық ұғым. Ол – әрі құбылыс, әрі рухани айна. Табиғи түйсік пен түсінік әсері. Халықтың болмыс-бітімі һәм көнеден келе жатқан ата-баба аманаты. Ертеден қалыптасқан салт-дәстүр, қадір-қасиет өлшемі. Сана түсінігі тұрақтылықты, еңбекті, бірлікті, тыныштықты, жауапкершілікті, талапты, ізденісті білдіреді. Ұлы дала мәдениетінің сана өлшемі табиғатпен астасып, мәдени құндылықтарды сақтауға, дәріптеуге және жалғастыруға мүм­кіндік береді. Ұлттық сана ұлттық мәдениетпен зерделенеді. Тәуелсіздік санасы Ұлы дала тұр­ғын­дарының бодандықтан ары­луын, еркіндік пен бостандық иесі екенін көрсетеді. Яғни «Oitek» архитектурасының ғылыми-теория­лық және практикалық, әдістемелік арқауы – Ұлы дала мәдениетінің тарихы, әдет-ғұрып негізі, дәстүр жемісі.

– «Oitek» архитектурасының ру­хани тірегі ұлттық сана, па­ра­сат, ақыл дедіңіз. Осы тұжы­рым­ды жеке-жеке түсіндіріп берсеңіз?

 – Адам баласы сана, парасат, ақылсыз категориялық түсінікке жетуі мүмкін емес. Қазақта «Бала бер, бала берсең сана бер, санасыз болса ала бер» деген тәмсіл бар. Кеңістікте сана, парасат, ақыл-ой тұжырымдамасы ұлттық логикадағы елдік мүддеге негізделуге тиіс.

Парасат – жеке тұлғаға тән қадір-қасиет. Адамның адамгершілік түсінігі. Парасаттың кісілік қасиеті – әділдік, адалдық, дербестік, ақыл­дылық, рақымшылық. Сонымен қатар ізгілік, білім мен ізденіс, жауап­кершілік сезімдері адамды пара­сатқа көтереді. Парасаттың бір ба­ламасы – зерде. Интеллект тек біліммен келмейді, терең таныммен, дәстүрге табан тіреген білікпен келеді.

Ақыл – адамға біткен ерекше қасиет. Ақыл – таусылмайтын жетіс­тік. Ақыл – дария, ой – теңіз. Ақыл – тозбас білім мөлшері. Ақыл – сабыр серігі. Ақыл – байлық, ақыл – бақыт иесі. «Ақыл азбайды, білім тозбайды» дейді халық даналығы. Бұл категориялар – Ұлы дала кеңіс­тігінде табиғатпен үндескен архи­тектуралық үйлесімнің рухани сипаты. Нақтырақ айтсақ, «Oitek» архитектурасының философиялық негізі – ұлттық сана – парасат – ақылдан өрбіп, ел мен жер иесінің тектілігін айшықтайды.

Қазақ – текті халық. Ендеше, ұлт­­тық сәулетіміз де тектіліктің не­гіз­­­де­­рінен құрылуға тиіс. Осы орай­­да «Oitek» архитектурасында хал­қы­­­мызға тән гуманистік ақыл-ой, бостан­дық, еркіндік, қонақжайлық, ашықтық, қажырлық, қайраттылық, қайсарлық секілді сақ дәуірінен келе жатқан этногенезис белгілері бар. Мысалы, Абайдың данышпандық тұжырымдамасы әр уақытта ұлтқа, жерге, елге, халыққа таза парасат­пен қарауды, оны рухты санамен түсінуді үйретеді. Абай биігі, идея­сы – отандық архитектура сала­сындағы басты идеологиямыз. Ол әр кез адамгершілік оптимистік жолды ашып отырады.

 – «Oitek» архитектурасының болашағы жайлы және оның кәсіби архитектураға қатыстылығы туралы не айтасыз?

– «Oitek» архитектурасының болашағы жайлы айтар болсам – тәуелсіз елдің еркін ой өлшемдері – бір ел, бір тағдыр, бір Отан бірлігінің сәулет өнеріндегі жиынтығы болумен қатар, қазіргі әлемдік кеңіс­тіктегі жаһандануға қарсы иммунитет болатын дала өркениетінің қуатына айналуға тиіс. Кеңістікте адамның табиғатпен үйлесімділігі архитектуралық тұтастыққа айналып жатса, бұл – ел мұратының жүзеге асқаны.

Одан кейін «Oitek» – архитектура, жобалау, құру институттарының елдік негізі. Ол бүгінгідей урбанизация жүйесінде қолданбалы архитектура өнерінің стратегиялық бағдарын айқындай алады. Тәуелсіз елдің үйлесімі мен арманын жеткі­зетін ұлттық «Oitek» архитектурамыз қалыптасып, дамып, салаланып жатса, әлем бұған ықыласпен қарары анық.

Сөйтіп, қажет кезінде ұлттық ерек­шелік өз қойнауынан дала мә­дениетінің құндылықтарын бірінен соң бірін шығарып отырады. Егер қажет болған жағдайда, «Oitek» архитектура жүйесінде алғашқы классикалық және романтикалық неомодерн тәсіліндегі форэскиздік жобаларды сызба форматында жобалау, қоғамға ұсыну қиынға соқ­пас еді. Және де жоғарыда ай­тыл­ған ойларға байланысты ескі нормативті құжаттарды ғылыми және эксперименттік үлгіде қарас­тырып, Ұлы дала мәдениеті негізінде жасау замана талабы екенін түсінген жөн.

Болашақта «Oitek» архитектура­сының негізі, жүйесі, құрылымы, бағдары, әдістемесі Қазақстан Республикасының ұлттық құнды­лықтары арнасында қалыптасып, дамитынына сенім зор. Сәулет өнерінің міндеті – дала мәдениеті мүддесін кеңістікте орналастыру арқылы көрсете білу болса, «Oitek» архитектурасының пропорциялық өлшемі – халықтың әлеуметтік тұрмыстық жағдайының жақсаруы.

Одан кейін көпэтносты халық­тың бірлігі мен ұлттық негізін бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Мемлекеттік негізді құруда салмақ мемлекетқұраушы ұлтқа түседі. Әр елдің саяси-әлеуметтік жағдайына байланысты архитектуралық құры­лы­мының негізін зерттей отырып, кез келген өткір мәселені парасат пен ақылға жеңдіру арқылы ар­хи­тектуралық шешімін табу – маңызды іс. Одан кейін жас ұрпаққа тәлім беретін қариялардың функционалды үйлесімділігін дамытпайынша, архитектуралық жоба жетілген болып есептелмейді. Болашақ ұрпақ дұрыс өсіп-өнуі үшін барлық мүмкіншілікті тереңнен ойластырған жөн.

 

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»