Руханият • 30 Наурыз, 2022

Рамазан – рухани жаңару айы

12699 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күллі мұсылман баласына парыз етіліп, ішіне аса маңызды ораза құлшылығы сіңірілген «айлардың сұлтаны» Рамазан келіп жетті. Бұл ай – пайғамбар үмбеті үшін рухани жаңару айы. Яғни Жаратушы ие өз құлын осы айда жаңарту үшін, ол нәпсісін тізгіндеп, иман ләззатын сезе алатын халге жетуі үшін, ораза деген амалды таңдады. Сөйтіп, бізге бір ай бойы ораза ұстауды бұйырды. Бұл жерде біз біле бермейтін бір керемет дүние – ораза ұстаған кезде жүрегімізде, жан-дүниемізде рухани жаңару жемісі пісіп жетіледі. Осы арқылы адам баласы кемелденеді.

Рамазан – рухани жаңару айы

Кейбір адамдар оразаға немқұрайды қарап, оны ұстамауы мүмкін. Бірақ ол адамның жүрегінде иман бар. Десе де ол кісі Алла Тағала бұйырған үкімді абайламағандықтан, оның жан-дүниесі рухани жемісін тата алмайды, ең өкініштісі ол адам рухани жаңармайды.

Кез келген мұсылман адам Алла тағаланың іліміне бас иіп, имандылық жолына түскенге дейін өзінің бұрынғы өткен өмірінде бойына, санасына неше түрлі жаман мінездерді, қылықтарды, сөздерді, жүріс-тұрыстарды сіңіріп алары ақиқат. Осы орайда бойға сіңген жаман қасиеттерден арылып, оның орнына жақсы қасиеттерді сіңіру ұзақ уақыт алумен қатар, қуатты рухани тәрбие жұмысын қажет етеді.

Сондықтан, кімде-кім өмірден зор бедел-билік іздесе, алдымен өзінің нәпсісіне ие болуды үйренгені жөн. Өз нәпсісін билей алмаған адам отбасын, айналасын жақсылыққа бастай алмайды. Мысалы, күн сайын нәпсімізге ерік беріп, тілдің өсек айтуына жол берсек, яки біреуді ғайбаттасақ, мінез-құлық, жүріс-тұрыс тұрғысынан, жалпы мәміле тұрғысынан нәпсімізге иелік етпей күнәлі әрекет жасап қойсақ, бір күнде сонша мәрте Алламен екі арадағы мәмілеге қиянат жасалды деген сөз. Яғни осы уақытта біз Аллаға адалдық сақтай алмадық һәм Алланы нәпсімізден жоғары қоя алмадық. Сол себепті күнәлар, қателіктер жүзеге асты.

Сол сияқты, атам қазақта «Ала жіпті аттама», «Кең болсаң кем болмайсың», «Сабыр түбі – сары алтын», «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» т.б. көптеген салиқалы сөз бар. Мұның барлығы Алладан келген іліммен ұштасып жатқан кемел ұғымдар. Осы сияқты бабалар өсиетіне немқұрайды қарауға болмайды. Осы нәрселерді неғұрлым өмірімізге кіріктірер болсақ, соғұрлым жүректегі тазалық күшейеді. Бүгінгі келіп жеткен ораза құлшылықтан талап етілетін дүние осы – жүрек тазалығы, яғни рухани жаңару жолы.

Жүрегін тазалау арқылы рухани жаңарған адам басқаларға жақсылық жасауға бейім. Иман тілінде мұндай тұлғаны «тура жол мәдениетін ұстаушы» дейді. Осындағы тура жол мәдениеті жүрек тазалығы арқылы келеді. Қазіргі жағдайда көпшілік адам ең әуелі өзінің жүрек тазалығын реттеп алмай, басқаларға ақыл айтады, жақсылыққа шақырады. Алайда оның алдында жүрек тазалығы өз деңгейінде болмағандықтан бұдан нәтиже шығуы қиын. Яғни берекесі болмайды.

Өйткені берекені Алла тағала осы жүрек тазалығына салып қойған. Мысалы, кешегі «Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа» деп жырлаған Бұқар жырау, «Толық мұ­сылман болмай толық адам болмайсың» деген Абай, «Адамдықтың егінін шаштым, ектім, Көңілін көтеруге құл халықтың» деген Ахмет, «Қаймағы бұзылмаған қайран дінім, Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?! Құбылаға бет алып қол қусырып, Сәждеге бас қоятын қайда күнім?» деген Мұқағали, бұлардың барлығы ең әуелі талант-дарыны жүрек тазалығына байланған адамдар. Әйтпесе, жүрегі таза емес адамнан жоғарыдағыдай керемет, имани сөз шықпайды.

Сіз үлкен ғалым, керемет оқымысты, тамаша қаламгер болуыңыз мүмкін. Бірақ жүрек тазалығы болмаса бәрі бекер. Өйткені жүрек тазалығынсыз айтқан сөзіңіз, үйреткен іліміңіз, жазған шығармаңыз жұрттың жүрегіне жетпейді һәм берекесі де болмайды. Абай атамыз айтатын «Жартасқа бардым, Күнде айғай салым, Одан да шықты жаңғырық» дегенінің кебі.

Осы орайда, адамзаттың абзалы Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с.) бізге жеткен хадисте: «Кімде-кім әдепсіз сөз һәм надандықтан, өтіріктен тыйылмаса, оның тамағы мен суынан тыйылғаны (оразаны айтады) Аллаға әсте қажет емес» дейді. Демек құрметті жамағат, бүгінгі келіп жеткен Рамазан айының оразасын ұстап, өз нәпсіңізбен арпалысып, осы айдың ішінде тілімізді, мінезімізді, жүріс-тұрысымызды, қарым-қатынасымызды, ойымызды тазартып, рухани жаңаруымыз керек.