Өнер • 30 Наурыз, 2022

Қыз жолы

904 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қыздың қырық жаны бар» деген қазақтың ғибратты сөзінің кенептегі көрінісі осы болар. «Қыз – қонақ» деп қадірлеген бабамыз, оны алдағы ғұмырында сан тараулы жолдар күтіп тұрғанын алдын ала аңдаған-ау! Қыздарына мейірімін аямаған дана халқымыз барынша ертеңгі өмірінің баянды болуын тілеген. Біз ұсынған картинадағы шұбатылып жатқан жолдар әрбір сұлудың аттап өтер белесіндей иір де иір.

Қыз жолы

Философиялық мәнге ие «Қыз жолы» картинасы жас суретші Әсемқұл Бейбіттің шығармасы. Ол әдеттегідей өмірдің шынайы бейнесін, пост­модернистік кезең мен қоғам­дағы түрлі проблемаларды ой-елегінен өткізіп, өз туын­­дысына арқау еткен. Идея, мазмұн, форма және түс өзара жұптасып, туындының тарихи келбетін көркемдей түседі.

Графикамен әуестенген жас өнерпаз өзін жаңа қы­ры­нан ашып, ғажайып кес­кіндемелерді өмірге әкелді. Шешесінің өмірімен байланысты көріністер арқау болған жұмыстарында, автор жанына жақын ана және отбасы тақырыбын қамтиды. Олар ақ қағаз бетінде көмір мен соусты қолдану арқылы жазылған. Осы қарапайым тәсілмен орындалғанына қа­ра­мастан, бұл графикалық парақ­тарда суретшінің эмо­ционалдық күйзелістері мен ішкі жан-тебіренісінің сезім­дері айқындалған. Сол туын­дыларының бірі осы – «Қыз жолы» шығармасы. Автордың 2016 жылы жазылған картинасы өнертанушылардың ыстық ықыласына ие болды.

Шынында, бұл жұмыстың мағынасы терең, мазмұны ауқым­­ды, халықтық рухқа толы. Төрт бұрышты парақта түрлі тармақтарға таралған, алуан асулардан тұратын шек­­сіз жол. Композицияның ас­тыңғы, нақ ортаңғы бөлігінде осы өмірде өз жолын, дұрыс жол таңдау үстіндегі қыз бей­несі. Екінші жағынан «өмір дарағы» бейнесін еске түсіріп, ағаш бұтақтары өмірдің соқ­пақтары сынды айқындала түседі. Автор кеңістікті текемет секілді шешеді, қазақтың текеметтеріндегі ірі модулді ақ және қара формалары өз­ара байланысады. Бұл бізді ер­кімізден тыс ұлттық өнерімізге жетелейді.

Әсемқұл Бейбіттің гра­фикалық парақтарынан ав­тордың жан-толғаныс сезім­дері мен эмоциялық күй­зеліс­терін көруге болады. Сондай-ақ ол өзінің жеке әлемін жасау арқылы, жалпы өмірдің философиясын ұғынуға тырысады.