
Жас суретші Нұрахмет Нұрбол – өмірге терең философиялық көзқараспен қарайтын дарын иесі. Оның шығармашылық галереясы рух кеңістігінде терең түсініктер мен таңғажайып танымдармен тамырласып, әдепкі ой жүйесінен жыраққа жетелейді. Қараңызшы, «Нәзік жан» картинасы көрер көзге анық көрініс болғанымен, ішке бұққан құпиясы оңайлықпен ашылмайды.
Жас суретшінің барлық жұмыстары еліміздің бүгінгі өмірінде болып жатқан түрлі құбылыстарға терең ой-толғаулары мен мазасыздану сезімдерімен айқындалған. Осы орайда, өзіндік жеке дүниетанымы бар және оны бізге өз картиналары арқылы жеткізуге құштар суретші шығармашылығын қамтитын басты тақырыптың бірі – түс және түс көру. Ұйқы және түс ұғымдары бір сәт шынайы өмірден арылуға, көз жұмып уайым-қайғыдан алшақтауға әкеледі.
Психолог Зигмунд Фрейдтің айтуынша «түс − адамның шынайы өмірдегі арманына, тілегі мен ықыласына және ынтызарлығына қолын жеткізіп, көңілін тыныштандыратын тылсым құбылыс». Олай болса аталған тақырыпты сипаттайтын суретшінің «Нәзік жан» туындысы – күрделі ракурста жазылған композицияның бірі.
Бақсаңыз, туындыдағы кейіпкерлердің барлығы ұйқы үстінде. Неге олар ұйықтап жатыр? Ұйқыдағы кейіпкерлер тыныштықпен әрі жалғыздықпен тілдесетіндей. Олар қатаң, статикалық күйде жазылған, себебі ешқандай қозғалыс жоқ. Ол өзінің кейіпкерлерін түстік жазықтық бетіне орналастырған және олардың әрқайсысы өз әлемінде өмір сүреді. Бұл жұмыстарында автор адамзат баласына ой тастап, сын айтып тұрғандай.
Суретші өз жұмыстары жайлы: «Адамдар бүгінгі өмірінде қайшылыққа ұрынып, қауымның ағымына ілесіп, қиындықтарға көз жұмғысы келетіндей. Елімізге қыс түскендей, халқымыздың терең ұйқыға батқанын сеземін. Сол ұйқыда шынайылық пен сағымның арасында жаңылғандай, адамдар көздерін ашуға асықпайды», деп тұжырымдайды. Бұл автордың ішкі жан күйзелісінен хабар беретіндей.