![Жазушыға жанашырлық керек](/media/2022/04/03/87415.jpg)
Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Әрине, бәріміз намыстандық. Ол жердегілердің де «ыздиып» киініп тұрғаны шамалы болатын. Сол кезде мүйізі қарағайдай бір республикалық белді газетіміздің бас редакторы: «Жазушыларда қазір жағдай жоқ. Жазғандарына гонорар алмайды. Кітаптарын бала-шағасының аузынан жырып, өз қалтасынан болар-болмас тиражбен шығарады. Оны сата алмайды. Сонда да жазып жатыр. Соған рахмет айту керек оларға...» дегендей «ақтау» ма, әлде «бөріктінің намысы бір» дегені ме, қорғау сөзін айтты.
Иә, отыз жыл болды, ақын, жазушының ұмытылғанына... Отыз жыл болды, ел жұрттың кітап оқымағанына... Отыз жыл болды нағыз сирағы сидиған кедейлер пайда болғанына. Отыз жыл болды, қарын қамын ғана ойлап, жарқыл-жұрқылға әуес, еліктегіш, қарынбайлардың көбейгеніне... Отыз жыл болды, тапқаны тақыл-тұқыл тамақтан артылмайтын уайымы көп, ақшасы аз көпшіліктің көбейгеніне...
Оларға қайтіп «кітап оқы!» дейсің? Бірінші топтың тоғышарлық талғамын толтырудың қамымен кітап оқуға уақыты жоқ болса, екінші топтың кітап алуға қаржысы жетпейді! Сол кедейлердің жуан ортасында қаламына сүйеніп, қалтырап дірілдеп, кедейленген ақын, жазушылар тұр...
«Нарыққа өттік. Жазушы енді өз күнін өзі көруі керек!» дегендей, еш жерде жазылмаған бір заң пайда болды. Бұған да көнді байғұс ақын, жазушылар. «Көшімізді түзеп алайықшы... Сосын бізге де күн туар!» деген үмітпен қалт-құлт етіп келе жатыр. Біразы келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне кетіп қалды. Екі жылдан бері елді жайлаған «сасық тұмау» біразын жалмап кетті.
Жазушыларды төбесіне көтеріп, жазғандарының жақсы-жаманын ажыратып, ақшасын төлеп, кітабын сатып, жұмысын жандандыратын баспалар, мықты редакторлар болған жоқ... Ондай жұмыстар әлі күнге дейін бір ізге түскен жоқ! Аузынан жырып шығарған жүз кітабын қайда барып өткізетіндерін білмей, бет моншағы үзіліп, тегін таратып жүрген талай қаламгерді көзіміз көріп жүр. Қазір сол жазушыларды жалдап, кітап жаздырып, басыбайлы құлындай қылып ұстайтын байшыкештер пайда болғанын естіп жүрміз. Байларды жағалап, шенеуніктерді сағалап, күнін көріп жүрген қаламгерлерді де естіп жатырмыз.
Ал бар үміті тек жазғанында, денсаулығы жоқ, үйден шыға алмайтын, жарқылдап көзге түсе алмайтын, таныстары жоқ, бастық қараларды сөйлеспек тұрмақ, қарасын да көрмеген, үйде отыратын қаламгерлер бар арамызда...
Олар не істейді, оларды кім көреді, олар да өмірден үміт күтеді ғой!
Ондай өмірге ұмтылған, өзім білетін, бір екі қаламгерлерді айтып кетсем болатын шығар. Қатерлі ісік ауруымен арпалысып, өмірге қолын созып жатып, былтыр сыншы, жазушы Әмина Құрманғалиева, батырларша өзін сергек ұстап, сырын білдірмей, ақиық ақын Рафаэль Ниязбеков кетті өмірден. Біз бір-бірімізге ауруымыздың диагнозы бір болған соң, «әріптестерміз» деп, қолдау білдіріп жүруші едік... Иә, мына жарық дүниені қимай-қимай кетті олар да...
Басында тек күн көру қамымен қолына түскенді балаларын тойдыруды, аш қалмау жағын басымырақ ойлаған жұрт кітап оқуды, кітап сатып алуды мүлдем ұмытты. Тәтті тоқаш пен бір кітаптың бағасы бірдей болып, дүкен сөресінде қатар тұрса, мұқтаждықтан әбден титықтаған сана пенде қолын тәтті тоқашқа қарай икемдейді.
Күн көрістің қамымен бір үйге тығылған, сөйлесуге уақыты жоқ, шаршаған, кітап оқымаған топтың арасынан көп нәрсені жете түсіне бермейтін, сөйлеуге шорқақ, әр ағымға еріп кете беретін, ана тіліміздің байлығын, шұрайлылығын сезіне алмаған, тілі шорқақ, ойы таяз, надандығы басым, отансүйгіштігі нашар жастарымыз өсіп келе жатыр.
Бұдан шығатын қорытынды − жазушының біздің қоғамда өгей баланың күнін көруі, кітаптың оқылмауы идеологиямыздың әлсіреуіне әкелді деп анық айтуға болады.
Жанар ӘБДІШОВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі