– Еліміз тәуелсіздік алған тұста сіздің халықаралық аренада атой салған кезіңіз барша жанкүйердің жадында. Содан кейін көп уақыт бойы көпшілік назарынан тыс қалдыңыз. Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін қандай кәсіппен шұғылдандыңыз?
– Мен 2001 жылы боз кілеммен қош айтыстым. Ол кезде 30 жаста едім. Бірден туған жеріме оралып, мал шаруашылығымен айналыстым. Бастаған ісім оңға басқаннан кейін атбегілікке мықтап ден қойып, ұлттық өнерімізді дамытуға бел шеше кірістім. Аллаға шүкір, несібесіз емеспін. Мен баптаған сәйгүліктер талай жарыста оза шауып, соның арқасында біраз олжаға кенелдім. Өзге сыйлықтарды айтпағанда, түрлі аламан бәйгелерге қатысып, үш бірдей темір тұлпарды тізгіндедім.
– Сәйгүліктеріңіз де өзіңіз секілді қандай дүрмекке салса да оза шабады екен. Олай деп айтуыма негіз, сіз де кезінде салмағыңыздың аздығына қарамастан қазақ күресінен жалауы желбіреген талай жауапты жарыста түйе балуан атанып, көпшіліктің қошеметіне бөленген едіңіз. Тіпті жеңіл көлік иеленгеніңіз де есімізде...
– Мен үшін 1997 жыл аса табысты болды. Сол жылы екі бірдей ірі жарыста қанжығам майланды. Біріншісі – Шығыс Қазақстан облысына қарасты Мақаншы ауылында еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Төлеубек Шәкеновтің құрметіне өткен турнир. Аталған жарыста абсолютті салмақта топ жарып, бас жүлдеге тігілген темір тұлпарды тізгіндедім. Екіншісі – Семей қаласында ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған дүбірлі дода. Бұл жарыста Руслан Сейілханов, Қуаныш Салықбаев және тағы басқа апайтөстер бақ сынаған еді. Солардың арасынан суырылып шығып, түйе балуан атандым. Одан бөлек, абсолютті салмақта Қазақстанның спартакиадасында бас жүлдені олжалап, тағы басқа түрлі турнирлерде олжаға кенелдім.
– Осы орайда мына бір жайтқа көңіл аудармай кетуге болмас: сол кездері сіздің салмағыңыз 65-68 кило шамасында еді. Соған қарамастан тәуекелге барып, алыптармен айқастыңыз. Өзіңізден әлдеқайда ауыр және еңселі балуандардан айлаңызды асырып, талай дүрмекте дараланғаныңызға дүйім жұрт куә. Қазақтың «Күш атасын танымас» деген ұлағатты сөзі осындайда айтылса керек...
– Иә, дөп басып айттыңыз. Негізі мәселе білекте емес, жүректе. Әрине, қара күшке қанша салсам да, салмағы өзімнен 30-40 кило ауыр балуанға әлімнің жетпейтіні анық. Сол себепті де көбіне-көп айлаға жүгінуіме тура келді. Мен олардың өз инерциясын өздеріне қарсы пайдаланатынмын. Апайтөстер бар екпінімен алға ұмтылғанда, бір-екі үш мәрте тойтарыс беремін де, тағы бір шабуылдағанда оң жамбасыма келетін әдісіме саламын. Көп жағдайда осы тәсілдің арқасында жеңіске жеттім. Еңгезердей қарсыластарымның өздері де «қақпаныма» қалай түскендерін түсінбей, әбден ашу-ызаға булығатын.
– Абай өңірінің көнекөз қарияларының айтуынша, сіздің әкеңіз Сүлеймен де кезінде жауырыны жерге тимеген балуан болған деседі. Батылдық пен қайсарлық, өрлік пен өжеттік секілді қасиеттер сізге сол кісіден жұққан болар?
– Тек әкем ғана емес, менің арғы аталарым да заманында батырлығы және батылдығымен танылған. Тіпті әжемнің өзі де өте қарулы кісі болғаны жайында көнекөздердің аузынан аңызға бергісіз әңгімелерді талай естігенмін. Ертеректе апам ер азаматтардың өздерін оңай еңсеріп, Семей өңірінде өткен талай жарыста топ жарды. Ал әкемнің салмағы 130 кило шамасында еді. Оның тау қопарардай қайратына қырық қатпарлы айласы сай болатын. Жарықтық оңы-солы мен алды-артын таңдамайтын. Кіммен күрессе де, алып ұратын. Бірақ әкем өмірден ерте озды, мен алтыншы сыныпта оқып жүргенде дүние салды. Ал өзім жайында айтар болсам, менің дене-пішімім нағашыларыма тартқан. Бірақ салмағым аз, бойым тапал болғанына қарамастан ешуақытта еңселі жігіттермен жұлқысудан тартынған емеспін. Кім-кімге болса да «келсең, кел» деп әркез қасқайып қарсы тұратынмын. Спорт саласында біраз белесті осы өжеттігім мен табандылығымның арқасында бағындырдым деп ойлаймын.
– Жанкүйерлер сізді көбіне-көп талай дүбірлі додада Қазақ елі намысын абыроймен қорғаған атақты самбошы ретінде таниды. Осы спорт түріне қалай келдіңіз? Алғашқы ұстаздарыңыз кім?
– Бәрі балалық шақтағы қызығушылықтан басталды. Бастапқыда біраз спорт түрінің басын шалдым. Ауылда Берік Жұмабековтің қоластында жаттықтым. Сегізінші сыныпты аяқтаған соң балуандық өнерге мықтап ден қою мақсатымен Семейге аттанып, кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түстім. 15 жасымда самбодан ересектер арасында өткен жарысқа қатысып, күміс медальды иелендім. Финалда тәжірибелі Талғат Қонысбековті 6:2 есебімен ұтып жатып, абайсызда «ауырту» әдісіне түсіп қалдым. Қолда тұрған жеңістен айырылғаныма күйінгенім соншалық, еңіреп жылағаным да есімде. Бүкіл зал мені жұбатып әлек болды. Дәл сол кезде Серік Тоқтарғазин мен Серік Қожыкенов ағаларымның көзіне түссем керек, олар мені өздерінің үйірмелеріне шақырды. Екі бірдей еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысынан тәлім-тәрбие алып, шеберлігім әбден шыңдалды. Тура бір айдан соң Семейде қазақ күресінен республика чемпионаты ұйымдастырылып, мен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілдім. Финалда дәл сол Қонысбековпен қайта жолым қиысып, бұл жолы оны таза ұттым. Осы жеңістің арқасында спорт шебері нормативін орындадым. Содан кейін самбошылар сайысында да дараланып, Қазақстанның ұлттық құрамасы сапына қабылдандым.
– Халықаралық аренада алғаш рет сіз 1992 жылы Алматыда өткен Әлем кубогы жолындағы жарыста жарқ етіп көріндіңіз емес пе?
– Иә, Әлем кубогы менің спорттық карьерамдағы ірі жеңістерімнің ақжолтайы болды. Одан кейін де ел намысы сынға түскен кездері жанкүйерлерді жерге қаратқан емеспін. Атап айтсақ, 1993 жылы Ұлан-Батырда Азия чемпионы атандым. Дәл сол табысымды келесі жылы Алматыда қайталадым. Сары құрлықтың басты додасының финалында командалық әріптесім Жанат Байшолақовпен айқастым. Самбо күресіндегі Байшолақовтар әулетінің даңқы алысқа жайылғанын барша жұрт жақсы біледі. Оның ағалары Қанат пен Талғаттың спорттың бұл түрінде бағындырмаған белестері жоқ. Жанат та әккі балуан. Ол – әлем чемпионатының қола жүлдегері, Әлем кубогының иегері, Азия чемпионы. Елішілік жарыстарда екеуміздің жолымыз бірнеше мәрте қиысты. Бірде оның, бірде менің бағым жанды. Осылайша екеуміз итжығыс түсіп жүрдік. Алматыда менің асығым алшысынан түсіп, айқын жеңіске қол жеткіздім. Арада бірер ай өткен соң Югославияға сапар шегіп, Нови-Сад қаласында жалауы желбіреген әлем чемпионатында 62 кило салмақта сынға түсіп, қола медальды мойныма ілдім. Содан кейін дзюдо күресіне ауыстым.
– Тоқсаныншы жылдардың бел ортасында еліміздің ең белді самбошылары жаппай дзюдоға ауысып жатты. Бұл ретте олардың басты мақсаты – Олимпия ойындарында бақ сынау еді. Сіздің де көздегеніңіз сол шығар?
– Әрине, әр спортшының арманы Олимпиадада өнер көрсету ғой. Менің де түпкі мақсатым сол еді. Ол үшін әуелі Қазақстанда өзіңді мойындату қажет болды. 1995 жылы Павлодарда өткен ел біріншілігінде 66 кило салмақ дәрежесінде бақ сынадым. Жартылай финалда жергілікті балуан, КСРО чемпионы Сергей Әшіровпен белдестім. Бұл бәсекеде басымдық танытқаныммен, төрешілер әділдікті белден басты. Соған ішім удай ашыды. Қола медаль үшін таласуға зауқым соқпай, Сағдат Садықовқа есе жібердім. Десек те өнерім майталман мамандарға ұнаса керек, олар мені ұлттық құрама сапына қабылдады. 1996 жылы Италиядағы «А» санатындағы турнирде қола медальды иелендім. Сол маусымда Шымкентте алдыма жан салмай, Қазақстан чемпионы атандым. Бірақ Үндістанда өткен іріктеу турнирінде сәтсіздікке ұшырап, Атланта Олимпиадасына қатыссам деген үкілі үмітіммен қош айтысуыма тура келді.
– Ғасырлар тоғысында алауы тұтанған Сидней Олимпиадасына қатысуды жоспарлаған жоқсыз ба?
– Жоқ, ондай ой болған жоқ. Оның үстіне ол кезде спортқа бөлінетін қаржы мардымсыз еді. Тапқан-таянғаным отбасымды асырау үшін жеткіліксіз болды. Содан дзюдодан қол үздім. Ара-тұра самбо және қазақ күресінен өтетін жарыстарға қатысып тұрдым. Бұл бәсекелерде олжадан құралақан қалғаным жоқ. Соңғы рет 2001 жылы Үржарда төл өнеріміз бойынша өткен Қазақстан чемпионатында қола медальды иеленген соң үлкен спортпен түбегейлі қош айтыстым.
– Қазір қандай жұмыстасыз?
– Шығыс Қазақстан облыстық бұқаралық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің директорымын. Бұл қарашаңырақтан талай мықтылар шықты. Барлығын тізбектемей-ақ, қазақ күресінен әлем мен Азияның төрт дүркін чемпионы, «Қазақстан Барысы» жобасының екі дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаров, 2021 жылғы «Қазақстан Барысы» және «Халық Барысы» Дәурен Нұралин, танымал дзюдошы, «Қазақстан Барысының» екі дүркін күміс жүлдегері Ерасыл Қажыбаев және тағы басқа саңлақтар дәл осы мектептің түлектері екенін айтсақ та жеткілікті деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»