Тоқсаныншы жылдардың соңында Жапонияның дзюдошылары қарқынын күрт күшейтіп, орасан зор табыстарға қол жеткізе бастады. 1999 жылы Англияның Бирмингем қаласында жалауы желбіреген әлем чемпионатында олар төрт алтынды иеленіп, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Содан кейін ұзақ уақыт бойы Күншығыс елінің қыздары тізгінді ешкімге бермеді. Тек бір-екі жарыста ғана Франция балуандарының жапондарды жеңуге күш-жігерлерінің жеткенін айта кетуге тиіспіз.
Бірден айта кетейік, бұрындары КСРО құрамында болған мемлекеттердің ешқайсысы әлем чемпионаттарында ауыз толтырып айтарлықтай табысқа жете алған жоқ. Ең мықты деген Украинаның өзі небәрі төрт жүлдеге иелік етті. Олардың қоржынындағы екі алтынды да Дария Билодид еншіледі. Аталған елдің астанасы – Киевте балуандар отбасында дүниеге келген ол алғаш рет 2018 жылы Бакуде топ жарды. Бұл белесті Дария 18 жасында бағындырды. Осылайша, оның есімі дзюдошы қыздар арасындағы ең жас әлем чемпионы ретінде тарихта қалды. Билодид сол нәтижесін 2019 жылы Токиода қайталады. 2009 жылы Роттердамда Ирина Прищепаның да бас жүлдені олжалауға мүмкіндігі болған еді. Алайда финалда ол нидерландтық Мархинде Верверктен ұтылып, күміс медальді қанағат тұтты. Тағы бір жүлде Татьяна Беляеваның еншісінде. Ол 1995 жылы өткен жарыста үшінші орынға табан тіреді.
Ресей құрамасының қоржынында 11 медаль бар. Бірақ алтын медаль жоқ. Сол себепті де олар Украинадан кейінгі сатыға жайғасты. Ресейліктер арасынан алтын тұғырға ең жақын болған Наталья Кузютина еді. Оған дейін дүниежүзілік додаларда үш рет қола медальді иеленген Брянскінің тумасы 2019 жылы Токиода өте тамаша өнер көрсетіп, ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Алайда финалда ол Жапонияның даңқты дзюдошысы Ута Абэден айласын асыра алмады.
Үшінші орындағы Әзербайжанда үш қола медаль бар. Төртінші және бесінші сатыларда – Қазақстан мен Беларусь. Жерлестеріміз екі рет жеңіс тұғырына көтерілсе, белоруссиялықтар бір рет жүлдегерлер санатына қосылды. Міне, бұрынғы «бауырлас» республикалар арасынан бар-жоғы бес командаға ғана әлем чемпионатының жүлдесі бұйырған екен.
Бұрынғы КСРО-ның құрамында болған мемлекет өкілдері арасынан әйелдер дзюдосынан бірде-бір Олимпиада чемпионы шыққан жоқ. Тіпті, жүлде алған балуандардың өздері санаулы ғана. Атап айтсақ, 2000 жылы Сиднейде ресейлік Любовь Брулетова күміс алса, 2004 жылы оның отандасы Теа Донгузашвили қолаға қол созды. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода қазақстандық Отгонцэцэг Галбадрах пен ресейлік Наталья Кузютина үшінші сатыға жайғасты. 2021 жылы Токиода украиналық Дария Билодид, ресейлік Мадина Таймазова және әзербайжандық Ирина Киндзерская үздік үштікті қорытындылады.
Қазақстанның әйелдер дзюдосының халықаралық аренада мерейін үстем еткен Отгонцэцэг Галбадрах екені баршаға мәлім. 2015 жылы біздің елдің азаматтығын алған моңғол қызы айналдырған бес-алты жыл аралығында көптеген белесті бағындырды. Ол қазақстандық дзюдошы қыздар арасынан алғашқы болып Олимпия ойындары мен әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Оның бұл көрсеткішін әзірге бірде-бір жерлесіміз қайталай алған жоқ. Одан бөлек, Отгонцэцэгтің Азия чемпионы, құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия ойындары мен Дүниежүзілік Универсиаданың қола жүлдегері деген атақтары тағы бар. Сонымен қатар ол Гран-при, Гранд-Слэм турнирлерінде топ жарды. Бір сөзбен айтсақ, осы спорт түрін серік еткен қыздар арасындағы әзірге ең үздік көрсеткіштеріміз дәл осы Галбадрахқа тиесілі. Сондықтан да былтыр спорттық карьерасын аяқтаған 30 жастағы моңғол балуанына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Олимпия ойындарының нәтижесі
(1996-2021 жылдар аралығы)
Орын |
Командалар |
Алтын |
Күміс |
Қола |
Барлығы |
1. |
Ресей |
0 |
1 |
3 |
4 |
2-4 |
Украина |
0 |
0 |
1 |
1 |
2-4 |
Қазақстан |
0 |
0 |
1 |
1 |
2-4 |
Әзербайжан |
0 |
0 |
1 |
1 |
Әлем чемпионаттарының нәтижесі
(1993-2021 жылдар аралығы)
Орын |
Командалар |
Алтын |
Күміс |
Қола |
Барлығы |
1. |
Украина |
2 |
1 |
1 |
4 |
2. |
Ресей |
0 |
1 |
10 |
11 |
3. |
Әзербайжан |
0 |
0 |
3 |
3 |
4. |
Қазақстан |
0 |
0 |
2 |
2 |
5. |
Беларусь |
0 |
0 |
1 |
1 |