Қоғам • 08 Сәуір, 2022

Олардың да өнерге бар таласы

1065 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әр адамның өзіндік қабілеті бар. Бәлкім, бірінің он екі мүшесі сау, кейбірінің мүмкіндігі шектеулі шығар. Бірақ ерекше қолдауды қажет ететін жандардың да өмірге, тіпті өнерге талпынысын қолдамауға бола ма?

Олардың да өнерге бар таласы

Облыстық жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің мәліметінше, мұнайлы өңірде мүмк­індігі шектеулі 23 656 адам бар. Оның ішінде бірін­ші топ­та­ғы мүгедектер – 2 011, екінші топта – 9 480, үшінші топ санатын  8 358 адам алған. Сондай-ақ мүгедек ба­ла­лардың саны 3 807-ні құ­рап отыр. Былтыр олар әлеу­мет­тік қызметтер пор­та­лы арқылы техникалық оңал­ту құралдарының 55 түрімен, санаторий-курорттық емдеу қыз­меті, жеке көмекші мен ым­дау тілі мамандарының көме­гі­мен қамтылған. Мәселен, пор­тал арқылы 16 434 адамның өтініші қабылданып, оның 14 798-ci қажетті құралдармен, тифло-техникалық, сурдо-тех­ни­­­калық, гигиеналық, про­тез-ортопедиялық және қыз­мет­тер­мен қамтамасыз етілген. Мем­лекеттік әлеуметтік тапсы­рыс шең­берінде 305 адам 22 ин­ватаксимен 9 914 рет тасы­мал­данған.

Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпора­ция­сы» КеАҚ Атырау филиа­­лы­ның директоры Мұса Хай­рул­лиевтің айтуын­ша, №1 ха­лыққа қызмет көр­се­ту ор­та­лығында ерекше қажет­ті­лігі бар жандар үшін цифр­­лық қызмет бұрышы ашыл­­ған. Арнайы бұрышта ерек­­ше қажеттілігі бар адамдар мем­­лекеттік қызметтерді өз бетін­ше алуына жағдай жа­салып отыр. Мұнда есту және сөй­леу қабілеті нашар клиент­тер­­дің пайдалануына толық бе­йімделген компьютерлер орнатылды. Компьютерлер құ­лаққаптармен, арнайы пер­не­тақтамен жабдықталды. Бағ­­дар­ла­ма барлық қажетті ақпа­рат­ты құлаққап арқылы жі­бе­реді. Қа­зір аталған филиал­да ерекше қажеттілігі бар 25 адам жұ­мыс істейді. Олардың ара­сын­­да арнайы бұрыш ашуды ұсынған Айбек Идаятов пен Айнұр Мұстажапова да бар.

Мәселен, сондай жан­дар­дың арасында елімізге ғана емес, әлемге танылған аты­рау­лықтар бар. Өткен жылы Атырау облысынан Токиода өткен Пара­лим­пиа­да­ға алты дзюдошы, бір таэквондошы мен бір жүзуші қа­тысты. Оның үшеуі – пара­дзю­­дошылар Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет пен Зарина Байбатина Паралимпиада ойын­да­рының күміс жүлдегері атанды.

«Біз де адамбыз» қорын құр­ған Гүлназ Қосмұрзиева мүм­кіндігі шектеулілердің де қоғамның белді мүшесі екенін насихаттап жүр. Енді ол ерекше қажеттілігі бар адамдарға арт-терапиясын жүргізу үшін инклюзивті театр ашу жобасын қолға алып отыр.

– Инклюзивті театр – мүм­кін­дігі шектеулі жандардың қа­ты­суымен өтетін сахналық әре­кет. Біз қор резиденттері арасында сауалнама жүргізіп, Атырау қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың уақытын өткізуге қолайлы орын жоқ де­ген қорытындыға келдік. Со­дан соң инклюзивті театр ашу жөнінде идея туындады. Шын­дығында, тиісті жағдай жасал­маса, мүгедек адамдарды әлеу­меттендіру мүм­кін емес. Идея туындағаннан кейін жоба дайындап, қар­жы­лай көмек көр­сететін демеушілердің қол­дауы­мен алғашқы қадамға кі­ріс­тік. Біздің ойымызша, инклюзивті театрдың кө­ме­гімен мү­гедек жан­дарға әлеу­меттік оңал­­ту жүр­­гізіп, олар­дың да қо­ғам­­ның белсенді мү­шесі ретін­дегі бейнесін қа­лып­­тас­ты­руға ық­пал етеміз, – дейді Гүлназ Қосмұрзиева.

Жаңа жобаның үйлестіру ісін арба үстіндегі биден Қа­зақ­стан­ның бірнеше мәрте жеңім­па­зы атанған Есболат Бала­ба­ев қолға алған. Оның айтуына қарағанда, инклюзивті театр­да вокал, би, актерлік шеберлік, сөйлеуді түзеу және дамыту бағытында арнайы үйірме ашылады. Театр әртістері жыл соңына де­йін екі сахналық қойылым мен екі шы­ғар­машылық кеш ұйым­дас­ты­руды көздеп отыр.

– Өзімнің тәжірибеме сү­йе­­­ніп, шығармашылық жұ­мыс­­тың теріс эмоциялармен, оқ­шау­ла­нумен, сондай-ақ депрессия­мен күресуге кө­мек­тесетінін бі­ле­мін. Сол себептен осы жо­ба­­ның жүзеге асы­рылатын сәтін та­ғат­­сыз­дана күтіп жүр­мін. Ере­к­ше әртістеріміз шығар­ма­шы­­лық арқылы өзін өзі түсіну, өзге­лермен байланыс орнату секіл­ді қабілетін жақсартады. Өйт­кені тағдырдың жазуымен мүгедектікке ұрынған адам­дар түрлі стереотипке бой алдырады. Сөйтіп, жаңа әлеу­мет­тік байланыс орнатудан ал­шақтайды. Бұрынғы таныс­та­рымен байланысын үзеді. Мұны қоғам мен адамдардың өздері жасап отырған жасанды кедергілер деуге болады. Біз­дің мақсатымыз – осындай кедергілерді жойып, ерекше жан­дардың шығармашылық әле­уетін дамыта алатын орта қа­лыптастыру. Инклюзивті театр­ды терапияның бір түріне ай­налдырсақ деген ойымыз бар, – дейді Есболат Балабаев.

 

Атырау облысы