Аймақтар • 11 Сәуір, 2022

«Бекіреге» бағынбайтын браконьерлер

2232 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы бағалы байлықтың бірі – бекіре тұқымдас балықтар. Оның тұқымын көбейту мақсатында жыл сайын 1 сәуірде Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре-2022» кең ауқымды балық қорғау акциясы басталды. Аталған акция мен 31 мамырға дейін жалғасады.

«Бекіреге» бағынбайтын браконьерлер

Суретті түсірген Рахим ҚОЙЛЫБАЕВ

Балық шаруашылығы комитеті төраға­сы­ның орынбасары Аян Бахияновтың айтуынша, биыл негізгі күшті Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында, Атырау облысындағы Жа­йық пен Қиғаш өзендерінің сағалық айдындарына шоғырландыру жоспарланып отыр.

«Өйткені бұл жерлерде браконьерлік дерегі жиі тіркеледі. Ал акцияның мақсаты – бекіре тұқымдас бағалы балық түрлерінің уылдырық шашу орындарына қоныс аударуын қамтамасыз ету. Екі айлық акция кезінде Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары құқық қорғау органдарының және ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, табиғат заңнамасының сақталуын қадағалайды. Батыс өңірдегі үш облыста 1 632 қызметкер, оның ішінде Атырау облысында – 874, Батыс Қазақстанда – 248, Маңғыстау облысында 510 қызметкер жұмыс істейді. Олар 92 қайық және шағын жүзу құралдарымен, 285 автокөлікпен қамтамасыз етілді», дейді Аян Бахиянов.

Комитет қызметкерінің мәліметіне сүйен­сек, Жайық өзенінің жағалауында 19 бейне­ба­қылау камерасы орнатылған. Ал шекарашылар радиолокациялық стансаның үш жиынтығын пайдаланады. Биыл «Атырау-РФ шекарасы», «Атырау-Орал» бағытындағы жолдарға стационарлық бекет қойылады. Балық қорғау шараларының тиімділігін арттыру үшін Экология, геология және табиғи ресурстар, Ішкі істер министрлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының «Бекіре» балық қорғау акциясын өткізу туралы» бір­лес­кен бұйрығына қол қойылды.

Өткен жылдардағы балық қорғау акциясы­­ның нәтижелері көктемде браконьерлік топ­тар­дың заңсыз әрекеті жандана түсетінін көрсетіп отыр. Мәселен, «Бекіре-2021» акциясы кезінде табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 1 262 дерегі анықталды. Оның ішінде Атырау облысының аумағында – 952, Маңғыстау облысында – 137, Батыс Қазақстан облысында тіркелген 173 құқық бұзушылық бар. Ал 862 құқық бұзушы әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылып, 56 қылмыстық іс тір­кел­ді. Акция қорытындысы бойынша балық қорғау заңнамасын бұзушыларға 15,4 млн теңгенің әкімшілік айыппұлы салынды. Заң бұзушылардан 35,7 тонна балық, оның ішінде 4,6 тонна бекіре тұқымдас балық түрлері, 118 жүзу және көлік құралы, сондай-ақ 3 943 аулау құралы тәркіленді.

«Бекіре» акциясының қорытындысына қатысты жыл сайын осындай деректер ай­тыл­­ғанымен «Бекіреге» бағынбайтын бра­коньер­лер азаяр емес. Тіпті олар табиғат байлы­ғын талан-таражға салу үшін тастүйін дайындалатын секілді. Браконьерлікке әбден еті үйренгендер үйін бекіре тұқымдас балық­тар­ды сақтайтын қоймаға, Каспий теңізінің жаға­лауында қалың өскен қамысты «уақытша қонысқа» айналдырып, қайықтарын құдды бәйгеден келген аттай «қаңтарып» қоятынын қай­терсің?

Бұған дәлел ретінде өткен жылы тіркелген үш деректі ғана тілге тиек етейік. Мәселен, был­тырғы 15 сәуірде полиция департаментінің қызметкерлері Атырау қаласының іргесінде орналасқан Көкарна ауылындағы саяжайдан жалпы салмағы 812 келіні құраған 247 бекіре балығын заңсыз сақтау дерегін анықтады. Бұл – бірінші дерек.

Екіншісі – теңіз жағасынан тұрған үш жүрдек қайық. Оны 18 мамырда құра­мын­да балық шаруашылығы инспекциясы, полиция, шекара қызметі, табиғат қорғау про­ку­ра­турасының қызметкерлері бар мобильдік топ тапты. Аталған топтың рейдтік іс-шара­сы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің жаға­лауын­дағы Исатай ауданының Жанбай, Зине­ден елді мекендерін қамтыды. Рейдке тікұшақ пен жылдам жүретін катерлер тартылды. Теңізге таяу орналасқан Жанбай ауылының ма­ңындағы қамыс арасынан «Ямаха-200» ас­палы моторы бар «Байда» үлгісіндегі үш жүрдек қайық табылып, Атырау қаласындағы айып тұрағына жеткізілді.

Үшіншісі – маусымның басында Каспий жағасынан табылған браконьерлердің «уа­қыт­ша қонысы». Бұл да бірлескен рейд кезінде анықталған еді. Тікұшақпен рейдке шыққан топ Жылыой ауданындағы «Тереңөзек» кен орнына таяу маңдағы қамыс қопасының арасына жасырылған «уақытша қоныстың» үстінен түсті. Онда бірнеше адамға арналған төсектік орын жабдығы, газ баллоны, азық-түлік пен су қоры, құрал-саймандар жиынтығы, автомобиль аккумуляторы, фонарьлар мен қуаттағыш құрылғылар, рация мен бір ұңғылы мылтық болған. «Уақытша қоныстың» жанында жол талғамай жүруге лайықталған екі көлікті «қаңтарып» қойған. Су жағасында үш резеңке қайық байланған. Сондай-ақ жеті қапқа қытайлық ау салынған.

Ал жақында Исатай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы тас жолдың бойында Datsun маркалы автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде көліктің жүк салғышынан 100 келіге жуық бекіре тұқымдас балық табылды. Қазір бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз тасымалдаған 1979 жылғы жүргізушіге қатысты Қылмыстық кодекстің 339-бабының 2-бөлігінің 5-тармағымен сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Бекіреге» бағынғысы келмей, теңіз байлығына суық қолын сұққан браконьерлер осылай әрекет етіп жүр. Бірақ браконьерлердің топ-тобымен, не оларға қолдау білдіретін мүдделі топтардың ұсталғаны жөнінде дерек жоқ. Неге? Керісінше, браконьерлер бірлескен рейд басталар кезде із-түзсіз жоғалады. Де­мек, браконьерлердің рейдтік іс-шара жүр­гізіле­тінінен хабардар етіп, көзден таса бола тұр­ғанын қалайтындар кімдер? Жыл сайын жауапсыз қалатын осындай сауалдың түйіні қашан тарқатылады?

 

Атырау облысы