Үкімет • 14 Сәуір, 2022

Міндет – Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру

283 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының 29 наурыздағы Жарлығымен жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл жоспар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгертуге, дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шараларды қабылдауға бағытталған 10 бағыт бойынша 36 іс-шарадан тұрады.

Міндет – Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру

Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Әділет министрі Қанат Мусин Жал­пыұлттық іс-шаралар жоспарының орын­далу барысы туралы баяндады. Соның ішінде өздері басқаратын ведомст­воларға бекітілген іс-шараларды орын­дау мәселесіне толығырақ тоқталып өтті.

Жаңа облыстарды құру жұмыстары жүргізілуде

Ә.Қуантыровтың айтуынша, Ұлт­тық экономика министрлігінде бүгін­де жұмыс 3 негізгі бағыт бойынша жүр­гі­зілуде. Атап айтқанда, елдің әкім­ші­лік-аумақтық құрылысын жетіл­діру, жер­гілікті өзін өзі басқаруды орта­лық­сыздандыру және дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралар. Соның ішінде «Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру» бағыты бойынша 5 іс-шара іске асырылады. Ұлттық экономика ми­нистрлігі қазіргі уақытта Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру бо­йынша жұмыс жүргізуде.

«Биыл 25 наурызда Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен осы облыстарды құру мәселелері жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Жалпы алғанда, жұмыс Президенттің тиісті жарлықтарын қабылдау бойынша бекітілген жұмыс алго­ритміне сәйкес жүргізілуде. Ал­горитм жауапты орындаушыларды және орындау мерзімдерін көрсете оты­рып, «Қазақстан Республикасының әкім­шілік-аумақтық құрылысы туралы» және «Қазақстан Республикасындағы жер­гілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» заңдарға сәй­кес міндетті түрде жүргізілуге тиіс іс-шара­лар мен рәсімдердің тізбесін қамти­ды», деді министр.

Жұмыс алгоритмі күнделікті бақыланады

Биыл 11 сәуірде Үкімет жанын­дағы Республикалық ономастика комис­­сия­сының отырысы өтті, онда Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарына атаулар беру туралы ұсыныс қолдау тапты. Қайта ұйымдастырылатын және жаңадан құрылатын өңірлердің шекараларын айқындауда халықтың пікірі мен экономикалық және инфрақұрылымдық әлеует, халық саны және басқа да өлшем шарттары ескерілді.

«Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары мәслихаттарының өткізілген сессияларының қорытындысы бойынша, қайта ұйымдастырылатын және жаңадан құрылатын өңірлердің шекаралары алдын ала 1997 жылғы тарихи шекараларда айқындалды. Қарағанды облысы бойынша мәслихат сессиясын өткізу күтілуде, онда Қарағанды және Ұлытау облыстарының шекара­лары бойынша мәселе қаралады. Сонымен қатар құрылатын мемлекеттік органдар үшін қажетті штат санын қалып­тас­тыру, сондай-ақ жаңадан құрылатын облыстардағы қызметтік үй-жайларға қажеттілік мәселелері талданады», деді ведомство басшысы.

Жалпы, Алгоритмге сәйкес мемле­кеттік органдар мен өңірлердің негізгі жұмысы биылғы жылғы 20 сәуірге дейін аяқталады, ал Президенттің тиіс­ті жарлықтарының жобалары мамыр айының басында Президент Әкімшілігіне енгізіледі. Жұмыс алгоритмінің іс-ша­раларын іске асыру министрліктің күн­делікті бақылауында.

Жергілікті өзін өзі басқаруды орталықсыздандыру

Сонымен қатар өңірлердің дербес­тігін кеңейту мақсатында «Қазақ­стан Респуб­ликасындағы жергілікті өзін өзі басқару туралы» жеке заң жобасы әзірленуде. Бұл жұ­мыс­қа өңірлердің өздері де, азаматтық қоғам өкілдері де тартылған.

«Басты міндет – жергілікті өзін өзі басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту, процестерді бюрократиясыз­дан­дыру және олардың қаржылық дер­бес­тігін нығайту, яғни негізгі тәсіл­дер жер­­гілікті атқарушы органдар мен жер­­­гілікті өзін өзі басқару органдары жұ­­­мысының тиімділігін қамтамасыз етуге ­бағытталатын болады. Мысалы, ауыл­­дар­дың қаржылық мүмкіндіктерін кеңей­­ту үшін «Ауыл – Ел бесігі» бағ­дар­­ла­масымен қатар жергілікті өзін өзі бас­қару бюджеттерін тікелей қаржы­лан­дыру тетігі енгізіледі. Бұдан басқа, жер­гілікті өзін өзі басқаруды жүзеге асы­ру бөлігінде мәслихаттардың өкілет­тік­т­ері кеңейтілетін болады», деді спикер.

Бүгінгі таңда аталған нормаларды іске асыру тетігі мен одан әрі регламенттеу мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдармен пысықталуда. Заң жобасы биыл Парламент депутаттарының қарауына ұсынылады.

2022 жылға арналған дағдарысқа қарсы жоспар

Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары­ның үшінші бағыты – «Дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралар туралы» бағыты бойынша 5 іс-шара іске асырылады. Ұлттық экономика министрі осы үшін әлеуметтік-экономикалық дамуға әсері бар тәуекелдерді нивелирлеу мақсатында мүдделі мемлекет­тік органдармен бірлесіп, 2022 жылға арналған дағдарысқа қарсы шаралар жос­пары әзірленгенін айтты.

«Оны іске асыру геосаяси ахуалдың шиеленісуінің салдарын нивелирлеуге және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляцияны бақылау және төмендету, сыртқы сауда қызметін қолдау және ынталандыру, экономика салаларын қолдау және инвестицияларды тарту бағыттары бойынша жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға мүмкіндік береді», деді министр.

Жолдаудың алғашқы алты бағытына арналады

Жалпы, Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында саяси реформалардың негізгі 10 бағытын айқындап берген болатын. Бүгінде Президенттің Жарлығымен Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітіліп, онда 36 іс-шара қарастырылған. Бұл шаралардың 18-і заңнамалық сипатта, 5-і заңға тәуелді актілерді қабылдауды талап етеді, қалған 7 іс-шара жалпы сипатқа ие. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қатысқан Әділет министрі Қанат Мусин жоспардың өзі басқаратын ведомствоға қатысты бөлігінде іске асатын жұмыстар жайын баяндады.

«Президенттің өкілеттігін қайта қарау, биліктің өкілді тармағын қайта құру; сайлау жүйесін жетілдіру; партиялық жүйе үшін мүмкіндіктерді кеңейту; сайлау процесін жаңғырту және құқық қорғау институттарын күшейту бөлігінде Жолдаудың алғашқы алты бағытын іске асыру 6 заң жобасын әзірлеуді талап етеді. Бірінші кезекте, «Қазақ­стан Республикасының Конс­титу­ция­сына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленетін болады. Оны бүгінде Прези­дент­тің өкімімен құрылған жұмыс тобы пысықтауда. Жұмыс тобының құра­мына мемлекеттің құқықтық жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан көрнек­ті ғалым-құқықтанушылар кірді. Олар заң ғылымдарының докторлары, конс­титуциялық құқық, мемлекет тео­риясы және құқық саласында маман­дандырылған профессорлар. Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда», деп мәлімдеді ведомство басшысы.

Түзетулер өлім жазасын жоюды көздейді

Қ.Мусин Конституцияға енгізіле­тін тү­зетулердің негізгі бағыттарына тоқтал­ды. Оның айтуынша, Президент­тің өкілеттігін қайта қарау және оның өкілеттігін орындау кезеңінде Прези­дент қызметінде болуына байланыс­ты қосымша шектеулер енгізу жос­пар­ланған. Мысалы, Президент саяси партияға мүшелігін тоқтатуға міндетті болады, ал оның жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор басшылары лауазымдарын атқаруға тыйым салынады.

«Сондай-ақ Парламенттің депутат­тық корпусын қалыптастыру тәртібін, Парламент пен оның Палаталарының заң­дар қабылдау және басқа да мәсе­ле­лер жөніндегі құзыретін қайта қарау; Адам құқықтары жөніндегі уәкіл­дің, Прокуратура органдарының және құрылатын Жоғары аудиторлық пала­таның қызметін регламенттеу; жаңа­дан құрылатын Конституциялық сот­тың мәр­­тебесі мен өкілеттіктерін регла­мент­­­теу көзделген. Мысалы, Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкілге, Бас про­ку­рор­ға және азаматтарға адамның конст­и­туциялық құқықтары бұзылған жағдайда Конституциялық сотқа жүгіну құқығы берілетін болады; Сонымен қатар өлім жазасын жою көзделеді», деді министр.

Конституцияға түзетулерді әзірлеу бойынша жұмысты биылғы сәуір айының соңына дейін аяқтау, ал ағым­дағы жылдың маусым айының соңына дейін оларды қабылдау жоспар­ланған.

Екі конституциялық заңды жасау бойынша жұмыс басталды

Конституцияға енгізілетін түзетулерді іске асыру үшін 3 жаңа конституциялық заңның жобаларын әзірлеу қажет. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасы­ның Конституциялық соты туралы»; «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы»; «Прокуратура туралы».

«Бұл Конституциялық заңдар аталған органдардың құқықтық мәртебесін, құзыретін және қызметін ұйымдастыру мәселелерін қамтиды. Алғашқы екі заң жобасының әзірлеуші органы – Әділет министр­лігі, ал «Про­куратура туралы» Консти­туция­лық заң жобасын Бас прокуратура Әділет министрлігімен бірлесіп әзірлейді», деді Қ.Мусин.

Аталған заң жобаларын биыл тамызға дейін, ал оларды қабылдау жыл соңына дейін Парламенттің қарауына енгізу жоспарланған.

«Саяси партиялар туралы» заңға түзетулер енгізіледі

Қолданыстағы заңнаманы іске асы­рылып жатқан бастамалармен ұштас­тыру мақсатында Әділет министр­лігі Президент туралы, Парламент және оның депутаттарының мәртебесі тура­лы, Сайлау туралы, Сот жүйесі мен судья­лардың мәртебесі туралы Конститу­ция­лық заңдарға өзгерістер енгізуді қарас­тыратын Конституциялық заңның жоба­сын әзірлейтін болады.

Қ.Мусиннің айтуынша, сондай-ақ Саяси партиялар туралы, Жергілікті мем­лекеттік басқару туралы, Мемлекет­тік аудит туралы заңдарға және басқа да бірқатар заңдарға түзетулер енгізуді қарастыратын заң жобасы әзірленеді.

«Саяси партиялар туралы» заңға сая­си партияларды тіркеу рәсімін же­ңіл­детуге бағытталған түзетулер енгізіл­мек. Атап айтқанда, партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең аз санын 1 мыңнан 700 адамға дейін қысқарту; партияларды тіркеу үшін қажетті шекті деңгейді 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендету; партиялардың өңірлік өкілдіктерінің ең аз санын үш есеге 600-ден 200 адамға дейін азайту жоспарланып отыр. Толықтай алғанда, түзету заң жобалары Конституциялық заңдарды қоса алғанда, 20-дан астам заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді көздейді», деді спикер Орталық коммуникациялар қызметі алаңында сөйлеген сөзінде.

Аталған заң жобаларын да Пар­ламенттің қарауына енгізу ағымдағы жылдың тамыз айына дейін, ал оларды қабылдау ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған.