Білім • 15 Сәуір, 2022

Наурыздағы тестілеуге 99 талапкер кіргізілмеді

191 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Наурыздағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге барлығы 105 мыңға жуық адам қатысқан. Олардың ішінде түлектердің 78,2%-ы қазақ тілінде, 21,7%-ы орыс тілінде, 0,2%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті. 72 талапкер 130-дан жоғары балл жинады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлады.

Наурыздағы тестілеуге 99 талапкер кіргізілмеді

Наурыздағы тестілеуде талапкерлердің 70%-дан көбі шекті балл жинады. Бұл былтырғымен салыстырғанда 6%-ға артық. Ал орташа балл шамамен 69 балды құрады. Ең жоғары балл – 135.

«Наурыздағы ҰБТ сұрақтарының форматы мен саны өзгеріссіз қалды. Бірақ біз үміткерлерге бірнеше қосымша қызметті қостық. Олардың ең маңыздысы – жеке тақырыптық талдау. Енді түлек тестілеуді аяқтағаннан кейін жинаған ұпай саны туралы ғана ақпарат алып қоймай, сонымен бірге қандай тақырыптарды білетіні, қайсысын толық білмейтіні туралы қосымша талдаулар алады. Бұл оқушыға жеке тақырыптарға көбірек уақыт бөлуге және қателермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Тағы бір қызмет – IT бағыттарына түсетіндер үшін «Математика-Информатика» комбинациясын таңдау. Физика биыл негізгі пән болып қалатынына және жаңашылдықтың өзі 2022-2023 оқу жылында енгізілетініне қарамастан, наурыздағы тестілеу кезінде бұл комбинацияны 800-ге жуық адам таңдады. Сонымен қатар біз металдардың белсенділерін қосу арқылы пайдалануға рұқсат етілген тұздың ерігіштігі кестесін жаңарттық. Бұл жаңалықтың барлығы тест тапсырушылардың пікірлерін ескере отырып, сондай-ақ негізгі ҰБТ-ға дайындық сапасын арттыру мақсатында енгізілді», деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Министрліктің мәлімдеуінше, наурыздағы ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттілігі бар 211 бала қатысты. Былтыр осы кезеңде көру, есту, тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылған 35 талапкер тестілеуден өткен болатын. Айта кетейік, биыл алғаш рет ерекше қажеттілігі бар түлектерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек, тағы 40 қосымша минут берілді.

Былтыр қаңтар айында өткен ҰБТ-мен салыстырғанда тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеттері де азайған. Смартфондарды, парақтарды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кіргісі келген 99 үміткер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.

ҰБТ-ға кіру үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылады: Face ID тұлғаны сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік және отырған адамның жеке басын анықтау. Биыл тестілеу «бір компьютер – екі камера – бір тестілеуші» қағидасы бойынша жүргізіліп жатыр. Тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін 259 адам аудиториядан шығарылып, нәтиже жойылды.