Театр • 15 Сәуір, 2022

Мәртебелі театр – мәдениеті өскен елдің еншісі

1224 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Халықаралық театр күніне орай газетіміздің 25 наурыз күнгі санында «Мәртебелі һәм мәртебесіз театр» деген тақырыппен мақала жарық көрген болатын. Материалда тілші театр саласының шешімі табылмай келе жатқан өзекті мәселелерін тілге тиек етіп, тәуелсіздік алған 30 жылда елімізде әлі күнге дейін театр туралы заңның қабылданбағанын айтып, түйткілді мәселенің төркініне үңілген еді. Осыған орай Қазақстан Театр қайраткерлері одағының жауапты хатшысы Рабиға Ағманова маңызды мәселеге қатысты ойларын ортаға салып, жазылған жайдың жалғасы ретінде айтулы мақалаға үн қосыпты.

Мәртебелі театр – мәдениеті өскен елдің еншісі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мен – сыншы да, әдебиетші де, жазушы да емес, актрисамын. Ха­лық­аралық ­театр күні қарсаңында «Еге­мен Қазақстан» газетіне «Мәртебелі һәм мәртебесіз ­театр» деген Назерке Жұмабайдың мақа­ласы шыққан екен. Соны оқып отырып ойға қалдым. Қор­даланып тұрған көп жайтты қозғаған екен. Біраз дүниенің сыртқа шығуына түрткі болды. Қолына қалам алған сыншы біткен бірінші Театр­ қайраткерлері одағын сөз қылмаса қа­ламы жүрмей қалады-ау деймін... Одаққа жұмысқа келгеніме бір жарым жылдай ғана болды. Бір сыншы, не бір драматург, не бір актер бас сұққан емес Одаққа... Мысалы, Одақтың жағдайы қалай екенін өз басым сонда қызметке келген кезде бір-ақ білдім. Оған дейін менде де «неге Одақ осылай жасамайды, неге мынаны былай істемеске?!» деген ой болатын. Одақтың ішкі тыныс-тіршілігімен толық танысқаннан кейін жағдайдың сын көтерердей қауқары жоқ екенін байқадым.

Одақ дәл қазіргі күні баспанасыз, өзіне мүшелікке өткен қайраткерлерден түсетін мардымсыз жарнаға өмір сүріп отыр. Мемлекеттен ешқандай қаржы бө­лінбейді.

Біздің студент кезімізде Желтоқсан көшесінің бойында керемет «Актерлер үйі» деген ғимарат бар еді. Сол актерлер үйінде бала күннен бір көруге ынтық болған талай майталман әртістерді көр­дім. Жадырап, жарқылдап әңгіме-дүкен құрғандарын естідім. Алайда еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейін Үкімет ол ғимаратты Израиль елшілігіне уақытша (еш ақшасыз-пұл­сыз) беріп, кейін елорда ауысқанда Одаққа қайтарудың орнына Сыртқы істер министрлігіндегі «іскер» шенеуніктің бірі, тез арада акционерлік қоғам құра қойып, заңсыз меншіктеп үл­геріпті. Енді жаңа Одақ басшысының 2010 жылдан бергі ол ғимаратты қай­тару «шежіресі» белгі­лі адамдардың жанкешті қарсылығының кесірінен әлі күнге жалғасып келеді. Біздің сұра­нысымызды табанға салып, өзі­міздің ғимаратты өзімізге «арен­даға алсын» деп доқ көрсетіп, мазақ қы­лып келе жатқаны өз алдына бөлек әңгіме.

Ал енді Театр қайраткерлері ода­ғы­­ның тарихына қатысты ресми дерек­тер­­ге тоқталар болсақ, Қазақ театр қоға­мының (1962 жылғы) негізінде құрыл­ған Қазақстан Театр қайраткерлері ода­ғы­на биыл 60 жыл. Алғашқы басшысы Қазақстанның халық әртісі, опера әншісі Роза Жама­нова, одан кейін 1980-2004 жылдары Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, белгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов, 2004-2009 жылдары Ер­кін Жуасбек, 2009 жылдан бас­тап Қазақ­стан­ның халық әртісі, Мемлекет­тік сый­лықтың лауреаты, өнертану кандидаты Тұңғышбай Жаман­құлов бас­қарады. Құрылғаннан бастап бүгінгі таң­ға дейін Одаққа 3 мыңнан аса театр қызметкерлері мүшелікке өтті. Өз Жар­ғы­сына сәйкес Одақ еліміздегі бүкіл театр қайраткерлерін қолдап, олардың мақ­сат-мүдделерін қорғаудан жалық­қан емес.

2010 жылдың наурыз айынан бас­тап Одақ басшысының жеке абыройы мен демеушілер табуы арқасында бірінші және бірегей республикалық әдеби-театртанымдық орыс және қазақ тіліндегі 100 беттік түрлі-түсті «Театр.kz» журналын ай сайын шығара бастады. Журнал еліміздегі театр өнерінің даму бағыттарына, режиссура, актерлік өнер, сценография мәселелеріне арналған мақалаларды, мерейтойлар мен театр фестивальдерін өткізіп, премьералар туралы рецензияларды жариялап тұрды. Сондай-ақ әр санында драматургиялық материалдарды жарыққа шығарды. Журнал бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының кезінде тоқтап қал­ғаны да белгілі. Оның үстіне барлық театр қайраткерлері жазылмайды ғой журналға, айлықтары аз. Дегенмен өмір жалғасуда, өнер өлмейді. Өнерді өмірім деп танитын театр майталмандарына арналған журнал қайта шығатын күн алыс емес деп сенеміз.

2010 жылы демеушілер арқылы ал­ғаш рет Қазақстан Театр қайраткерле­рі одағы «Еңлікгүл» Театр өнерінің кә­сіби сыйлығын тағайындады. Қан­шама актер, режиссер, театр қыз­меткерінің мерейі өсіп, сәл де болсын қаржылай марапат алып, бір биіктеп қалды. Ол да кезінде Мәдениет және спорт министр­лігі тарапынан қол­дау таппай, үрдіс уақытша үзіліп қал­ған болатын. Әйтсе де «Еңлікгүл» тоқ­таған жоқ, 2020 жылы бүкіл әлем зар­дап шеккен пандемияның кесірінен өткізілмеді. 2021 жылы да Алматы қа­ласы бюджетінен бөлген қаражатты ондай шараға жұмсауға рұқсат болмаған соң Денсаулық сақтау министрлігіне қайта жіберілді. Биылғы жылы Шымкент қаласында өткізу жоспарда тұр.

Министрлікпен биылғы бірігіп жа­са­сақ деген жобалардың арасында Көк­шетау қаласында өткізбек болған «Жазғы оқулар» атты жобамыз бар. Әр театрдан екі-үш адамды (актер, режиссер, драматург ) қатыстырып, кәсіби біліктілігін арттыруды жос­пар­лап отыр­­ған бұл жобамыз да қолдауға зәру. Актер­лік, режиссерлік, драма жазу өнері бойынша шеберлік сағат­тарын жүргізуге Мәскеуден В.Пан­ков пен О.Жанайдаров, Душанбеден Б.Абдураззаков сынды заманауи театр өнері айналасындағы атақты адам­дарды шақырып, бірлесе жұмыс атқаруға ниет­тіміз. Әзірге ке­ліссөздер жүр­гізілуде. Сонымен қатар біздің Одақпен тығыз байланысы бар ТМД елдерінің Театр одақтары конфедерациясы мамандары да шақырылады деп күтілуде. Айтулы ұйымның белді мүшесі ретінде Қазақстан Театр қайраткерлері одағы олармен шығармашылық тығыз қа­рым-қатынаста. Жастардың білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасуы үшін қа­жет байланысты Одақ орнатып отыр. Кө­рінбей жасалып жатқан жұмыстар бар­шылық.

2021 жылы Өзбекстан астанасында сол ТМД және Балтық елдері театр­лар конфедерациясы ұйымдастыратын жастар шығармашылығына арналған халықаралық форум жоғары деңгейде өтті. Оған біздің Одақтың ұйымдастыру­ға һәм мамандарымызды қатыстыруға Одақ басшысының тегеуріні арқылы үлкен ықпал етуі – оң нәтижесін берді. Бәрі ойлағандай тек Алматыдағы акаде­мия­лық театрдың ғана емес, көбіне об­лыс­тағы театрлардан да мамандар бар­ды. Атап айтсақ, А.Островский театры­нан өте талантты актер, режиссер Р.Джу­махметов, Х.Бөкеева театрынан қоюшы-суретші М.Мәмбетов, жас драматургтер М.Қолғанат, Ә.Айтуар, Ә.Байбол, сын­шы Б.Әлкеева қатысып қайтты. Мәскеу қаласында өткен ТМД, Балтық және Грузия елдерінің достастығы айма­­ғын­да ХV А.П.Чехов атындағы Ха­лық­ара­лық фестивальдің аясында өткен лабо­раторияға М.Әуезов театрынан режиссер А.Оспанбаева, Ғ.Мүсірепов театры­нан Ш.Үмбеталиев, А.Островский театры-­
­нан Р.Джумахметов, Ғ.Мүсірепов театры­нан Ф.Молдағали қатысып қайтты.

Сондай-ақ айтулы жоба аясында Таш­кентте Ф.Молдағали қойған «Құ­ла­гер» спектаклімен Ғ.Мүсірепов атын­дағы театрдың әртістері өнер көрсетті. Конфедерация біраз жылдан бері осы фо­румды Қазақстанда өткізсек деген ұсы­ныстарын айтып жүр, алайда бұл да біздің Мәдениет ми­нистрлігі тарапынан әзірге жүзеге аспай келе жатыр. Келесі форум 2024 жылы өтпек. Конфедера­ция бұл форумның Қазақ­станда өтуіне ықылас білдіріп отыр.

Автордың өз мақаласында театр туралы заң жоқ екенін жазғаны да орынды. Бұл – өте күрделі мәселе, расымен де театр туралы заң жоқ. Көршілес мемлекеттерде театр туралы бәленбай баптан тұратын театр мен театр қызметкерлерін қолдайтын заң бар. Негізінде, ол туралы Одақ басшысы сонау 2015 жылдан бері үнемі Үкіметке, тиісті адамдарға кездесіп те, хат жазылып та, айтылып та жатыр.

Театр өнерінің нарықтық қа­ты­нас­тар мен заманауи талаптарға, әлем­дік деңгейге сай болатындай қойы­лымдардың нарқын биіктетуге мүмкін­дік тудыратын жаңа қазақстандық театр заңнамасын жасауды көздейтін «Театр туралы» заң жобасы дайындалып, қабылданатын болса, көп мәселе шешімін табар еді. Осы заңның аясында облыстық театрларды қараусыз қалдырмауды, министрліктің құзырына қайтарудан бастап, өзекті мәселелерді шешудің жаңа жолдарын іздеу керек.

Театр, театр қызметкерлерінің әлеу­­­­меттік мәртебесін көтеру, киелі қара­­шаңырақты жеңіл-желпі ойын-сауық қызмет көрсету саласына теңес­тірмей, оның мәртебесін ха­лықтың рухани баюын­дағы орны мен маңызына байланыс­ты айқындау қажет. Жалпы, еліміздегі 7-8 кәсіби шы­ғармашы­лық одақтың да мәртебесін көтеріп, мем­лекеттік емес қауымдастыққа теңе­мей, мемлекеттік идеологияны жү­зе­ге асырушы етіп қарайтын мезгіл әлде­қашан жетті. Өнер адамдарын атақ­тар­ға ұсынуды әр­қилы ұйымдар мен әкім­шіліктерге, көбіне әділетті бола бер­мейтін өңір басшылары мен жалпақ шешей ұжым басшыларына телімей, парқы мен сіңірген еңбегінің нақты бағасын кәсіби түрде анықтай алатын, өздері мүше сол шығармашылық одақ­тардың құзырында болғаны жөн деп есептейміз. Кәсіби өнер адамдарына «Қазақстанның Халық әртісі», «Қа­зақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағын беру дәстүрін қайтаруды да қарастыру керек. Бүгінгі қадірі мен аясы кем, кез келген әр сала­дағы адамдарға оңды-солды таратылып жүрген «қайрат­кер» атағы кәсіби өнер адамдарына берілуі тіптен қолайсыз. Сонымен қатар әрбір берілген атаққа істелген жұмыс үшін белгілі бір ынталандыру және лайықты төлем болуы керек.

Одақ қазақ елі­нің театр қай­рат­кер­лерінің бәріне ортақ. Ал қолынан іс келетін жас­тарымыз келіп қол­дап, бірге жұмыс істеймін десе, мархабат...

 

Рабиға АҒМАНОВА,

Қазақстан Театр қайраткерлері одағының жауапты хатшысы