09 Сәуір, 2014

Жаһанға келер залал көп

810 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
31 наурызда Жапонияның Иокагама қаласында БҰҰ-ның Климат өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының баяндамасы жарияланды. 39 елден 259 сарапшы қатысып, 1500-ден астам бетті құраған бұл есептен мәлім болғандай, жаһандық жылыну үрдісі жалғаса берсе, Жер бетінде климат өзгеруінен зардап шекпеген бір де бір адам қалмайды. Енді аталған жаһандық проблема жайында сарапшылар не дейді? Соған назар салайық. Климат Климат өзгеруі жөніндегі үкімет­аралық сарапшылар тобы­ның (КӨҮСТ) жетекшісі Раджен­дра Пачаури: «Егер адамзат баласы булы газдардың ауаға таралуын азайту жолында қазіргі күні жедел шаралар қолданбаса, жаһандық жылыну планетамызды табиғи және экономикалық апаттарға алып келеді. ХХІ ғасырдағы климат өзгеруінің қандай көлемде жүретіндігі біздің бүгінгі таби­ғат­ты сақтауға қатысты қабылдаған шешімдерімізге тікелей тәуелді болмақ. Өйткені, климат өзгеруінің әсер етпейтін саласы жоқ. Ол су ресурстары мен өнім өндіру, азық-түлікпен қамтамасыз ету сынды адам үшін қажеттіліктің бәрін қамтиды», деп мәлімдеуі әлемдік БАҚ өкілдерін өзіне жалт қаратты. КӨҮСТ жетекшісінің айтуынша, адамзат баласының қазіргі бейқамдығынан 2100 жылы жүздеген миллион адамның басына қара бұлт үйіріледі. Яғни, жағалаулардағы елдерді су басып, климат өзгеріске ұшыраған сайын тегеурініне шыдас бермейтін қатты дауылдар жиі-жиі тұрып, топан сулар қаптауы да жиілей берсе, ал ендігі бір аймақтарды құрғақшылықтың кеулеуі азық-түлік жетіспеушілігін алға шығарады. Ал осының барлығы алдымен әлеуметтік қорғауды тілейтін кедейлерді, балалар мен қарттарды сансыратып кетеді, деген сарапшылар өткен ғасырдың 80-жылдары Зимбабведе орын алған құрғақшылықты мысал етеді. Оның зардабы өмірге қысқа бойлы балалардың келуіне апарып, олар өздерінен бұрынғылар мен кейінгі буындарға қарағанда аз табыс табатын, жұмыс бе­ру­шілерді қызықтырмайтын топ­тың пайда болуын тудырған. Са­рапшылар пайымдауларында мұндай қаңырығын түтеткен қуаңшылық пен құрғақшылық келешекте көбейе түспесе азаймақ емес. Жаһандық жылынудың қат­ты әсері, әсіресе, ауыл шаруа­шылығына қатты тимек. Өнім өндірудің жыл сайын кемуінің салдарынан кедейлер мойнындағы жүк одан сайын ауырлап, фермерлер тынысы да тарыла түседі, ал қала тұрғындары азық-түліктің қымбаттауынан зардап шегетін болады дейді. Құрғақшылық ауыз­су проблемасын да күшейтеді. Қаңсып қалған құдықтар көбейіп, бөтелкелеп сататын судың құны артса, жиі кемерінен асып, тасып берекені алатын өзендердегі судың да сапасы жаһандық жылыну әсерінен кеми бермек, деген болжамдар жасайды баяндама авторлары. Зерттеу жұмыстары климат өзгеруіне байланысты туындайтын проблемалардың түбі бір туады дейтін қауіпін ғана емес, оның қазірдің өзінде жойқын су басулар мен дауылдар тудыруымен, құрғақшылық әсерінен шырпыдай тұтанып, өртеніп жатқан ормандары алқаптардың тарылуымен, жерге сіңірілген дәннің шықпай қалуымен бас қатырар үлкен мәселеге айналғанын көрсетуде деген КӨҮСТ-нің қоғаммен бай­ланыс жөніндегі менеджері Хода Барака: «Мұндай зардаптан арылудың жолы біреу ғана, ол – қазіргі күні барланып қойылған барлық көмірсутек қорларын – көмір, мұнай, газды сол жатқан жерінен қозғамау. Ендігі уақытта энергиямен қамтамасыз етуші компа­ниялардың бұрынғы қалып­пен жұмыстарын жалғастыра бе­рулеріне төзуге болмайды» дейді. 39 ел сарапшылары бірауыз­дан планетаның жылынып бара жатқанын мойындады. Соңғы 100 жылдың ішінде 0,74 градусқа жылыған Жердің жайы ешкімді немкетті қалдыруы тиіс емес дейді ресейлік сарапшылар да. Ресей Бас геофизикалық обсер­ваториясының директоры Вла­димир Катцев мұхиттарға қарағанда континенттердің тез еріп жатқанын алға тартып, бу газдарының жыл өткен сайын көп мөлшерде бөлінуіне адамның шаруашылық жүргізуі кінәлі екенін айтса, Ресей Ұлттық академиясы Мұхиттану институтының директоры Андрей Костяной: «Мұхит суы соңғы 100 жыл ішінде көтерілу үстінде. 1901 жылдан 2010 жыл аралығында дүниежүзіндегі мұхиттарда судың көтерілуі жыл сайын орташа есеппен 1,7 мм көлемінде болып келген. Алайда, 1993 жылдан 2010 жыл аралығында оның көтерілуі 3,2 мм.-ді құрады. Яғни, мұхит суларының бұлайша екі есеге ұлғаюын үлкен қауіп деп бағалаған орынды», деген ойын білдіреді. Сондай-ақ, сарапшылар Жер температурасының Цельсий бойынша 2 градусқа жылынуының әлемдік экономиканың 2 пайызға төмендеуіне алып келетіні турасында да дабыл қаққан. Егер температура 3 градусқа көтерілсе, онда тек азық-түлік қауіпсіздігіне ғана нұқсан келіп қоймай, алапат су тасқындарының басып қалуымен қатар, орасан зор аймақтарда құрғақшылық туа­тынына алаңдайды. Сол себептен, әлемдік қауымдастық алдында жылыну үдерісін 2 пайызға жеткізбеу міндеті тұр деген ғалымдар экожүйеге тиетін зардаптарды азайтудың адамзат баласы үшін қаншалықты маңызды екендігін планетадағы әрбір адамның білуі қажет дейді. Бұл ретте әр азаматтың мен не істей аламын демей, жаһандық апатқа қарсы тұруы маңызды. Көмірқышқыл газы мен метан­ның ауаға шамадан тыс бөлі­нуі жерді қатты қызып кетуден сақтайтын инфракүлгін сәуле­лерді жұтып, планета темпера­турасының көтерілуіне алып келді. Әсіресе, жылу, жарық бере­тін стансалардан, қаладағы кәсіп­орындардан бөлінген көмір­қышқыл газының мөлшері атмос­фералық қабатқа өтетін газдың 1/3 бөлігін құрайтыны кім-кімді де алаңдатуы тиіс. Планетадағы жасыл алқаптар – ормандар бұл газдың біраз бөлігін қажетіне жаратқанымен, барлығын жұтуға шамасы жетпейтін көрінеді. Вашингтон университетінің ғалымдары Игнатиус Ригор мен Джо Валластың соңғы 25 жылдың ішінде жүргізген зерттеулері де көңіл аударарлықтай. Мұз көлемінің азаюы мен жұқаруының Солтүстік мұзды мұхитындағы ағыстар мен Арктикаға ғана емес, Солтүстік Атлантикаға да әсері бар екендігі айтылады. Ғалымдар арада 30-40 жыл өткенде Сол­түстік мұзды мұхитының жыл­дың жылы мезгілдерінде толы­ғымен мұз құрсауынан боса­натындығын алға тартады. Әлемнің ең биік мұзарт шың­ды Гималай тауларының да мұздақтарына еру қаупі төнген. Егер дәл бүгінгі қарқынмен ол әрі қарай жүре берсе, онда 2060 жылдары мұздақтардың үштен екісі, ал 2100 жылдары барлығы еріп кетеді. Бұл – әлемдік экожүйеге төнген аса зор қатер болмақ. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, жаһандық жылудан бүгінгі Франция әлемдегі шарап өндірісіндегі басымдығынан айырылып, керісінше ғасырлар бойына виски шығарып келген Шотландия климаты шарап жасалатын жүзім түрлері үшін өте қолайлы болуы әбден мүмкін. Атап айтқанда, 2012 жылғы Еуропаның оңтүстігін қамтыған ыстық жаз Италия, Испания, Францияда жүзім өнімін жинауды 12 пайызға төмендеткен. Температураның 35 градустан жоғарылауы жүзім шағына кері әсерін тигізеді деген ғалымдар келешекте шарап шығарушылар мұндай тосқауылдарға жиі ұшырап, зардап шегеді дейді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына қатысты залалдың жайы тек қуаңшылық пен су басуға ғана қатысты болмай, тропиктік зиянкес жәндіктердің мейлінше кең аймақтарға таралуына да жол ашпақ. Ғалымдар айтуынша, қазірдің өзінде климат жылынуымен тропикалық зиянкестердің таралуы жылына 3 шақырым жылдамдықпен солтүстікке жылжи түсуде. Ал кейбір саңырауқұлақтар 6-7 шақырыммен жылжып келеді дейді зерттеушілер. Ғалымдар алаңдаушылығы жаһандық жылыну түрлі әсерінен жұқпалы ауру­лардың жаңа штамдарының өмір­ге келуіне байланысты өр­ши түсуде. Және олардың жыл­дан-жылға емдеуге қарсы тұру қабілеті, қоршаған ортаға бейім­делуі де аса қауіпті жайт дейді. КӨҮСТ биылғы баяндамасында соңғы онжылдықта климат өзгеруіне байланысты орын алған бидай мен жүгері өнімін алудың азаюы, тілсіз жау – өрт жалынының ормандарды отауы, балықтардың маржан рифтерінің жоғалуынан өздері тіршілік ететін аймақтардан «босып» шығуы, яғни солтүстікке қарай ағылуы тропиктік елдердегі халықтың тіршілігіне ауыртпалық салуда екендігі де айтылған. Белгілі ағылшын экономисі Лорд Николас Штерн 2050 жылы миллиондаған адам ұзаққа созылған құрғақшылық пен өзге де климаттық ауытқулардан: су басу мен жойқын дауылдардан, аштықтан қашқан «климат босқыны» болуы мүмкін деген қауіп айтады. Сайып келгенде, климаттың антропогенді өзгеруінің салдары көлік және басқа да инфрақұрылымдарға да орасан зор зиянын тигізбек. Бұлардың бәрі, тұтастай алғанда, жаһандық тұрғыда алға шығатын экономикалық, әлеуметтік, саяси проблемалардың қаншалықты күрделі болатындығын ұғындырса керек. Сол себептен, әрбір ел өз экономикасын әртараптандыруға ұмтылып, климат өзгерістеріне барынша дайындықта болуы өте маңызды. Бұл ретте, қай мемлекеттің де экономикасын жасыл бағытта ұстауының маңызы күннен-күнге арта түспек. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».