Қазақстан • 19 Сәуір, 2022

Отырарға араша түскен

316 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым М.Әуезовтің туғанына биыл – 125 жыл. Мұхтар Омарханұлының бүкіл өмірі, барлық іс-әрекеті туған еліне арналды. Кеңестік дәуірде өзі абақтыны да, жазғандары «қамауды» да көрген, бірақ сағы сынбай тұлғалық кейпін жоғалтпағандардың бірі және бірегейі Мұхтар Әуезов десек қателеспейміз. Дінмұхаммед Қонаевтың бірде жазушыға «талай мәрте Жоғары Кеңес депутаты болдыңыз, енді Коммунистік партия қатарына өтіңіз» деген ұсынысына «Димашжан, мен «Алаш» партиясы қатарында болып абақтыға қамалдым. Енді еш партияға мүше болмай-ақ қояйын» деп бас тартыпты.

Отырарға араша түскен

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Жала жабылып, қырғыздың Мана­сы да, қазақтың Жамбыл Жабае­вы да терістелген шақта араша түсіп, зия­лылығын танытқан Мұхтар Әуезов болатын. Ал жазушының көне Отырарды талқандаудан аман алып қалғанын екінің бірі біле бермейді...

Байырғы қала орны ХХ ғасырдың ортасында, дәлірек айтсақ, 1960 жылы техникамен қопарылып, құрып кету қаупі алдында болғанын көпшілік біле бермес. Себебі Отырар ескерткіштеріне қорған болғандар да біз осылай еттік деп көкіректерін ұрып ешқайда барған емес-ті. Болған жағдайды сол кезде жас болған, Отырартөбені бұзып қыш ал деген тапсырманы орындау­шы, жұмысшылардың бригадирі, қазіргі Түркістан облысының Отырар ауда­нына қарасты Шәуілдір ауылының тұрғыны Ибраһим Бронның аузынан тірі кезінде есті­гендер бар. Ибраһим Бронды кө­біне ауылдастары Фома деп те атайтын, Отырар ауданында біраз уақыт комхозды басқарды, Қызылқұмға Молдавиядан Совет өкіметі күштеп көшіріп әкелгендердің бірі. Фоманың қазаққа сіңісіп кеткені соншалықты өзін дүние салған соң мұсылманша жерлеуді өсиет еткен екен. Естуімше, сол тілегі қабыл болыпты.

ХХ ғасырдың 60-шы жылдары кавказтектес Табитов деген азамат «Арыс» совхозының директоры болған. Ол бұдан бұрын көне ескерткіштерге бай Түркменияда қызмет жасап жүрген кезінде құрылыс үшін қажетті кірпішті байырғы ғимараттарды бұзып алып пайдаланған тәжірибесі бар атқамінер екен. Ескі тәсілді пайдалану мақса­тында ауданның қарияларынан қай жерден қыш алуға болатынын сұрап, көне Отырар орнын анықтап алған соң, ол Отырартөбе үстіне трактормен қоса жұмысшылар бригадасын жібе­ріпті. Отырартөбенің үстінде қыш алу мақсатында ескерткішті тас-талқан ету жұмыстары басталады. Бұл жағдайды көзбен көріп, бейжай қала алмаған Қоғам ауылындағы мектептің биология пәнінің мұғалімі Әкімқұл Әбдірайымов (қазіргі әйгілі «Шаншар» театрының негізін қалаушы Уәлибектің әкесі) «Білім және еңбек» журналына хат жазады. «Отырартөбеде гүрілдеген тракторды, қолдарына күрек ұстап, жұмысқа қызу кіріскен адамдардың жүргенін көрдік. Бұл бұрынғы Отырар қаласының орны еді. Төбеден 70 машинадан астам әдемі күйген кірпіштер шықты. Оның кейбіреуінің бетінде

1 219, 1 220 деген цифрлар бар. Қазылған жердің тереңдігі 8-9 метрдей... Кірпіш алынған жерлер тереңдеген сайын күйген ағаш, майда тиындар, оюлы кеселердің сынықтары, 50 литрлік су құятын құмыралар, ірі жануарлар сүйегі, тағы басқа заттар табылды. Біз­дің мектеп оқушылары сабақтан тыс уақыттарын осы төбеде өткізеді. Олар тауып алған бір кесек күкірт, жанған ағаш көмірі, арабша жазылған тиындар, кірпіш, шыны сынықтары, темекі тартатын мүштекті редакцияға жолдап отырмыз. Ал жіберуге болмайтын заттар мектебімізде сақталып тұр», деп аяқтайды хатын Ә.Әбдірайымов.

Ибраһим Бронның айтуынша, Отырардан кірпіш таусылғанша алуды жоспарлаған совхоз директорының бұйрығын Мұхтар Әуезов тоқтатыпты. Қазу жұмысы жүріп жатқанда ғұлама жазушы келіп қалыпты. Отырартөбедегі сұмдықты көргенде Мұхаң куәлердің айтуынша, кейіп әлгілерді «варварлар» деп, яғни жабайылар деп ұрсыпты. «Осыдан соң біз Отырардан қыш алу­­­ды тоқтаттық», дейді Ф.Брон. «Бі­­лім және еңбек» журналының 1961 жыл­ғы 4-санында ауыл мұғалімі Әкім­­құл Әбдірайымовтың хатымен қоса әйгілі археолог, академик Әлкей Мар­ғұланның мақаласы жарияланды. Мақалада Отырарда Мұхтар Әуезовтің болғаны айтылады. Академик «Алыс­тан көрінетін осы зәулім үйіндінің өзі көпшіліктің көңілін тартып, «осында ашылмай жатқан бір сыр бар-ау!» дегендей, Отырар қаласының тари­хи маңызын көзге елестеткендей болады. Сырдария бойына барған адам­­дардың мұны көрмей кететіні кемде-кем-ақ! Өткен жылы бұл тарихи орынды жазушы Мұхтар Әуезов те барып көріп, «зерттеуге тұратын мүлік екен», деп кеткен», деп жазады. Осыған қарағанда ғұлама жазушы 1960 жылы Отырарда болған. Академик Отырартөбенің бұзылып жатқанын қынжыла жазады: «Бірақ бұл қымбатты қазынаға Шәуілдір ауданының кейбір шаруашылық орындары соңғы 20 жылдың ішінде қол сұғып, оның ғасырлар бойы сыр болып келе жатқан мүлкін бұза бастады. Аудандық меке­ме­­лердің кейбіріне кіргенде оның еденінің осы Отырар қаласынан алын­ған кірпіштен төселгенін көресіз. Кірпіш іздеу мақсатымен рұқсатсыз қазыл­ған бұл қаланың орнынан қан­шама қымбат заттар, оның ішінде искусство бұйымдары шықты десеңіз­ші! Бірақ ғылыми әдіспен, ретімен қазылмаған соң олардың барлығы экскаватордың екпінімен тас-талқаны шығып, іске алғысыз болып қалған. Отырар қаласының киелі жерін рұқ­сат­сыз қазып, одан 70 машина тасып алғанша Шәуілдір ауданының әкімшілік орындарының үндемей тыйым салмай қалғанына таңғалуға болады».

Атақты археологтер Кемел Ақышев, Карл Байпақов, Лев Ерзакович бірле­сіп жазып, 1972 жылы басылған «Ежел­гі Отырар» атты монография­да Отырартөбе сипатталып, ондағы тонау­шылықпен жасалған шұңқырлар туралы айта келе көне қаланың орта­лық бөлігінде ұзындығы 20 метр, ені – 3 метр, тереңдігі 2 метр траншея бары ай­тылады. Және оны жергілікті тұрғындардың айтуынша, күйдірген қыш алу мақсатында бульдозермен қазғаны көрсетіледі.

Ибраһим Броннан төбені қазғанда қандай құрылыс бұзылғанын сұра­ғанда қабырғалары лотос гүлімен өр­­нектелген еді деп жауап береді. Біз­дің болжамымызша бұл атақты Әмір Темір қайтыс болған Отырар билеу­шісінің Бердібек сарайының көрі­ніс­ханасы болған. Шараф ад-дин Әли Йаздидің «Зафар-наме» атты қол­­жазбасында Темірдің Отырарға келуі былай суреттеледі: «Сейхун жа­ға­сы­нан аттанған Темір сәрсенбі 12 рад­жаб күні Отырардағы Бердібектің сарайына келіп тоқтады. Барлық ханзадалар, әмірлер және Темірге жақын болып саналатындардың әрбірі жеке бөлмелерге орналасты... Осы кезде Те­мірге көптен бері Дешті Қыпшақ даласында бір жерге қаңбақтай тұрақтай алмай жүрген Тоқтамыстың ескі қыз­метшісі – Қарақожа келді. Сол күні Темір көрінісханаға салтанатты түрде кіріп, биік таққа жайғасты. Оның оң қол жағына Үгедей қағаннан тараған Танзи оғлан, Жошы ханнан тараған Бастемір оғлан мен Шекіре оғлан, сол жағына ханзадалар Ұлықбек, Ибраим сұлтан, Айджеля отырды. Тоқтамыс елшісін әмірлер Бердібек, оның ағасы Шайх Нұр ад-дин, Шах Мелик, Қожа Жүсіп алып кірді».

Жетпіс машина қыш алынған жерде не болған? Ибраһим Бронның жауабын ескерсек, қабырғалары лотос гүлімен өрнектелген деп сипаттаған қыштан өрілген құрылыс Бердібек сарайының көрінісханасы болса керек деп болжаймыз. Бердібек сарайының ең салтанатты бөлігі – көрінісхана өз қалпында жетсе Отырар қазір туристік Мекке болары анық. Өкінішке қарай, қазақ жерінде байырғы билеушілердің сарайы сақталған орын жоқтың қасы.

Мұхтар Әуезовтің тікелей араласуы­мен Отырартөбенің бұзылуы тоқтап, сарайдың қалған бөліктері, басқа да жәдігерлер аман қалды деуге негіз бар. Кейде ойлаймын, дәл сол заматта Мұхаң келмей қалып Отырардан қыш алу жалғаса берсе не болар еді? Қазіргі археологтер ғылыми қазба жүргізіп ашқан жәдігерлер болар ма еді, өзіміздің, не шетелдің туристеріне не көрсетер едік? Отырарға араша түсуі – Мұхтар Әуезовтің өз ұлтының, адамзаттың перзенті екенін тағы да паш етті. Мұхтар Әуезовтің 20 жасында жазған мына жолдары өмірлік бағытын көрсетіп тұрғандай: «Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар: бірі – тіршілік қамы, бірі – адамшылық қамы. Барша дүниедегі пайда-мақтан әуелі басыма болса немесе туысқаныма, ең болмаса аталасыма болса деп неғұрлым өзіне қарай тартып талап қылу, бұл бір ғана тіршілік қамын көздеген хайуани салахият деп айтылады. Екінші, менен жақсылық тарап, адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем екен деген жол. Бұл инсаният, яғни адамдық жол».

 

Гүлжанат БАЙСАРИЕВА,

Отырар мемлекеттік археологиялық

қорық-музейінің ғылыми қызметкері

 

Түркістан облысы