Қазақстан • 19 Сәуір, 2022

Ел мүддесіне арналған

605 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Мен қазақ халқы аңсап жеткен егемендігімізді сақтап, мемлекеттігіміздің ғұ­мырлы болуы жолында тер төккен жандардың бірімін. Рас, тәуелсіздік бәрінен қым­бат. Сондықтан қиындықпен келген тәуелсіздіктің қадірін ұғына білуіміз керек. Тәуелсіздік бір күнде орнай қалған жоқ. Ешкімнің басына бақ бір күнде қо­на салмайды. Бұл біздің сан ғасырлар аңсап жеткен арманымыз еді. Тілдің, тарих­тың, салт-дәстүрдің қайта жаңғыруына, ой-сананың қалыптасуына қыз­мет еттік. Мұндай қиындықпен келген тәуелсіздіктің қадірін түсінбеу де ағат­тық болар. Десек те, біз енді тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін, оны баянды ету үшін өмір сүруіміз керек. Ел қамы, халық тағдырына қатысты істерде пейіш­ке де, тозаққа да бірге кіруге тиіспіз. Ұлы Дала алдындағы жауапкершілік те, Пре­зи­дент­тің Қазақстан халқына арнаған Жолдауы да бізді бүгін осыған шақырады.

Ел мүддесіне арналған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан бері Қазақстан халқына екі Жолдау арнады. Екеуін де зер сала отырып, тыңдадым. Бұл жолдаулар елдік мұрат пен ерлік салтқа адалдықты айқындап, бұрынғыдан да нығайтып, бекіте түсті. Ақиқатында, қазақстандықтар жыл басталмай жатып күрделі кезең мен қасіреті мол сындарлы оқиғаларды бастан өткерді. Елде орын алған тәртіпсіздік пен террорлық әрекеттер – конституциялық құрылымға, билікті басып алуға бағытталғаны айқын аңғарылды. Осы тұста, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қына үндеу жолдады. Үкіметке бірқатар тапсырмалар берді. Лаңкестікке қарсы штабтың отырысын өткізді. Парламент Мәжілісінде «Қасіретті қаңтар» сабағы мен тәжірибесін кең түрде сөз етті. Басым бағыттар қатарында: тәуелсіздік тарихы мен тәжірибесіне тоқталып, оны нығайту мен баянды ету ісіне кең түрде мән берді. Елде орын алған ауыр ахуал, күрделі кезең көріністері - бір күннің ісі емес екеніне назар аударылды. Халықтың газ бағасына сәйкес наразылығынан бастау алған бейбіт шеру тәртіпсіздік пен террорлық агрессия­ға ұласты. Мемлекетті басқару институттарына, билікті басып алуға әрекет еткеніне жіті ден қойылды. Бітімгершілік контингентінің – стратегиялық нысандарды күзету, ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсету миссиясын орындайтынын да жалпақ жұртқа жүйелі жеткізді. Бұдан байқалатыны, арғы тарихтағы елдік мұрат пен ерлік салтқа адалдық таны­тып, ел-жерді қорғауға, дәстүрден нәр алып, өмір тағылымына мән беру қа­жет­­тілігі негізгі назарға алынғаны жан-жақты танылды. Өткеннің өнегесі – бо­­лашақ бағдары, кемел келешектің көр­кем көрінісі екені жіті байқалды.

Елде орын алған террористік агрес­сия­ның салдары мен себептеріне қатыс­ты бірқатар өзекті мәселелерге де көңіл бө­лінгенін айтқан жөн. Бұл тұста, ел қауіп­сіздігін нығайту, құқықтық тәртіпті қал­пына келтіру, лаңкестік әрекеттер артын­да кімдердің тұрғанын анықтау, ұл­ттық ұланды, барлау Һәм шекара қыз­­метін, діни экстремизмге қарсы кү­ресті, теңсіздік мәселесін оңды шешу мәсе­лелері кеңінен қозғалды. Мұның мәні: халық ақиқатты білгісі келетініне сая­ды. Террорлық әрекеттің бастауы мен негізін, жасырын күштердің анық-қанығын да жұрттың білгісі келеді. Ел қауіпсіздігінің маңызы да осында жатыр. Бұдан басқа, халықты сапалы өмірмен қам­тамасыз ету, әл-ауқатын жақсарту бағы­тына да маңыз берілді. Елдің әлеу­меттік-экономикалық тұғырын бекіту, кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру, бюрократияның етек алуына жол бермеу сынды бағыттарға басымдық берілді. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры қызметінің тиімділігін айқын­дау, макроэкономикалық тұрақтылық­ты қам­тамасыз ету, жұмыссыздық пен жұ­мыспен қамту ісін дұрыс жолға қою, жалақы мен зейнетақы жүйесін реттеу, коронавирустың жаңа толқынына тойтарыс беру жайы да кең түрде сөз болды. Ел байлығы мен жер қазынасы көптің игілігіне айналуы қажеттілігі орынды қозғалды. Жекелеген адамдар мен ком­паниялардың байлық көздерінің мәні мен сырына да ден қойылды.

Кемел елдің келешегі – білім мен ғылым болса, бұл бағыттағы басты ұс­таным: сапалы білімге қолжетімділікті арт­тыруға саяды. Осы орайда, ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, елімізде шетелдік ЖОО-ның филиалдарын ашу, техникалық мамандықтарға басымдық беру қажеттілігіне көп көңіл бөлінді. Анығында: «...бәрімізге білім туралы көзқарасымызды өзгер­ту қажет. Гуманитарлық мамандық­тар­мен әуес­тену кезеңі келмеске кетті. Ба­сым­дықты техникалық маман­дық­тарға беру керек. Инженерлер мен өнер­кә­сіп­шілердің жаңа буынын өсіріп шығару қажет» екені анық-қанық айтылды. Жа­сы­раты­ны жоқ, маңыздысы: «Жақын ара­да Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орын­дарының филиалдарын ашу жос­­пар­­ланып отыр... екі техникалық бағ­дар­­ланған филиал еліміздің батысын­да бол­ғаны жөн» екені де жұртқа жетті. Мұн­да да өмір мәні мен шындығы жатыр.

Білім жүйесіндегі шешуші тұлға – ұс­таз­дық қызметке мән беру ісіне де жіті ден қо­йылды. Тіпті: «...білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес» екеніне мән берілді. Ақиқатында, ұстаз – ұлтқа, оның болашағына еңбек етеді. Оның мәнісі: Бала өз ана тілінде тәр­бие­ленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды.

Бұдан басқа, «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорын құру, қару­лы күштер қатарына жастарды тарту, құқық қорғау саласын кешенді жаңғырту, азаматтардың қауіпсіздігі мен меншік құқықтарының қорғалуына кепілдік беру, ел бірлігі мен даму идеясының берік негізі – татулық пен тұрақтылықты сақтау ісі жаңару кезеңіне бастайтыны жан-жақты сөз етіліп еді, қазір сол айтылғандардың бәрі біртіндеп орындалып жатыр. Бұдан байқалатыны, билік пен халық тұтастығы – бірлікке бастап, береке мен ынтымақты бекіте түседі. Даму негізі мен өркениет өрісі екені де анық. «Қасіретті қаңтар» сабағы, өмір тағылымы осыны мықтап еске салды.

Президент наурыздағы Жолдауында алдымен қаңтар дүрбелеңі жайлы мағлұмат беріп, Ұжымдық шарт ұйы­мы­нан әскер алдырудың себебін түсін­дірді. Президенттің айтуынша, бұл қан­ды оқиға теріс пиғылды адамдардың мем­лекеттік төңкеріс жасамақ ниетінен ту­ған. Жаңа Қазақстанды құру кейбір ық­палды адамдарға ұнамады. Олар жыл­дар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жал­ғастыру үшін билікке ие болуды көкседі. Астыртын топ құрды. Прези­дентті биліктен кетіргісі келді. Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың ішінде жоғары лауазым иелері, әскери және арнаулы органдар басшылары да бары өкінішті.

Маған «Бүгінгі күні ұлттық құнды­лықтарды ұлықтай алып жүрміз бе?» деген сауалды көп қояды. Мен бірден олай деп айта алмаймын деймін. Неге? Өйткені халықты бір бағытқа, бір мүд­деге жетелейтін күш – идеология. Бізге ұлттық идеология қажет, қазақ хал­қы­ның мүддесін қорғайтын, рухын көтере­тін, тарихын, мемлекеттік тілін, салт-дәстүрін қолдайтын, туған жерін, Отанын қорғайтын идеология керек.

Біз бала кезімізде қазақтың ырым-тыйым, салт-дәстүрінің бәрін білетін едік. Қазір соның бәрі шетінен кетіп жатыр. Бүгінде теледидарды қарауға жүрексінетін болдық. Экранды қосып қалсаң жын-шайтан сияқты. Шаштары алба-жұлба, жартылай жалаңаш, ылғи шайтан секілді секеңдеген, секірген біреулерді көресің. Өтірік күледі. Халық­тың талғамы төмендеп барады.

Қазақ әу бастан, табиғатынан терең ойлы, фи­лософ халық. Ал мына бүгінгі көк жә­шіктен көрсетіп жатқан дүниенің дені қазақ­тың табиғатына жат деп біле­мін. Осылай жалғаса берсе, біз нағыз ұлт­тық қасиеттерімізден айырылып қа­луы­мыз мүмкін. Жастар өте еліктегіш ке­ле­ді. Бұлар Батысқа еліктеп жатыр. Оның бәрі бізге үлгі, өнеге бола алмайды.

Біз ата-салт, ата-дәстүр дегеннен айыры­лып жатырмыз. Мен жаңашыл­дық­қа қарсы емеспін, бірақ біз қаза­қи қалпымызды сақтай отырып, жаңаруы­мыз керек. Мына жаһандану деген дәуір – өте қиын дәуір. Аз халықтар шабақ секілді жайындардың көмейіне жұтылып кетеді. Бізді ондайдан ұлттық тұтастық қана сақтайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Жаңа Қазақ­стан: Жаңару мен жаңғыру» деп аталатын Жолдауы отандастарымыздың кө­кейіндегі тағдыршешті сұрақтарға жауап беріп, өзекті мәселелердің нақты ше­ші­мі ұсынылды. Бұл ретте отыз жыл бойы елімізді кері тартып келген супер­президенттік жүйенің жаңа тұрпаттағы президенттік – парламенттік жүйеге ауыса­тыны, болашақ Прези­дент­тің шек­сіз құзыретке ие болмайты­ны, оның туған-туыстарына мемлекеттік қызмет, квазимемлекеттік құрылымдарда қызмет етуге тыйым салынатыны белгілі болды.

Жоғары аудиторлық палата құрылып, олардың Мәжіліс алдында жылына екі рет есеп беретіні де осы Жолдаудың көп­ті қуантқан тың жаңалығы. Өз алдына дербес Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының ашылатыны да тари­хи шешім. Яғни бұл Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Енді солардың бірқатарына жекелеп тоқталайық.

Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру болса, бұл сайлау үдерісі арқылы жүзеге аспақ. Партиялық тізіммен сайлау халықтың сайлауға деген қызы­ғу­шылығын төмендетіп жібер­ді. Сайлауды керек қылмайтын адамдар қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ақиқатында, қазір жұрт депутаттар­ды аса тани бермейді. Осындай жағым­сыз жайтты жою үшін аралас сайлау жүйесі енгізілмек. Мәжілістің депу­тат­тық корпусының 70 пайызы пропор­цио­налдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталады. Бұл сайлау үлгісі облыстар мен республикалық ма­ңызы бар қалалардағы мәслихаттар сай­лауына да енгізіледі. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша, әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Бұл көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мә­жіліске келуіне жол ашылады. Сон­дай-ақ аудан, қалалардағы сайлау толы­ғымен мажоритарлық жүйеге көшіріледі. Мем­лекет басшысының айтуынша, бұл жер­гілікті жерде бәсекелі саяси орта қа­лып­тастырып, елдің алдында беделді, жаңа тұл­ғалардың саясатқа келуіне жол аша­­ды. Әйтпесе, депутаттыққа түсе­тін­дер кө­біне өз бизнестерін қорғап, өз­дері­нің жеке шаруашылығына жағдай жасау үшін ғана баратын сияқты көрінеді маған.

Содан кейін Жолдаудағы ерекше тоқталған салалардың бірі – құқық қорғау жүйесі болды. Бұл орайда елі­мізде Конституциялық Сот құрылатыны жарияланды. Президент мұны әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам деді. Өйткені Конс­титуциялық Сот азаматтар мен заңды тұлғалардың заңды құқы мен мүддесін қорғау деңгейін арттыратын болады. Қазіргі таңда еліміздегі заң актісі мен шешімінің Ата Заңға сәйкестігін анық­тауда кедергі бар. Қазақстандағы түрлі құ­қық нормаларын конституциялық ке­ңес түсіндіреді. Бірақ азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл орынға тікелей жүгіне алмайды. Көптеген мемлекетте Кон­ституциялық Сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жол­­дай алады. Ата Заң ережелерінің мүл­­тіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қам­­тамасыз ететінін әлемдік тәжірибе көр­­сетіп отыр. Мемлекет басшысы Бас про­­курор мен Адам құқықтары жөніндегі уә­кілге де Конституциялық Сотқа жү­гіну мүмкіндігін беруді ұсынды. Менің­ше, мұндай мүмкіндікті солармен қатар мемлекеттік емес, басқа да қоғам­дық ұйымдарға беру керек деп есептеймін.

Президент сот жүйесіне қатысты да нақты тапсырмалар берді. Заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін барлық деңгейдегі соттардың шын мәніндегі тәуелсіз, ашық және кәсіби болуының маңыздылығын атап өтті. Содан кейін қайта қаралатын заңдардың бірі – Бұқаралық ақпарат құралдары туралы құжат болмақ. Өйт­кені Жолдауда журналистерге қатысты да нақты міндеттер айқындалды. Бұл орайда негізгі басымдық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабі­леттілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға жасалды. Сонымен қатар БАҚ-тың еркін болуы, бұл талаптың қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды екендігі айтылды. Президент атап өткендей, отандық ақпарат құрал­дары­ның Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы тиіс. Себебі еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Президент БАҚ билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәсе­лелерді көтеруге міндетті екенін және мұны жоғары азаматтық жауап­кер­­шілікпен жасау керектігін мәлім­деді. Сондықтан мемлекеттің мүдде­сін, қоғам­ның сұранысын және медиаса­ла­ның даму үрдісін ескере отырып, БАҚ тура­лы заңды қайта қарау керектігі өте дұрыс деп ойлаймын. Қазір сенаторлар мен Мәжіліс депутаттары елге шығып, жер­гі­лікті БАҚ өкілдерімен кездесулер өткізу­де. Бұл өз нәтижесін береді деген сенімдемін.

Тағы бір тоқтала кететін жайт, тарихи жер­лерге облыс мәртебесі берілуі, яғни жаңғырудың бір парасы еліміздің әкім­шілік-аумақтық құрылымына қатысты айқындалды. Қуаныштысы, халық­тың қалауына сай бірқатар облыстың құрылатындығы белгілі болды. Бұрын Жамбыл жалғызсырап тұратындай еді, енді оған Абай қосылып, Семей қаласы жаңа облыстың орталығына айналды. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы бүгінде қиындап кеткені белгілі. Демек бұл шешім тарихи әділдікті орнатып, ұлылары­мыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға жол ашары сөзсіз. Сол секілді Жезқазған аумағында Ұлытау облысы құрылып, Жезқазған қаласы қайта­дан облыс орталығы мәртебесін иеленді. Президент мұны экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім деп атап көрсетті. Өйткені кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегіне орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдырына қатысты ұлы жиын­дар өткен, Алтын Орданың кін­­дігі болған бұл аймақтың туристік әлеуеті де өте зор. Оның өндірістік қуатын, логис­тикалық мүмкіндігін де ұтымды пайдалану керек. Алматы облысын екіге бөлу де орынды: Жетісу және Алматы облыстары құрылды. Алматы облы­сы­ның орталығы Қапшағайға кейінгі кез­дері аты аталмай қалған, қазақ халқының ұлы перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілетін болды. Елдің көкейінен шыққан бұл қадамдардың аймақтарды дамыту ісіне тың серпін берері анық.

Қорыта айтқанда, бұл Жолдау – еліміз­дің ұзақ мерзімді дамуына арналған стра­тегиялық маңызды құжат. Ондағы әрбір бастама ел мүддесі үшін екендігін аңғарт­ты. Ендігі жерде еліміздің келе­шегіне қатысты барлық шешімнің орын­далуы­на бірге атсалысайық, Жаңа Қазақ­стан­ды бірге қалыптастырайық, қашан да бір болайық, бірге болайық, ардақты ағайын!

 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ