Облыс әкімі өңірдің экономикалық көрсеткіштерін арттыру бағытында атқарылатын бастамаларды атап өтіп, алдағы міндеттерге тоқталды.
– Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында айтылғандай, халықтың әл-ауқатын көтеру – біздің стратегиялық мақсатымыз. Аймақтың түйткілді мәселелерінің бірқатарымен таныспын, ол алда да сараланады, – деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.
Инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын құрудан бөлек әрбір теңгенің тиімді жұмсалуы, оның қайтарымына баса назар аударылады. Аграрлық саладағы проблемалар да ескеріледі. Осыған арнайы тоқталған өңір басшысы мүмкіндігінше күріш алқаптарын қысқартпауға тырысу қажеттігін атап өтті. Азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мәселесі де күн тәртібінен түспейді.
Өңірде болатын өзгерістер жайы әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына арналған кеңейтілген жиында да сөз болды. Орынбасарларының салалардағы негізгі басымдыққа ие бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар жайлы баяндамасынан кейін облыс әкімі өңірдің негізгі макроэкономикалық даму көрсеткіштерінің басым көпшілігі республикалық деңгейдегі орташа көрсеткіштен де төмен екенін ескертті және инвестицияларды тарту жұмысын тез арада күшейтуді тапсырды.
– Бізде әр саланың көрсеткішін былтырғы деңгеймен салыстырып, көңіл тоғайтатын бір әдет бар. Бұл өзімізді өзіміз алдау. Нәтижені өзге өңірлермен салыстыруымыз керек. Сонда ғана іс алға басады, – деді облыс басшысы.
Жиында өндірісті, шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту бағытында атқарылған жұмыстар талданды. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығындағы проблемалар мен жер дауы мәселесіне арнайы тоқталды. Шаруа қожалықтарына бөлінетін инвестициялық субсидияға сұғанақтардың қол сұққанын және бірнеше ауылда дүркін-дүркін көтеріліп тұрған жер дауларын бақылауға алуды тапсырды. Өңір басшысы облыс орталығындағы 575 көпқабатты үйдің басқарудың жаңа формасына өтуге дайындығы тиісті деңгейде жүргізілмегенін айтты. Оларды кондоминиум нысаны ретінде тіркеу жұмыстарын ширату қажет.
Кеңейтілген жиында білім, денсаулық, жұмыспен қамту салаларындағы өзекті мәселелер ашық талқыланды. Нұрлыбек Нәлібаев ана мен бала өлімін азайту, жаңа мектептер салу, нақты жұмыс орындарын құру бағытында кешенді талдау жүргізіп, ұсыныстар даярлауды қатаң тапсырды. Жиынға қатысушыларға мемлекеттік аппаратты оңтайлы және тиімді ету мақсатында бағыттас салаларды біріктіруге бел байлап отырғанын жеткізді. Аймақтағы 24 басқарманың 8-і қысқарып, облыс әкімдігінің құрылымында 16 басқарма қалатын болды.
Бұдан былай облыс әкімінің штаттағы және штаттан тыс кеңесшісі лауазымдары да болмайды. «Біздің кеңесшіміз – халық!», деді аймақ басшысы.
Қызылорда облысы