Әдебиет • 20 Сәуір, 2022

Өлең деп өткен ғұмыр

410 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мына жалғанда жүзбе-жүз кездес­пеген, тек өлеңі арқылы танысып, жаныма жақын болып кеткен Аман ақын Кәлетаевтың да өлеңге, өмірге ғашық жүрегінің тоқтағанына жыл толды.

Өлең деп өткен ғұмыр

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Дүниеде ондай жыр жүйрігінің бар екенін осыдан ширек ғасыр бұрын Ұлықбек бауырымның талдап жазған тамаша мақаласынан оқып білген едім. Содан бері Аман Кәлетаев ақынның өлеңдерінен көз жазған емеспін. Естуімше, бізден төрт-бес жас қана үлкен ағамыздың өмірі өзінің туған өңірі – Зайсан, Тарбағатайда, ел ішінде өткен көрінеді. Мамандығы – қаржыгер. Әртүрлі басшылық қызмет­терде болған. Біздер сияқты сөз өнерін кәсіп қылып, өлеңнің отын жағып, күлі­мен шықпаған. Ауылда бала-шағасын баға жүріп, алыс-жақын ағайынға қамқор бола жүріп, қара өлеңнің сүйегіне біткен асыл қасиетін қастер тұтып, жүрегінің түбінен тұнық жырлар төгіп, өмірін өлеңге айналдырған, соңына өлмес, өшпес мұра қалдырған қарымды да қа­жырлы қаламгер. Қарымдылығы – қалам қуатының күштілігінде, өлеңдеріндегі ой тереңдігінде, ақындық шеберлігінде. Қажырлылығы – ғұмырының соңғы жиыр­ма жылында төсек тартып қалса да тағдырға бас имеген қайсарлығында, қаламына сүйеніп, өлеңмен тыныстап, жан азабын жеңе білген қайраттылығында.

«Қыран көңілім қашанда шыңға ғашық,

Көргенім жоқ қайғы мен

мұңға жасып.

Кетем самғап қолтықтан демесе өлең,

Ақ көрпесін аспанның бұлғап ашып».

Тас бұлақтың суындай еркін төгіліп түскен осы бір шумақтан-ақ ақынның біз айтып отырған ішкі жан дүниесі, ақындық болмысы, өмірінің шуақты күңгейі мен азапты теріскейі айнадан көрінгендей айқын көрінеді. Аман ақынның шабыт құсы кез келген өлеңінде бірден биікке қанат қағады, төмендеп, көлбеңдеп ұшу оған жат. Ол туралы Ұлықбек Есдәу­леттен – жас талант Арман Шери­затқа дейін бірқанша қаламгер пікір білдіріпті. Солардың барлығын салыстыра, саралай оқып отырып, Аман Кәлетаев жырларының өзінің туған жері Тарбағатайдай ерекше көркем табиғатына тәнті боласың. Тұнық жырлардан сусын қандырасың. Жаны нәзік, көңілі дархан, қарапайым да қағылез ақынның табиғаттың өзіндей таза туындыларының тереңіне бойлаған сайын оның шынайы ақындық әлеміне таңырқай түсесің. Аман Кәлетаев жырлары қарапайым да көркем. Көркемдіктің өзі қарапайымдылықта. Аман ақын алыстан тақырып іздемейді, өз елін, өз ортасын, өзінің көңіл-күйін жырлайды. Сылдырап аққан бұлақтай, сырғып жатқан сағымдай өмір сырларын өлеңге әдемі түсіреді. Жасандылық, жалған сөйлеу жоқ. Құдайдың берген киелі дарынын төгіп-шашпай күмбірлі көкірегінде сақтай білгендігі оқырманын терең ойға батырады.

«Құласам да, араша сұрасам да,

Тік көтеріп өтемін ар байрағын!» – дейді бір өлеңінде. Ақындық асыл мұрат деген осы. Өмірде азап тартса да арына дақ түсірмеген Аман ағадай ақында арман жоқ.

«Өзгелерге қызығумен қараймын,

Маған да бір нұрыңды төк, арай күн.

Елім менің шаңырағын көтерді –

Мен өзімді бақытты деп санаймын!».

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асты. Ақындардың көбі тәуелсіздікті қуана жырлады. Аман аға да жырлады. Бірақ өзінше жырлады. Әдемі жырлады. Сол үшін де өзін бақытты санап мынау пәни жалғаннан армансыз өтті.

«Көктегі айға қол созумен келемін,

Мені жолға тастамашы, өлеңім.

Тіршілікте жиған-терген барымды,

Сенің өмір сүруіңе беремін», –

деп өзінің өлеңдегі екінші өміріне үлкен үміт артады. Осы орайда Қасым Аманжоловтың:

«Дүниеге келер әлі талай Қасым,

Олар да бұл Қасымды бір байқасын.

Дауылдай өртке тиген өлеңімді,

Қасымның өзі емес деп кім айта

алсын?!» –

деген өлеңі ойға оралады.

Аман ақынның өзіне деген, артында қалған асыл сөзіне деген нық сенімі Қасым ағасымен үндесіп жатыр. Міне, нағыз ақындар осылай сілтейді, осылай сөйлейді. Сүбелі сөз, сүйекті ойлардан бас құраған Аман аға жырлары да өз оқыр­мандарының жүрегінің төрінен орын алғалы қашан. Абай атамның «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деген сөзі осы арада еске тағы түседі. Шынында да артында асыл сөз мұрасы қалған ақындар өлмек емес.

«Толғанып, қамығам,

Жадырап жазылам.

Жиғаным-тергенім:

Өлеңім – қазынам»,

депті өзі де Аман ағай. Артында қалған мол қазынасы бар Аман Кәлетаев ақын­ның жырлары да ел-жұртымен бірге жасай бермек.  Оған кәміл сенемін!

 

Несіпбек АЙТҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты