Білім • 21 Сәуір, 2022

Еуроодақтың проблемасын елордалық студенттер талқылады

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордалық ЖОО студенттері Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің бастамасымен өткізілген іскерлік ойынға қатысты. Студенттердің әрқайсысы белгілі бір экологиялық проблема бойынша түрлі мемлекеттің ұстанымын көрсетті.

Еуроодақтың проблемасын елордалық студенттер талқылады

Студенттер 27 елдің экологиялық проб­ле­маларды шешудегі шешімдері туралы баян­дады. Әркім өзіне белгіленген мемле­кет­тің ұстанымын жақсы жағынан көрсетіп, тиімділігін дәлелдеуге тырысты. Айталық, М.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ студенті Қазына Мүсіркеп Дания мемлекетінің қоршаған ортаны қорғау министрі рөлінде, CO2 шыға­рындыларын азайту үшін көбірек эколо­г­иялық құрылысты қосу туралы бас­тама көтер­ді. Қатысушының ойынша, бұл экоүй­лер­де жаңартылатын энергия көздері пайдаланылады және болашақта табиғатты ғана емес, ақшаны да үнемдейді. Іскерлік ойынға қатысқан 27 студент климаттың өзгеруі, жаңа технологиялардың артықшылықтары мен кемшіліктері, «жасыл» қаржыландыру», инновациялар, сондай-ақ жоғарыда аталғандардың бәрін пайдаланудың салдары сияқты факторлар төңірегінде өздерінің шешімдерін және дәлелдерін ұсынды.

Іс-шарада сөз алған Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Кес­ту­тис Янкаускас:

– Біз «Еуропалық одақтың ұстанымы» деген сөзді жиі естиміз. Бүгін біз бұл ұста­ным­ның қалай әзірленетінін көрсеткіміз келді. Әрбір министр кеңес шеңберінде өз мемлекетінің мүдделерін қорғайды және бұл мүдделердің қарарда қаншалықты ес­керілетіні соған ғана байланысты болады. Бұл – үлкен жауапкершілік. Біз экология тақырыбын таң­да­дық. Себебі бұл тек Еуропалық одақ елдері үшін ғана емес, Қазақстан және Орталық Азияның басқа елдері үшін де маңызды. Өйткені климаттың өзгеруі барлығымызға қа­тыс­ты. Біз үшін маңызды, ал студенттер үшін, болашақ ұрпақ үшін одан да маңызды, – деді.

Өткізілген пікірталастың қорытындысы бойынша қатысушылар ойын барысында айтылған барлық идея мен ұсынысты қамтитын қарар қабылдады.